• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әскер 06 Мамыр, 2023

Отанның нағыз қорғаны

376 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы 5517 әскери бөлім Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулы­сымен 1995 жылы құрылған. Отыз жылға таяу уақыт қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосып келе жатқан бөлімнің тыныс-тіршілігімен кәсіби мейрам тұсын­да арнайы танысып қайттық.

– Біздің әскери бөлімнің тарихы ел тәуелсіздігінің нығаюымен тығыз байланысты. Отанымыз егемендігін жариялаған соң елде тұрақтылықты сақтау – басты міндеттің бірі еді. 1995 жылы 20 ақпанда Орал қаласында бұрынғы 5515 әскери бөлімінің батальоны базасында қоғамдық тәртіпті сақтау және 16-түзету мекемесін күзету міндеттерін орындау үшін 5517 әскери бөлімі құрылды, – дейді осы бөлімнің жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, штаб бастығы Медет Мұхтаров.

Біз барған кезде әскери бөлімде «ашық есік күні» болып, қаладағы мектеп оқу­шылары мен оқу орындарының студенттері де келген екен. «Отан қорғаушылар күні қарсаңында осындай іс-шара ұйымдас­тырдық. Үш күн ішінде бізге 900-ге жуық адам келіп, жауынгерлердің күнделікті өмірімен танысады, әскери техникаларды көреді. Мақсатымыз – Отан қорғау ісіне жас буынды қызықтыру, патриоттық тәрбие беру», дейді бөлімнің баспасөз хатшысы, капитан Ертуған Әубәкір.

Оралдағы әскери бөлімде Қазақстан­ның барлық өңірінен келген сарбаздар қызмет етеді. Әсіресе оңтүстік өңірден жігіттер көп келеді. Дегенмен соңғы кезде ата-аналар өз ұлдарының әскери борышын туған жеріне жақын бөлімде өтеуін талап ететін болған. Соған орай Оралда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыс­тарынан келген сарбаздар да көбейген екен.

– Әскерге жаңадан келген жас сарбаз бір жарым ай оқу пунктінде болады. Осы жерде әскери тәртіпті, сапта жүруді, қару қолдануды үйренеді. Сосын барып әскери ант қабылдайды. Дайындық кезінде бірден болашақ мамандығына қарай білім алады. Яғни байланысшылар бөлек, жүргізушілер бөлек, түзеу мекемесін күзететіндер бөлек, көше тәртібін қадағалайтындар бөлек дайын­далады. Сарбаздарды әр салаға бөл­генде де барлық параметрін қараймыз, отба­сылық жағдайын ескереміз. Әскери қыз­мет­шілерге анализ жасап отырамыз, – дейді штаб бастығы.

Ұлттық ұлан негізінен ішкі тәртіпті қадағалайды. Соның ішінде жедел мақ­сат­тағы батальон жауынгерлері көше тәртібін тексеріп, күні-түні кесте бойын­­ша рейд жүргізеді. Осы қызметте жү­ріп көзге түскен, алғыс алған сарбаздар да аз емес. Әсіресе Орал қаласының кө­ше­­лерінде түрлі оқиға болып жатады.

– Өткен жолы 2-жедел мақсаттағы рота командирі, капитан Исатай Нұр­сейітов бастаған әскери жасақ қатарында рейдке шықтым. Әскери жасақ өздеріне берілген аймақты толық тексеріп, кезек­шіге аймақтағы жағдайды рация арқылы баяндап отырды. Шамамен кешкі сағат 18.00 кезінде рацияға Орал шаhарының алтыншы шағын ауданында бір адам ұялы телефонын жоғалтып алғаны жөнінде хабар келіп түсті. Хабарды естіген ұландықтар жедел іздестіруге көшті. Арада 20 минут өткенде әскери жасақ құрамындағы қатардағы жауын­гер Рауан Бақытжан жол жиегінен «Samsung А30» маркалы телефонды тауып алды. Көп кешікпей телефон иесіне қайтарылды, – дейді осы оқиғаға тікелей куә болған капитан Ертуған Әубәкір.

Әскерилердің айтуынша, мұндай оқиға қала көшелерінде жиі болады екен. Жоғалған балаларды іздеу, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек ісінде де сарбаздар сенімді қолғанат. Биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысының біраз аумағында су тасқыны қаупі күшті болды. Сол бір қысылтаяң күндері де 5517 әскери бөлімінің жауынгерлері қиын учаскелерде уақытпен санаспай жүріп, халықты апаттан құтқарды.

Жыл басынан бері өткен үш ай ішінде 5517 әскери бөлімінің жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірлесе жүріп түрлі құқық бұзғаны 150-дей азаматты ішкі істер органдарына жеткізген екен. Осылардың 22-сі қылмысқа қатысты күдікті болса, 128-і әкімшілік құқық бұзғандар болып шығыпты.

Капитан Медет Мұхтаровтың өзі әскери білімді Қызылжар қаласында алған. 4 жыл оқудан соң 3 жыл Өскемен қаласында әскери борышын өтеген. 2018 жылы отбасылық жағдайымен Орал қаласына ауысып келген. Міне, содан бері 5517 әскери бөлімінде ең төменгі лауазымдардан бастап жоғары өрлеп келеді.

– Бұрынғы балалар, әскерге шақы­рыл­ғандар ең құрығанда турникке жақсы тартылатын еді. Қазіргі жастар телефонға тым байланып қалған. Фи­зикалық дайындығы өте нашар. Бірақ біз бір жыл ішінде болбырдан ширақ, шаладан нағыз жауынгер тәрбиелеп шығамыз, – дейді штаб бастығы.

Рас, әскери өмір жасөспірім жігітті қиын­дықтан қайыспауға, Отан қорғауға үйретеді. Әскер – арық адам толысып, то­лық адам сымдай тартылып қайтатын жер.

– Осы жерде қиындық көріп, шың­далған әр сарбаз үйіне қайтып бара жатып командирлеріне рахметін айтып кетеді. Әскерге салмағы 100-110 келі болып келіп, 30 кг тастап, кете­рінде сымдай тартылған сымбат тауып қайтқан жігіттер бар. Сарбаздар арасында болашақ өмірін әскери қызметке бағыштағандары да аз емес. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға да бұрынғы сарбаздарымыз пікір жазып, алғыс білдіріп жатады. «Кезінде әскердің қадірін түсінбеппіз. Көп нәрсені сол жерден үйрендік» дегендей шынайы пікірлерді оқығанда, еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз, – дейді жедел мақсаттағы батальон командирі.

Әскери бөлім орналасқан қалашық облыс орталығында бір квартал аумақты алып жатыр. Мұндағы тазалық, тәртіп ерекше. Бөлім құрамында бірнеше батальон, жедел мақсаттағы роталар, қамтамасыз ету ротасы, автомобилистер взводы – бәрі бірін-бірі толықтырып, бір мақсатқа жұмыла қызмет етеді. Әрине, жаманаттан Құдай сақтасын, бірақ түрлі жағдайға да дайындық күшті. Биыл 5517 әскери бөлімі 4 жылда бір келетін қо­ры­тынды тексеріске әзірлік үстінде екен.

Әңгіме арасында әскердегі әлім­жеттік, тәртіп мәселесін де сөз еттік. Бір тәуірі, мұнда сарбаздардың ата-ана­лары, отбасыларымен тығыз байла­ныс орнатылған екен. Бөлімдегі ішкі ынтымақ, сабақтастық жақсы қалып­тасқан.

– Мен Алматы қаласында туып-өстім, жасым 22-де. Оңтүстік астанадағы №82 мектепті тәмамдап, Алматы техно­логиялық институтында мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң бірден әскери комис­сариатқа барып, өз еркіммен әскерге сұрандым, – дейді қатардағы жауынгер Ислам Ебілдаев.

Ислам Оралдағы әскери бөлімге 2022 жылы 21 мауымда түсіпті. Елге қайтуына екі айы қалған. «Бұрын Алма­тыдан басқа еш жерге шығып көрмеген едім. Әскери комиссариатта «Шымкент пен Оралға жасақтап жатырмыз» деді. Оралға сұрандым. Оралдың ауасы таза, маған ұнады. Осы жерден ең жақын дос­тар таптым», дейді Ислам.

Айтпақшы, Ислам Ебілдаев – соң­ғы оқу жаттығу жиынында нысана көздеу­ден полк бойынша үздік шыққан жауынгер. Ол Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, командирлерінің талай марапатына ие болған. Осындай сарбаздар – Отанның нағыз қорғаны.

...Әскери қалашықтан шыққаны­мыз­да, «ашық есік» іс-шарасына қаты­сып, мұндағы өмірді өз көзімен көрген жас жеткіншектер де бұл жерден алған әсерін бір-біріне айтып жеткізе алмай, дабырласып барады екен. Олардың арасынан болашақта Отан қорғайтын ұландар аз болмайтынына сендік.

 

Батыс Қазақстан облысы