Қостанайдағы Жеңіс саябағында ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жергілікті әскери-спорт клубтарының курсанттары, сондай-ақ «Жас шекарашы» және «Жас сарбаз» үйірмелерінің кадеттері қатысқан салтанатты шеру өтті.
Шеруге қатысушылар соғыстан қайтпаған майдангерлер мемориалына гүл шоқтарын қойып, шекара ардагері Андрей Шаров пен ұлттық қауіпсіздік ардагері Павел Доценконың естеліктерін тыңдады. Жалпықалалық іс-шара кітапханашы Рәзия Тасмағанбетованың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
– Қалалық кітапхананың жанынан «Мұра» азаматтық-патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубтың басты мақсаты – жастарға бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат құндылық екенін түсіндіріп, насихаттау. Мұндай іс-шараны осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Алғаш өзіміздің және курсанттардың күшімен ұйымдастырдық. Бүгінгі іс-шараға шекарашылар мен әскери қызметшілер келіп қосылды, – дейді кітапханашы.
Жиын барысында «Барлаушы» әскери-патриоттық клубының мүшелері жалаңаш қолмен шеге қағу, сынған шынының үстімен жалаңаяқ жүгіріп өту, әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдану сияқты шеберліктерін көрсетті.
– Мұндай іс-шаралардың тағылымы мол. Отанымызға қашанда тыныштық, жастарға бейбіт ғұмыр тілеймін. Жас ұрпақ жан-жақты оқып, терең білім алып, ел игілігіне еңбек етуге тиіс. Еліміздің Қарулы Күштерінің айбыны асқақтап, абыройы арта берсін! – деді шекара ардагері Андрей Шаров.
Қостанай облысы