• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Мереке 06 Мамыр, 2023

Қазақ әскері және қазіргі әлем

859 рет
көрсетілді

«Ер – елдің ық жағындағы қаласы, жел жағындағы панасы». Атам қазақ бұл нақылды қай заманда айтса да, қалт айтпағанына көз жеткізіп келеміз. Мемлекетаралық шиеленістер барған сайын күрделеніп, әлемнің әр бұрышында соғыс өрті тұтанып жатыр. Бұл бізден бүгінгі геосаяси ахуалға жіті көз салып, кез келген қатерге дайын болу керектігін талап етеді. «Іргесі берік елді жау алмайтынын, ауызы бір елді дау алмайтынын» тағы бір еске салады.

Шын мәнінде бұл заман білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыт келгендігін көрсетіп отыр. Білек деп отырғанымыз – елдің қарулы күштері. Әскерің сақадай сай тұрмаса, әркімге жем боласың. Қылышың қайраулы болмаса, қолың байлаулы. Осыны түсінген әлем елдері бүгінде жаппай қарулануға көшкен. Қару-жарақтың құлақ естіп, көз көрмеген небір түрі жасалып, дүниенің әр жерінде тұтанған соғыс алаңдарында сынақтан өтіп жатыр.

Ал біздің жар астындағы жауға төтеп берер қауқарымыз қандай? Әскеріміз әлеуетті ме? Ата-бабамыз ескертіп кеткен айбалтамыз қайраулы ма? Бүгінгі мақаламызда қазақ әскерінің бүгінгі жай-күйі, қару-жарақпен қамтылу жағдайы және отандық әскери-өндірістік кешеннің дамуына бір шолу жасауды жөн көрдік.

Қазіргі таңда Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ел әскерін реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Әскер құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техника­мен жарақтандыру, цифрландыру үрді­с­ін одан әрі жалғастыру, әскери инфра­құрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі ахуал бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше жедел әрі сапалы атқаруды талап етіп тұр.

Халықаралық стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық. Осы тұрғыда ел әскерін сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби ше­бер­лігі мен білім-біліктілігін арттырып, қарулы күштерімізді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техника­мен жабдықтау жұмыстары тұрақты негіз­де жүргізіліп келеді. Бұл – Қор­ғаныс министрлігі алдында тұрған басым міндеттердің бірі.

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Ка­малетдиновтің айтуынша, қорғаныс саласына елдің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызы көлемінде қаражат бөлінеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл – елдің Қарулы Күштерін ұстау үшін жеткілікті көрсеткіш. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз Қарулы Күш­тері Түркістан әскери округі база­сында құрылғаны белгілі және алғаш­қы уақытта негізінен кеңестік қару-жарақпен қамтылған еді. Сұл­тан Бүркітбайұлының айтуын­ша, қазіргі уақытта қару-жарақ пен техни­ка­ларымыздың 70 пайызы тәуелсіздік жылдары өндірілген және сатып алынған жаңа үлгілермен жаб­дық­тал­ған. Оның ішінде өз елімізде шыға­рылған өнімдер де бар.

«Соңғы үлгідегі заманауи техни­каларға келер болсақ, еліміздің Құр­лық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қару­дың, байланыс, барлау және автомат­тандырылған басқару жүйелерінің соңғы шыққан үлгілерімен толық жаб­дықталды. Оның ішінде қазіргі заманғы электронды барлау және ату жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен броньды транспортерлер, зымыран-артиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, хи­миялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техника бар»,  дейді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі негізінен ресейлік өнімдерді пайдаланады. Оның құрамында қазіргі заманғы жойғыш ұшақтар, әскери-көлік ұшақтары, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтар бар. Атап айтқанда, 4++ буынына жататын «Су-30СМ» заманауи жауынгерлік ұшақтарын айтса болады. Одан бөлек, «Су-27» және «Су-25» ұшақтары күрделі жаңартудан өткен.

Сонымен қатар авиациялық паркке соңғы уақытта өз класында үздік саналатын «С-295» әскери-көлік ұшақтары, «Zlin» оқу-жаттығу ұшақтары, «ЕС-145», «Ми-171Ш» көліктік-жауынгерлік тікұшақтары, «Ми-35М» көп мақсатты соққы беруші тікұшақтары алынған. Генерал-лейтенат Сұлтан Камалетдинов Қорғаныс министрлігі тарапынан жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қару­лы Күштердің қажеттілігі үшін алыс қашықтыққа тасымалдайтын, сондай-ақ арнайы операциялар мен өзге де жалпы мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін орта және үлкен жүктерді көтеретін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарланып отырғанын айтты.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымыран кешендерімен және радиолокациялық стансалармен қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміз­дің әуе шебін «С-300ПС», «С-200», «С-125» сенімді зениттік-зымыран кешен­дері, сондай-ақ отандық «Нұр» ра­диотехникалық кешендері күзетіп тұр.

Әскери-теңіз күштеріне келер бол­сақ, бұл саладағы қару-жарақ техникаларымыз Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы 7 ма­мырда отандық «Қазақстан» зымы­ран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режімде өздері­нің атыс мүмкіндіктерін көрсеткені көпшіліктің есінде.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені­мен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабыл­дап жатыр. Бүгінде отандық кәсіп­орындарда өндірілген «Арлан» брон­далған дөңгелекті машиналары, зымы­ран-артиллериялық кемелері, «Нұр» радиолокациялық стансалары жауын­герлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі бай­ланыс құралдарымен, оптикалық көз­деуіштермен, автокөлік техникаларымен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отандық қорға­ныс өнеркә­сібі кешеніне қарасты кәсіп­орындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі бар.

Мамандардың айтуынша, «Нұр» радиолокациялық стансасы – қор­ғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің жаңа даму деңгейіне шыққанын көрсетеді. Қазақ-француз тараптары бірлесіп жасаған бұл құрылғы заманауи элементтік базада жобаланған және радиоэлектрондық әсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін отандық «Гранит-Талес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жылдан бастап еліміз әскерінде қолданылып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандары оның тиімділігіне оң бағасын беріп отыр.

Десанттық-шабуылдау әскерлері­нің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Биыл Қарулы күштердің элиталық құрылымы дербес әскер ретінде танылды. Ол Жоғары Бас қолбасшының резерві саналады. Сонымен қатар Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар жасау күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оған қор­ғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі тапсырмаларды орындау, терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген.

Қазіргі таңда әлем елдері қару-жарақ­тың шығыны аз, мүмкіндігі көп за­манауи түрлерін дамытуға басымдық беріп жатыр. Мәселен, солардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары. Бүгінде Ресей-Украина қақтығысында Түркияның «Bayraktar», Иранның «Shahed» секілді аппараттары тиімділігін көрсетті. Ал біздің елімізде бұл бағытта өндіріс қолға алынды ма?

Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университеті мамандары құ­растырған «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты сынақтан өтіп жатқаны туралы хабарды естігеніміз бар. Бірақ ол – тек барлау жұмыстарына арналған құрал. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы перспективалық ба­ғытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту депар­таменті құрылған. Яғни сең қозғалды, бастама қолға алынды. Алдағы уа­қытта біздің ғалымдарымыз да көш­тен қалмай, заманауи шабуылдаушы аппараттардың отандық үлгісін жасайды деген үміттеміз.

Бүгінде еліміздің әскері қорғаныс пен шабуыл жасаудың классикалық үлгілерінен гөрі, қазіргі қарулы қақты­ғыстар тәжірибесі көрсеткендей, за­манға сай ұрыс дағдыларын игеруге көшкен. Мәселен, қалалық және таулы жерлерде ұтқыр қимылдайтын, тех­никалық жағынан жақсы жарақ­талған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы ұрыс салатын әдіс-тәсілдерді игеру үстінде. «Бұл әскеріміздің мүмкіндігі мен тиімділігін арттырады», дейді мамандар. Осы сынды мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытын­да жүргізілген іс-шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және уақыт қатерлеріне қарсы дайындығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Сөз басында айтылғандай, бүгінгі гео­саяси ахуал бізден бес қаруы­мыз­ды сай ұстауды талап етіп отыр. «Жа­ман айтпай, жақсы жоқ», жау жаға­дан, бөрі етектен алатын заман кез болса, Отанымызды, жерімізді, азат­ты­ғымызды сақтау үшін қорғаныс қабі­ле­тімізді арттыра беруге тиіспіз. Әске­ри күштерімізді ең озық үлгідегі қару-жарақпен жабдықтап, айбынын асқақтату – уақыттың басты талабы.