Кез келген қаланың имиджі – архитектуралық және мәдени құндылықтардан бөлек, адамдардың бейбіт өмірі мен тұрғындардың қауіпсіздік жайы, тыныш тұрмысы болып табылады. Бұл орайда Мемлекет басшысы «Қазақстан 2050 – бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында құқық қорғау жүйесіне ерекше міндет артты. Өйткені, еліміздің әлемнің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін ең басты мақсаты да әділеттілік пен заң үстемдігін және жоғарғы құқықтық мәдениетті қалыптастыра алуы дейміз.
Міне, осы орайда Астана қалалық ішкі істер департаменті алға қойылған мақсаттардың орындалуы жолында зор жауапкершілікті сезініп, басымды міндеттерді жүзеге асыру үстінде. Әсіресе, күзет тәртібінің күшеюіне, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына және елордамыздағы құқық бұзушылыққа қарсы әрекеттерге баса назар аударылады. Өйткені, елордада бәрінен бұрын ондағы тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіз де, жайлы өмірі маңызды орын алады.
Қылмыстарды ашудағы жеделділік – полицейлердің кәсіби деңгейінің жоғарғы көрсеткіші. Ал астаналық полиция ең ауыр қылмыстарды аша отырып, кәсіби деңгейлерін сан мәрте дәлелдеді. Белгіленген шаралардың нәтижесінде елордамыздағы криминалды жағдайлар қаупі барынша бәсеңдеді. Ағымдағы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде қаладағы қылмыстық деңгейдің төмендеуіне қол жеткіздік, аса ауыр 24 пайызға төмендесе, оның ішінде тонау, бұзақылық, т.б. қылмыс түрлері бар.
Бүгінде Астана аса қарқынды даму үстінде, оның келбеті күн өткен сайын тамсандырып, таңдай қақтырар шаһарға айналуда. Соған қоса, жасыратыны жоқ, қауіпсіздік қызметі де әрдайым жаңа амал-тәсілдерді, заманауи жобаларды қажет етуде. Мәселен, осындай жобалардың ең көлемдісі, 2015 жылға дейін 30 мың бейнекамералар қондырылмақ. Бұл камералардың барлығы ІІД жедел басқару орталығына қосылып, құтқару, жедел жәрдем, төтенше жағдай кездерінде жұмысты барынша жеңілдетуге септігін тигізеді.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің тапсырмасы бойынша «Қауіпсіздік шеңбері» жобасы аясындағы жұмыстар аяқталуда, бұл жұмыстардың қатарына елордамыздағы жаңадан тұрғызылған аудандарды бейнекамералармен қамтып, 102 қоңырау шалу арнасына шығатын дабыл қондырғысымен жабдықтау жоспарлануда. Қазіргі таңда Астана қаласында 700-ге жуық стационарлық бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бұлардың көмегімен 160-тан астам қылмыс ашылып, 18 мыңға жуық әкімшілік-құқықбұзушылық және 8 мыңдай жол жүру ережесін бұзу анықталды.
Ішкі істер департаментінің басты міндетінің бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Соның ішінде, жастар арасындағы қылмыстардың алдын алуға аса мән беріледі. Қалалық жоғары оқу орындарының басым бөлігінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмекші ретінде жастар жасақтары құрылған. Олардың арнайы киім үлгісі мен куәліктері бар. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жетекшілері және студенттерімен кездесулер ұйымдастырылды. Студенттік тәртіп сақтау мүшелеріне арнайы униформалар тігілді.
Кәмелетке толмағандар үшін қосымша арнайы тренингтер мен дәрістер өткізетін «Жас арлан мектебі» жобасының жүзеге асырылуы жалғасын табуда. Жоба, ең алдымен, жасөспірімдерді құқықтық білімге, патриоттық және рухани тәрбиеге насихаттауға бағытталып, негізгі дайындықты қамтамасыз етуге арналған.
2012 жылдан бастап ІІД жетекшілігімен елордалық полицейлер мен еуропалық полиция қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу жұмыстары іске асырылуда. Жыл сайынғы өткізілетін конференцияларда қалалық полиция органдарының негізгі проблемалық мәселелері талқыланады. Ағымдағы жылда 40 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олардың ішінде ұсақ құқық бұзушылық үшін 345 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 40 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Әлбетте, тек әкімшілік шаралармен шектелсек, құқық бұзушылықпен күрес айтарлықтай жетістікке жетпес еді, сондықтан қоғамдық ұйымдар мен еріктілерді, БАҚ-ты жұмыс барысына тартудамыз. Осы орайда елорда тұрғындары барынша түсіністік танытып, қолдау білдіруде.
Соңғы уақыттарда байқағанымыздай, халықтың қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарға деген көзқарастары өзгерген. Азаматтардан электронды портал және Интернет сайттары арқылы күнделікті құқық бұзушылық жайындағы келіп түскен хабарлар дер кезінде қаралып, тиісті шаралар қолданамыз.
Жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету де маңызды орынға ие. Бас қаламыздағы жол қауіпсіздігі толықтай бақылауда деуге болады. Жылдың басынан бері жүз мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелген, 800-ге жуық жүргізушілер мас күйінде ұсталған. Жолда жүру ережесін бұзғандарға 700 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.
Жол-көлік оқиғаларын жақсарту мақсатында елорда әкімшілігінің бастамасымен интеллектуалды транспорттық жүйе жұмыстарының бірінші сатысы жүзеге асырылуда. ITC аясында Сарыарқа және Тұран даңғылдарында қазірдің өзінде 14 «ақылды» бағдаршам орнатылды. Тағы 42-сі сол жағалаудың алты көшесінде салынбақ. Бұл бағдаршамдар автоматты режімде жұмыс жасап, көлікке өздері бағдар беріп отырады.
Сонымен қоса, арнайы автотранспорттарды (өрт сөндіруші, жедел жәрдем) жүргізуге арналған жоба қарастырылуда. Ол «GPS»- жүйесінің көмегімен төтенше жағдай көліктерінің жеделділігін елу, жетпіс пайызға дейін арттырады.
Елбасымыз 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Жолдауында атап өткендей, «Құқық қорғау салаларының қызметкерлері мінсіз тәртіп пен жоғарғы кәсібилігімен ерекшеленулері тиіс». ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу барысында қауіпсіздікпен қамту шараларында да бізге жауапты міндеттер жүктелмек. Күзет тәртібінің жоғарғы деңгейде болуын қамтамасыз ететін және объектілердің антитеррорлық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы арнайы шаралар жиынтығы қабылданды.
Халық пен полицияның ынтымақтаса тығыз жұмыс істеуі мақсатында «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарында полиция бөлімшелері ашылды. Қорытындылай келе тілге тиек етеріміз, халықтың полиция қызметіне деген сенімінің деңгейі анықталды. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Астана тұрғындарының 75 пайыздан астамы полиция қызметкерлерінің еңбектеріне деген сенімін ашық білдірген. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Демек, алға қойылған міндет орындалуда деген сөз.
Амантай Әубәкіров,
Астана қаласы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.