• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Мамыр, 2023

Малсақ қауымға неге шыр бітпейді?

266 рет
көрсетілді

Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ қауым оның басын көбейтуге бейіл. Түптеп келгенде, қара қазанын майлап, ырысын көбейтетін де осы тірлігі. Әйтсе, де, шабындық пен жайылымның тарлығы алға басқан қадамын кері кетіріп-ақ тұр.

Кен ауылы – етек-жеңі кең пішілген елді мекен. Бүгінгі күні 200-ден астам отбасы тұра­ды. Әйтсе де, шалғайдағы ауыл­дың бағып отырғаны – небәрі елуге жетер-жетпес қара мал. Қам­бар ата тұқымы да көп емес, жүз басқа жетеғабыл. Ауыл тұр­ғын­дары өз төлі есебінен мал басын көбейткісі келгенімен, мүм­кіндік жоқ. Ол – жоғарыда айт­қаны­мыздай жайылымның тарлығы, шүйгін шабындықтың жоқтығы.

Әуел баста ауылдық кеңес әкімдері, жерге қатысты мәсе­лені шешетін аудандық мекемелер серіктестіктерге егіндік алқаптарды берген кезінде елдің жайын ойлап қоғамдық мал жа­йылатын алқаптарды бос тастауы керек еді. Табалдырыққа дейін жыртып, жан-жағын қусы­рып тастағаннан кейін қазір аз ғана малдың өзін бағу қиынға айналған. Малдың тісіне ілігер шөбі бар тоқымдай жайылым ауылдан тоғыз шақырым жерде. Осыншама қашықтыққа қыруар малды топтап айдап апаруға тура келеді. Айдың-күннің аманында жортуылға түскен малға қоң біте ме, оның үстіне малшы табудың өзі кәдімгідей қаны шығып тұрған мәселеге айналған. Олар да айнала егін болған соң мал бағуды қиынсынады. Әйтпесе, бақташы жалдаудың бағасы да арзан емес. Мәселен, жылқының бір басы айына – 4000, сиыр 5000 теңгеге бағылады. Соның өзінде 200 отбасы тұратын үлкен ауылдан қолына құрық іліп шығатын бақташы таппайсыз. Осыншама бейнетпен өсірген малдың игілігін көру де оңай-оспақ шаруа емес. Ауыл тұрғындарынан мал өнімдерін жинау мәселесі ақсап тұр. Егер сүт молайған жаз айларында мал иелері азын-аулақ сүттерін өткізіп, апта аралатып, ай аралатып қолма-қол ақшасын алып тұрса, қыруар еңбек толайым өтелмегенімен, таңдайлары аққа тиер еді. Бірақ бұл төңіректе сиыр сүтін сатып алып өңдеуден аспандағы ай жақын.

Жазда көрген қиындық осы болғанда, қысқы бейнет бұдан да ауыр. Әуелі солтүстіктің қысы алты-жеті айға созылатындығын тағы бір еске сала кетейік. Шабын­дық жер болмағандықтан, ма­л­сақ қауым сонау Торғай дала­сынан мал азығын әкеліп сататындарға жалынышты. 350 килолық, сапасы күмәнді шөптің бір бумасы 10 мың теңге төңірегінде. Құра­ма жем қасқалдақтың қанын­дай таптыр­майды. Бәрін қоса есептегенде, оған өз еңбегің­ді үстемелесең мал азы­ғына жұмсалған қаражат қара мал­дың өз құнына жетеғабыл. Мі­не, сондықтан да ауыл тұрғын­дары мал ұстауға ұмтыла бермейді. Ал онсыз ауылдағы ағайынның тұр­мысын қалай жақсартуға болады?

Ендігі бір мәселе – ел іргесін баса өтетін теміржол. Әрине, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуға тиісті. Дәл осы ауылда болмағанымен тілсіз малдың теміржолға шығып кетіп, сан мәрте оқыс оқиғаның орын алғандығын жалпақ жұрт жақсы біледі. Егер қараусыз мал жүрсе, учаскелік инспектор мал иелерін тәртіпке шақырып, қолданыстағы заңға сәйкес шара қолданады. Мал иелері қан­ша­ма шығынданып, оның үстіне айыппұл төлегеннен кейін бұл тараптағы кәсіпті амалсыздан тиімсіз санап отыр. Өзге өңірде жыл бойы далада жүретін жылқы жарықтық бұл ауылда қамап бағылады екен. Ал оған қаншама жемшөп қажет.

«Маусым айы туысымен ауыл төңірегі қу тақырға айналады, – дейді Кен ауылының тұрғыны Ерғазы Нұржанов. – Бар малды алақандай жерде иіріп баққан соң осылай болады да.

Біздің тараптан ендігі бір ұсыныс, ауылдың іргесіне дейін тақап егін егетін серіктестіктерге мойны қашық жерден егістік алқабы бөлініп, ретке келтірілсе дейсің. Сонда арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, тығырықтан шығуға болар еді. Оған қоса жердің игілігін көріп отырған серіктестіктер мен шаруа қожалықтары тозығы жеткен шабындық пен жайылымды бағ­зы қалпына келтіру үшін екпе шөп егіп, құнарын молайтса. Мі­не, осындай бірлескен шаруа жү­зеге асқан кезде дәл қазір мал ба­ға алмай, жүген ұстап қалған біз­дің өңірдегі жүздеген ауылдың жағ­дайы көп-көрім түзеліп қалар еді».

Әйтпесе ауылдың ажары келетін емес. Малсақ қауымға да шыр бітірмей отырған мәселе – осы төңіректе.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы