• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Марапат 09 Мамыр, 2023

Ерлік ешқашан ескірмейді

413 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғы­мен Екінші дүние­жүзі­лік соғыста көр­сеткен ерлігі, батылдығы, жан­­қиярлығы мен соғыстан ке­йін мемлекеттік және қо­ғам­дық қызметке белсенді қатыс­қаны үшін семейлік ардагер Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Мемлекеттік маңызы айрықша марапатты Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қарт майдангердің үйіне арнайы барып салтанатты түрде табыс етті. «Халық қаһар­маны» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені де зор құрметпен табыс­тал­ды. Сонымен қатар ардақты ардагерге мемлекеттік қолдау ретінде 1,5 миллион теңгенің сертификаты мен теледидар тарту етілді. Одан бөлек қарт майдангерге Президенттің атынан әскери оркестр құрмет көрсетіп, «Жеңіс күні» әнін шырқады.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы Ұзын­бұлақ ауылында дүние­ге кел­ген. Мектеп бітірген 1941 жы­лы Абыралы аудандық әскери коми­­тетіне әскер қатарына шақы­ры­лып, Отан қорғауға аттанады. Алай­да жиырмадағы жалындап тұрған жас әскери жаттығу алаңы­на емес, нағыз майданның ортасына түскен еді. Отты жылдар жайында қарт майдангердің өзі: «Семей қаласында генерал-майор Кирзимовтің басшылығымен 105-дивизия құрылды. Дивизия құ­рамында бірыңғай семейлік бала­лар болдық. Алдымен бізді Өс­кеменге, одан әрі Жамбылға, содан кейін Горький облысының Горо­хо­вец­кий лагеріне жіберді. Лагерьде арнайы жаттығудан өтіп, әрі қарай бірден майданға аттандық», деп еске алады.

Ол небәрі 17 жасында майдан­ға аттанып, Екінші дүниежүзі­л­ік соғысты түгел өткерген. Ардагер ауыр шайқастарға қатысып, төрт рет жара­ланған. Харьковты азат етуде, Сталинград түбіндегі шайқастарда ерен ерлік көрсеткен.

1941-1945 жылдың 9 мамыры аралығында Сталинград, І Украи­на, І Беларусь, ІІІ Балтық майдан­дарындағы шайқастарға қатысқан. 1946 жылдың маусым айында майданнан оралған соң, партияда және мемле­кеттік органдарда басшы­лық қыз­метте болған. Атап айтсақ, КОКП Семей облыстық комите­тінде, содан кейін Жаңасемей, Новопо­к­ров­ка аудандарының атқару ком­итетінде басшылық қызмет атқарған.

1977-1982 жылдары «Түрксіб» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шықты.

«Қызыл Жұлдыз» және І дәре­желі «Отан соғысы» ордендері­мен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кениг­сбергті алғаны үшін», «Гер­манияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин 102 жаста. Амандық болса, маусым айында 103 жасқа толатын қарт майдангер алты бала тәрбиелеп өсірген. Балаларынан 10 немере, 12 шөбере сүйіп отыр.