1941-1945 жылдар аралығында Ақжайық өңірінен 76 мың азамат майданға аттанса, олардың 36 мыңы сол қырғында қаза тапқан екен. Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкейордасы аудандарын шарпып өтті.
Сталинград шайқасы кезінде фашист ұшақтары қазақ жеріндегі Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын бірнеше мәрте бомбалап, бейбіт тұрғындар да қаза тапты.
– Біздің өңір соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Жеңіске зор үлес қосты. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті. Сол бір қиын кезеңде арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті жеңіс күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз! – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде.
Мерекелік жиын облыстың барлық аудан-ауылдарында өтті. Облыс орталығының өзінде екі апталық іс-шаралар тізбегі жоспарланып, кең көлемде атқарылды. Жиылған қауым Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Жеңіс күні Орал қаласында Мәншүк, Әлия және Хиуаз бейнеленген «Қазақ халқының даңқты қыздары» ескерткіші алаңына, Кеңес Одағының Батыры Темір Масин ескерткішіне және «Ол күндердің даңқы өшпейді» монументіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ соғыс кезінде Орал қаласында болған әскери госпиталда қайтыс болған жауынгерлер жерленген «Бауырластар зиратына» да тағзым жасалды.
Мерекелік іс-шаралар аясында атқарушы билік өкілдерінің тыл ардагерлерімен кездесуі, көзі тірі соғыс ардагерлерін өз үйіне барып салтанатты түрде құттықтау іс-шаралары өтті. Тасқала ауданында «Азалы ана» монументі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының ардагерлері арасында вокалды топтардың «Майдан әндері» атты облыстық ән байқауы өтті. Қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, ұзақ қашықтыққа жүгіру, аламан бәйге, тай жарысы, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар, жасөспірімдер арасында көгалдағы хоккей турнирі, каратэден (WKF) Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың еске алуға арналған «Aqjaiyq Open» халықаралық турнирі секілді көптеген спорттық сайыстар да ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 16 соғыс ардагері қалды. Олардың 13-і Орал қаласында тұрады.
Батыс Қазақстан облысы