АСТАНА. 12 шілде. Алматыда AllurAuto компаниясы тағы бір жол талғамайтын көліктің тұсауын ресми түрде кесті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Жанармай қозғалтқышының көлемі 2.3, қуаты 150 ат күшіне тең жаңа көліктің құны 23 700 АҚШ долларынан, 28 300 АҚШ доллары аралығында.
SsangYong Nomad деп аталатын автокөлік лицензиялы Мерседес-Бенс қозғалтқышымен, заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, биыл осы көліктің 2400 данасын жасап шығару көзделіп отыр. Бұл сан нарықтағы ахуал мен сұранысқа негізделген.
Андрей Лаврентьев: «Қазіргі таңда зауытта осы желі бойынша 600 маман жұмыс істейді. Ал 2017 жылға дейін қызметкерлер саны 2000 адамға дейін артады деп жоспарлануда», – деді.
SsangYong Nomad – елімізде ұсақ торапты тәсілмен әрі 30 пайыздық тұйықтау арқылы өндірілген алғашқы жоба.
Қостанай зауытының басқарма төрағасы Алексей Сидоренко: «2018 жылға қарай Кеден одағы шеңберінде бөлшек өндірісінің артуына байланысты тұйықтауды 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді.
AllurAuto компаниясы аталған көліктерді 2015 жылы Ресей, Әзербайжан, Беларусь елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
А.Лаврентьев: «Осыдан төрт жыл бұрын елімізде әлемдік брендтерді тартуға мүмкіндік беретін автокөлік индустриясының дамуына екінің бірі сене бермейтін. Бүгінде Қазақстанның жаңа индустриалды даму көшінің қарсаңында тұрғандығына өзіміз куә болып отырмыз. SsangYong Nomad – бұл тек алғашқы қадам. Алда бізді жарқын болашақ күтіп тұр», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: «ҚазАқпарат».