Елордада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында Сарыарқа ауданының 25 жылдығы қарсаңында «Ширек ғасырдағы сырлы Сарыарқа» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараға Сарыарқа ауданын қалыптастыруға, оның дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, депутаттар және ауданның белсенді тұрғындары қатысты.
– Бүгін – біз үшін ерекше күн, Сарыарқа ауданының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Елорданың тарихы Сарыарқадан бастау алды. Сарыарқа – өзіндік тарихи келбетін сақтай отырып, ескі мен жаңаны ұштастырған сәулетті аудан. Оның дамуына ауданның белсенді тұрғындары мен білікті кәсіби мамандардың үлесі зор. Тағылымды тарихы бар, ерекше ауданның әкімі болып қызмет ету – мен үшін айрықша абырой және үлкен жауапкершілік. Ауданның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосқан әрбір азаматқа алғыс білдіремін! Сүйікті Сарыарқамыздың мерейтойы құтты болсын! деді аудан әкімі Бауыржан Ералы.
Салтанатты шарада Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов сөз алды. Ол аудан жұртшылығына лебізін білдірді. Сондай-ақ жиында Сарыарқа ауданы туралы деректі фильм көрсетіліп, «Менің сүйікті ауданым» атты фотоконкурс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік концертке Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармония және Лұқпан Жолдасов, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов, Зарина Омарова, Фариза Жолдасова сияқты эстрада жұлдыздарымен қатар «Наз» би театры, «Айналайын», «Шалқыма» би ансамблі өнер көрсетіп, жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Қазақтың белгілі ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы:
– Бұл – «Боз жусаны омырау қаққан Сарыарқа, бозторғайы қоңыраулатқан Сарыарқа! Аңыз дала, абыз дала, қобыз дала Сарыарқа!» – деп өлеңдетіп бастады ақын, құттықтау сөзін. – Қазақ үшін бұл Сарыарқадан асқан, Сарыарқадай шалқар, Сарыарқадай дүниеде жер жоқ шығар. Соның ішінде Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы байтақ Сарыарқаның атауын алғаны оң шешім болды. Сарыарқа ауданы елорданың жүрегі десе де болады. Халықтың игілігі үшін жасай берсін!
Сарыарқа ауданы әкімнің орынбасары болған, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы ауданның тарихи жөнінде естеліктер айтып, сол кездерді сағынышпен еске алды.
– Ол кезде Астананың барлық мәдени ошақтары осы Сарыарқа ауданында орналасқан еді. Оның бірі – Конгресс холл (қазіргі Астана концерт залы). Қазақ театры, орыс театры, Айман Мұсақожаева құрған Музыка академиясы біздің ауданда болды. Аудан алғаш құрылған кезде «Көше мерекесі» деген мәдени іс-шара өткіздік. Оған ауданның байырғы тұрғындары, ақсақалдар мен әжелер қатысып, батасын берген еді, дейді ол.
Сонымен бірге 1998-1999 жылдары ауданды басқарған Александр Литвинов және Серік Рустамбеков, Теміртас Исабеков қатарлы архитекторлар қаланың алғашқы құрылу кезеңі және сәулеті жөнінде сыр шертті.
– Сарыарқа ауданына көшіп келгеніме 15 жыл болды. Содан бері ауданның жыл санап дамып, көркейіп келе жатқанын көреміз. Алғаш «Агрогородок» деген жерде тұрдық. Біз секілді үлкен кісілерге демалатын, балалармен қыдыратын саябақтар бар. Өмір сүруге өте ыңғайлы аудан. Біздің Сарыарқа ауданынан басқа ауданға көшіп жатқандарды көрмейміз. Көшсе де қайта айналып келеді, дейді аудан тұрғыны Роза Шарапи апа.
Сарыарқа ауданы туралы айтылар сыр таусылар емес. Ауданың төл құрдасы Әділжан Сағындық әрі әкімдік өкілі:
– Мен – осы Сарыарқа ауданының тумасымын. Ауданның барлық даму сатысы көз алдымнан өтті. Біз осы ауданның балалар ойнайтын алаңдарында ойнап өстік. Мен үшін ерекше ыстық болатыны да содан шығар. Осы ауданда мектепті бітірдім. Өз ауданымды көркейту үшін оқу бітірген соң, әкімдікке жас маман ретінде жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда Инфрақұрылым және перспективті даму бөлімінің басшысымын. Ауданымыздың жолдарын, аялдамаларын дамытуға және халықтың ыңғайлы өмір сүруіне жағдай жасауға атсалып жатырмыз. Биыл, міне, өзіммен түйдей құрдас сүйікті Сарыарқа ауданымыздың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Барша аудан халқын осынау мерейлі жылмен құттықтаймын! деді.
1998-2023 жылдар аралығында Сарыарқа ауданының қалыптасу тарихы ерекше. 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен құрылған ауданда тұңғыш Президент Резиденциясы мен 16 министрлік ғимараты орналасқан.
Аудан бүгінде мүлде өзгеріп, өркендеп кеткен. Қазір ауданның жалпы аумағы – 6 775 гектар. Сондай-ақ аудан аумағында ұзындығы 314 шақырым болатын 315 көше болса, оның 93%-ына асфальт төселген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан енді құрылған кезде халық саны 152 648 мың болса, қазір 355 мыңға жуық адам өмір сүреді. 2000 жылдың басында ауданға Көктал, Ағаш егу орамы (ЛПУ), Агрогородок тұрғын алаптары қосылған. 25 жыл ішінде 20 жалпы білім беретін мектеп, 16 мемлекеттік балабақша, 4 жаңа емхана пайдалануға берілген екен.
Әкімдіктің мәліметінше, ауданда Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» театры, Музыкалық жас көрермен театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театр, Сәкен Сейфуллин музейі т.б. мәдениет ошақтары, Астана қаласының әкімдігі, «Астана» теміржол вокзалы т.б. тарихи маңызы бар ғимараттары орналасқан. Сондай-ақ Керей мен Жәнібек, «Үш би» (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би), Кенесары хан, Сәкен Сейфуллин, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, т.б. қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған ескерткіштер бой көтерген.
Сарыарқа ауданының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Арбат», «Орталық саябақ», «Ақжайық» гүлбағы, «Көктал саябағы», «Сарыарқа», «Музыкалық» гүлбағы, «Қалалық алаң» маңы, «Қорғалжын» саябағы және қоғамдық кеңістіктер абаттандырылған. Егемен елдің елордасы Астананың алғашқы аудандарының бірі, жұртшылықтың жүрегінен орын алған ұйық мекен бұдан әрі де қарыштап дами бермек.