• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Бразилия ма, Голландия ма?

461 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 шілде. Бүгін, ертеңге қараған түні Бразилияның астанасы – Бразилиа қаласындағы Ұлттық стадионда Бразилия және Голландия құрамалары әлем чемпионатының қола медалі үшін таласады. Астана уақыты бойынша 2:00 сағатта басталатын матчқа алжирлік арбитр Джамель Хаймуди қазылық етеді. Қазір мамандар мен жанкүйерлер арасында осы ойынға қатысты ойлар мен болжамдар көп. Бразилия жартылай финалдағы масқара жеңілістен кейін қайта серпіле ала ма? Пенальтиден есе жібергені болмаса, әлі ешкімнен ойында ұтылып көрмеген Голландияның бұл жолғы бағы қандай болмақ? Жергілікті жанкүйерлер пентакампиондарға қызу қолдау көрсете ала ма? «Қызғалдақтар елінің» даңқын көтеруге Роббен мен ван Персидің шамалары жете ме? Бұл «жұбату финалы» қарсаңында туындап жатқан мыңдаған сұрақтардың бір мысқалы ғана. Кездесуге қызмет көрсететін 43 жасар Хаймуди мундиалдың топтық турнирі кезінде Австралия – Голландия және Коста-Рика – Англия, ал бірінші плей-офф раундында Бельгия мен АҚШ кездесулеріне төрешілік етті. Өздерінің тарихында Бразилия мен Голландия бір-бірімен 11 рет кездескен. Қарсыластар 3 реттен жеңіске жетіп, 5 рет тең түскен. Соққан және өткізген доптардың ара салмағы да тең – 15:15. Мұның алдында ОАР-да өткен 2010 жылғы әлем чемпионатында олар ширек финал деңгейінде ұшырасты. Онда Голландия 2:1 есебімен жеңіске жетті. Есепті бірінші таймда бразилиялықтар ашты. Голды Робиньо салды. Ал Уэсли Снайдердің екінші таймдағы екі голы голландиялықтарға жеңіс әперді. Бір қызығы, сол матчқа қатысқандардан қазіргі Бразилия құрамасы сапында 3 ойыншы болса, Голландия командасында 6 футболшы бар. Жалпы, чемпионаттың финалдық кезеңінде олар бір-бірлерімен 4 рет ұшырасқан. 1974 жылы голландиялықтар 2:0 етіп ұтса, 1994 жылы бразилиялықтар 3:2 есебімен басым түскен. Бұлардың соңғысында командалар жартылай финалда шайқасты. Әдетте құрамалар «жұбату финалына» оншалықты бір ынтамен қарай қоймайды. Қалай дегенде де, сен үшінші орын алдың не, төртінші болдың не – айырмашылық оншама көп емес. Себебі, жартылай финалда жолдан шығып қалдың. Ал Еуропа чемпионатында тіпті үшінші орын үшін ойын да ойналмайды. Бірақ бұл жолғы көңіл күй бөлек сияқты. Осының алдында 1:7 болып ойсырай ұтылған бразилиялықтарға енді өздерін аз да болса ақтау үшін қалайда жеңіс керек. Бұған қоса, голландиялықтар да оңайлықпен жеңіле салайын деп отырған жоқ. Оның үстіне «Қызғалдақтар елі» командасы үшін чемпионатты жеңіліссіз аяқтаудың бірден-бір мүмкіндігі туып тұр. Күтіліп отырғандай, Бразилия негізінен осы турнирде ойнап жатқан құрамымен алаңға шығатын түрі бар. Колумбиямен ойында ауыр жарақат алып қалған Неймар ғана алаңға шыға алмайды. Мұның есесіне, ескертулері көптігінен өткен жолы алаңнан қағылған команда капитаны Тьяго Силваның жолы ашық. Осының алдында турнирдің ең үздік ойыншысы атағына үміткерлердің тізімі жарияланды. Бұл қатардан Бразилия мен Голландияның бір-бірден ойыншылары көрінді. Әңгіме Неймар мен Арьен Роббен туралы болып отыр. Қазір Неймардың ойнай алмайтыны аян, ал Роббен өзінің жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік алғалы тұр. Дегенмен, «Алтын доптың» өзін финалдық ойында жақсы қырынан көрсете білген басқа бір футболшының алып кету ықтималдылығы басымдау екені де рас. Сонымен қатар, «Турнирдің ең үздік жас ойыншысы» атағы номинациясына мүдуарлар қатарына голландиялық Мемфис Депай да енген. Енді «қызғылт-сарылардың» жаттықтырушылар штабы жас ойыншының старттық құрамнан алаңға шығуына жол береді деген де пікір айтылып жатыр. Жалпы, Голландия құрамасы бұл турнирде өзін командалық іс-қимылда күшті команда ретінде танытты. Мұнда өзінің лидерлері мен жас таланттары да бар. Ал Бразилияда Неймардың орнын басатын лидер табылмай отыр. Бұл тұрғыда селесаоға турнирде Роналдиньо мен Кака көмекке келе алатын еді. Алайда, Луис Филипе Сколари оларды командаға алудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазір бразилиялықтардың бас бапкерін жұрт бұлардың орнына командаға чемпионатта өзін ешқандай қырынан таныта алмаған Фредті алғаны үшін сынға алуда. Бәлкім, Сколари үшінші орын үшін ойында Жо атты шабуылшының өзін көрсетуіне мүмкіндік жасайтын шығар. Әйткенмен, бразилиялықтар бас жаттықтырушысының күрт өзгеріс жасауға аса құштар маман емес екенін ескерсек, старттық құрамның діңгегі сақталып қалатынын пайымдауға болатын сияқты. Бұл матчтың Сколари үшін құрамадағы ең соңғы матч болуы та ықтимал. Бірақ, кім не десе де, ойыншылар Сколариді өте жақсы көріп, құрмет тұтады. Сондықтан олар ұстаздарын ұятқа қалдырмау үшін барын салуға тиіс. Егер Луис Филипенің тағдыры әлі түпкілікті шешілмеген болса, Луи ван Гал үшін бұл Голландия құрамасы тізгініндегі соңғы матч болмақ. Себебі, тәжірибелі маман осыдан кейін бірден «Манчестер Юнайтед» командасына бас жаттықтырушы болып барады. Сонымен, үшінші орын үшін таластың басталатын шағына тым көп қалған жоқ. Ал ертең, 13 шілде күні түнде, сағат 01:00-де Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында чемпионаттың жабылу рәсімі басталады. Ол біткеннен кейін Германия – Аргентина арасындағы финалдық матч ойналады. Кездесуге итальян арбитры Никола Риццоли төрешілік етеді. Дамир Қожамқұл.