• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пайдалы қазбалар 11 Мамыр, 2023

Саф алтынның саудасы

433 рет
көрсетілді

Сәуір басында Дүниежүзілік алтын кеңесі ақпан айындағы жаһандық алтынды сату және сатып алу туралы мәліметтерін жаңартты. Олардың мәліметінше, «2023 жылы ақпанның соңында Ресейдегі алтын қоры 2330 тоннаны құрады, бұл 2022 жылдың қаңтар айының соңындағы көрсеткіштен 31 тоннаға артық. Бес жыл ішінде Ресей алтын қорын айтарлықтай арттырды. Бұл стратегияның дұрыстығы дағдарыс кезінде айқын көрінді. Ресей банкі рубльді қолдауға бағытталған валюталық интервенцияларға қарамастан алтын-валюта қорын сақтап қалды». Біздің ел соңғы 10 жылда алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесін арттыруға басымдық беріп келді. Бірақ өткен жылдан бастап алтынды сатып алу емес, сатуға басымдық бергені байқалады.

Еліміз алтынды сатудан түсетін экспорт­тық кірісті арттырғаны finprom.kz ұсынған мәліметтерде айтылады. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында біздің алтын экспортерлері шетелдіктерге сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын сатқан. Былтыр қазақстандық алтын экспортының құрылымы өзгерді. Егер 2017-2021 жылдары басты экспортеріміз Қырғызстан еді. 2022 жылы Қырғыз Республикасына 2,2 тонна алтын сатылды. Бұл экспорттық кірістің 52,5 пайызын қамтамасыз етті. Ал Ресей экспорттық кірістің 61,6 па­йызын (41,2 млн доллар) қамтамасыз етті. Дүниежүзілік алтын кеңесінің ақпан айындағы мәліметінде біздің елдің алтынды ең көп сатқан елдердің көшбасында болған, 2023 жылдың ақпан айында әлемдік орталық банктер алтын-валюта резервтері үшін 51,7 тонна алтын сатып алған, біздің елдің алтын қоры 13 тоннаға азайған деген деректер келтірілген.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова келтірген деректерде 2022 жылы сыртқы нарыққа 20 тоннаға жуық алтын сатылғаны, бұл 7 миллиард доллар табыс әкеліп, қордағы алтынның үлесін 68 пайыздан 58 пайызға дейін қысқартқаны айтылады.

Freedom Finance сарапшысы Елена Беляева алтын ең қауіпсіз актив ретінде деген пікірге басымдық береді. Қаржы нарығы құбылмалы болып кеткен кезде оған деген сұраныстың артуы, бағасының өсуі қалыпты жағдай екен. Сол себепті инвесторлар алтынға күрделі жағдай сейілгенше, алтынды тұраққа қойып, ес жиып алуға мүмкіндік беретін актив ретінде қарайды. Сарапшының айтуынша, пайыздық мөлшерлемелер жоғары болған кезде, облигациялар алтынға қарағанда тартымдырақ болады. Себебі алтында валюта тәрізді үстеме пайыз қоятын мүмкіндік жоқ. Ал қазіргідей жағдайда қауіпсіз актив ретіндегі тартымдылығы алтынның бәсін асырып тұр.

Кез келген мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы негіздерінің бірі – ел­дің резервтері. Дүниежүзілік алтын кеңесі әлемдік алтын нарығына қ­а­тыс­ты ұсынған болжамында алтынды дамуға жол ашатын фактор ре­тінде қарастырған. Тіпті, орталық инфля­­цияға қарсы агрессивті күресте алтын­ның мүмкіндігіне иек артатыны да осы құжатта жазылыпты. Әзірге әлем алтынның бағасын бір унция­сы үшін 2075 долларлық дәлізден 3 мың долларлық дәлізге өтеді деген болжамға басымдық беруге асығып отыр. Бір грамы 29 396,71 теңге тұрады. Алтынның бір грамының бағасы 2018 жылғы ақпандағы 13 671 теңгеден биылғы ақпанда 26 158 теңгеге дейін өзгерді. 2023 жылдың қаңтарында алтынның бір грамы 28 549 теңге болды. Алтынның ең жоғары бағасы 2022 жылдың наурыз айында тіркелді. Сол кезде бір грамы үшін – 32 531 теңге. Investing.com мәліметі бойынша, алтын фьючерстері наурызда 1836 доллардан 1999 долларға дейін 8,9%-ға қымбаттады. 24 наурызда алтын­ның бағасы бір трой унциясы үшін 1999 доллар болды. Bank of America алтын бағасы бір трой унциясы үшін 2000 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін деп болжады.

Кезінде Ұлттық банк атынан мемлекет елде өндірілген алтынның барлығын сатып алатыны туралы шешім қабылдап, алтын кені сегментінің басты инвесторы атанды. Бұл алтын-валюта қорындағы алтынның үлесін арттырып алуға және қолайлы сәтте қолайлы бағамен алып-сатуға мүмкіндік беріп отыр.

 Сарапшылардың айтуынша, алтынымыз ортайып қалды деуге себеп жоқ. Барлығы бақылауда. Экономист Алмас Чукиннің пікірінше, алтын құны қырық құбылып тұрса да, оның инвестициялық сипаты тартымды. Себебі алтынның аты – алтын. Сарапшы айтып өткендей, Ұлттық банктің алтынға қатысты көзқарасы нақтылана бастады. Демек алдағы уақытта банктердің депозиттер мәзірінде теңге, шетелдік валюталармен бірге алтын да сап түзеп тұруы бек мүмкін. Бірақ сарапшы айтып өткендей, алтын бізге сақтандыру резерві ретінде керек, бірақ оның алтын-валюта қорындағы үлесі 25-30 пайыздан аспауы тиіс. Бұл ұстанымды Ұлттық банк те құп көріп отыр.

Экономист Алмас Чукин валюталық резервтегі алтынның үлесін азайту саясатын дұрыс деп санайды. Кезінде Ұлттық банк атынан мемлекет елде өндірілген алтынның барлығын сатып алатыны туралы шешім қабылдады. Елде алтын өндірісінің артуына осы фактор себеп болған. Қазақстанда жыл сайын 70-80 тонна тазартылған алтын өндірілетіні Ұлттық банктің мәліметтерінде айтылған. Бұл алтын-валюта қорындағы алтынның үлесін жыл сайын көбейтіп отыруға мүмкіндік беріп отыр. 2023 жылдың нау­рызында алтынның бағасы көтеріліп, Ұлттық қордағы доллар үлесін 1,6 млрд долларға көбейтіп алуға мүмкіндік бол­ған.

Біз үшін маңыздысы, еліміздің өзін өзі ең маңызды стратегиялық актив – алтынмен қамтамасыз етіп отырғаны. Алтын қорының беріктігіне сенген елдер алтын бағасын уысында ұстап, қор жинап алса, кейбір елдер өзге елдер есебінен алтын қорын арттырып жатыр. Біздің ел де бұл үрдістен шет қалмайды. Осы уақытқа дейін Ұлттық қордың және Ұлттық банк резервтерінің негізгі бөлігі шетел валютасынан, одан қалды шетелдік бағалы қағаздардан тұрды. 2019 жылы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат Ұлттық қордың жинақтаушы активтеріндегі алтынның үлесі 5 пайызға дейін көтеруді заңдастырады. Жалғыз біз ғана емес, нарықтың парқын білетін елдердің бәрі бағалы металл қорларын, оның ішінде алтын құймаларын арттыруға басымдық беріп жатыр. Ұлттық өнімін, қарыз-несиесін де доллармен бағалап, байлығын сонымен қамбалаған елдер енді алтынға ден қойып жатыр.

Ресми мәліметтер бойынша елімізде шамамен 200-ге таяу алтын кен орны бары анықталған. Біздің алтын өндіретін «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазцинк» және «Тау-кен Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестері тазартылған алтын өндіреді. Сарап­шы­лардың мыңда­ған тонна тас пен құм, топырақтан аз мөлшерде алтын шайылғанның өзі олжа дейтіні бекерден-бекер емес. Содан кейінгі мәселе зауыттардың заманауи қондырғылармен жабдықтау мәселесінде бітпеген шаруа шаш-етектен. Ғалымдар алтын ажыратып алуға әбден болатын 9 млрд тоннаға жуық қалдық қоқыста жатқанын айтады. Бірақ соған қарамастан Ұлттық қордың кіріс бөлігін алтын есебінен толықтырып отыруға, қажет болса теңге мен экономикаға ал­тын­мен дем беруге кірісіп кетті. «Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов алтын-валюта есебінен 1,4 млрд доллар ин­тер­венция жасағанын айтты. 2023 жылы зейнетақы қорынан сатып алған 2 млрд доллар 12 айға теңдей бөлінгенін, теңгенің долларға деген бағамына барынша ықпал етпеу үшін жасалғаны хабарланды. Алтын-валюта активтерінің портфелі инвестициялардың көлемі туралы құпиялылыққа байланысты жарияланбайтыны белгілі. Бірақ алтын алдағы бес-алты жылда теңгеге дем беретін фактор ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ алтынды Ұлттық банк валюталар теке-тіресінде мұнай тәрізді жеке батыр ретінде қарастырса, оның әлеуетін әлсіретіп алады. Себебі алтынды өндіру технологиясы соншалықты жетілдірілген жоқ. Ұлттық банкте алтында ішкі нарықтан да, сыртқы нарықтан да сатып алу мүмкіндігі бар. Сондықтан алтынды сату-сатып алу оның бағасына жүргізіледі, алтын-валюта қорындағы алтынның үлесі бізге тиімді дәлізден төмендеп кетпейді деп үміттенемін», дейді Е.Ибрагим.

Үкіметтің жер қойнауын пайдалану­шы­ларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатқаны өткен жылы белгілі болды. Пайдалы қазбаларға қатысты 115 келісімшарт пен 198 лицензия, сондай-ақ көмірсутектер бойынша 12 келісімшарт бұзылды, мемлекетке қайтарылды, бір­неше кен орындарының аукцион арқылы уақытша пайдалануға берілетіні жыл басында белгілі болды.

Бұл үрдістен біздің ел де қалыс қалып жатқан жоқ. Кез келген мемлекет­тің қаржылық тұрақтылығының негіз­де­рінің бірі – елдің резервтері. Мем­ле­кеттің алтын қоры неғұрлым берік болса, көп болса, соғұрлым оның эко­но­ми­калық тәуелсіздігі артады. Жоғары құбылмалылық жағдайында әлемдік нарықтағы алтын өндірісінің көлемі 2009 жылдан 2020 жылға дейін 2,2 есеге өсті, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 26,4 млн тоннаға жетті.

Экономист Саян Қомбаровтың валю­та­лық резервтегі алтынның үлесін азайту саясатын дұрыс деп санағанмен, долларды алтынға сатып алу үдерісін құп көрмейді екен. Қазір доллар арзандап, алтын қымбаттап барады. Алтынның көп бөлігі чиптер және басқа электроника сияқты жоғары технологиялық өнімдердің қандай да бір түрін өндіруге кетеді деген түсінік мүлдем қате. Тех­но­ло­гиядағы алтынның үлесі – 10, зергерлік бұйымдардағы үлесі 40-50 па­йыздан аспайды. Ал қалған бөлігі әлемнің бас банктерінің алтын қоймаларында, жекелеген тұлғалардың сейфінде құйма алтын ретінде жатыр. Қазір әлемде алтыннан бас тартайын деп отырған ел жоқ. Сатып алып жатқандардың басым көпшілігі – дамыған елдер. Соңғы жиырма жыл ішінде алтын алты есе қымбаттапты. 2002 жылы трой унциясы үшін 300 доллар болса, 2022 жылы 1800 долларға дейін өсті. Әлемдік эко­номиканың турбуленттік аймақта тұ­рақталып қалуы, БРИКС-ке мүше ел­дер­дің доллардан ішінара бас тартуға ниет танытуына байланысты алтынның бағасы өсе береді. Доллардың басқа валюталарға қатысты бағасы, экономист Чарльз Неннердің болжамы бойынша 70 пайызға дейін төмендейді. Демек мұндай жағдайда доллар мен алтынның ара салмағын ұстап тұрудың тәуекелі жоғары. Әлемдік алтын өндірісі 2022 жылы 109,4 миллион унцияға өсіп, жыл сайын орта есеппен 3,2 пайызға артқан. 2030 жылға қарай 141,7 миллион унцияға жетеді деген үміт бар.

Лондон алтын нарығы қауымдастығы жүргізген сарапшылардың сауалдамасына сәйкес, алтын мен күміс 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың соңына қарай алтын 3,3 пайызға, күміс 8,8 пайызға өседі деп күтілуде. Осылайша, күміс бағасы 2022 жылы 21,73 доллардан 23,65 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Алтынның бағасы бір трой унциясы үшін 1859,90 долларға жетуі мүмкін. Салыстыру үшін: 2022 жылы ол бір трой унциясы үшін орташа есеппен 1 800,09 долларды құрады. Әлемдік орталық банктер туралы айтатын болсақ, онда олардың алтын сатып алуының өсу тенденциясы өткен жылдың ІІІ-тоқсанынан бері байқалды. Нәтижесінде, 2022 жыл алтын сатып алу бойынша тарихтағы екінші рекордтық жыл болды, 2023 жылы бұл үрдіс жалғасты.

Алтын қоры көбейгенімен, әлемдік орталық банктердің резервтеріндегі үлесі әзірге 20 пайыздай ғана өсім беріп тұр.

Тәуелсіз сарапшы Ерлан Ибрагим 2020 жылдары, пандемиялық дағдарыс кезінде елімізде жұмыс істеп жат­қан компаниялар табысының 10 пайы­зы көлемінде мемлекет пайдасына ауда­­рып тұрғандығы турасында айтады. Одан беріде «Самұрық-Қазына» пай­дасының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатыны айтылып жатыр. Бірақ алтынның құлағында отырған инвесторлардың алтынды қандай бағамен сататыны да көп мәселені шешеді. Күні бүгінге дейін алтынға қатысты, алтынның табысына қатысты мәселе, тіпті алтын кен орындарының жекешелендірілуі жабық есік жағдайында шешілді. Же­ке­меншіктегі алтын кен орындары қожайын­да­рының тапқан пайдасының қанша па­йызы ішкі инвестицияға, қанша пайызы жұмысшылардың жалақысына жұмсалып келгенін біз білмейміз. Білетініміз, Ұлт­тық банк пен Үкімет алтын саудасына қатысты мәліметтерді құпия ұстап отыр­ған жоқ. Қанша тоннаның алтынын сатқаны, сатып алғанымыз туралы мә­ліметтердің басы ашық. «Мұнай Ұлт­тық қордың доноры ретінде түсінік қалып­тасып қалған еді. 90-жылдардағы келісімшарттарда мұнай табысының кемі 5 пайызы Ұлттық қорға аударылады деген бап енгізілуі тиіс еді. Бірақ мұндай талап етуге қол қысқа болды, біз инвес­тор­лардың табысынан үлес емес, тек салығымен ғана шектеліп қалдық», дейді Ерлан Ибрагим.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық қор және алтынға қатысты өзгерістер кейінгі келісімшарттарға бастайтын жаңалықтың басы болуы тиіс. Бізде қайта зерделенуі тиіс шарттар жетіп артылады. Себебі бюджетке немесе Ұлттық банкке донорлықты алтын мен мұнайға теліп қоюға болмайды. Көмір мен темірден немесе бидай мен ураннан бюджетке қанша пайда түсетінін білмейміз. Бір тәулікте, бір жылда қанша баррель мұнайдың немесе уранның экспортталып жатқаны туралы мәліметтер тым жұтаң. Ақпаратты технологияның дамыған заманында мұны анықтау оңай. Егер, Үкімет шындап ден қойса, табыс салығын ғана төлеп келген инвесторлардың бетін бұру, салығын ғана емес, табысының бір бөлігін бюджетке аудару туралы бап халықаралық талапқа қайшы емес.

Инвесторлар үшін Қазақстан кен орындарының интерактивті картасы жасалды. Енді сол орынды иемденуден үмітті инвесторлар тек табыс са­лы­ғы емес, табыстың пайызын Ұлт­тық қорға аударуды заңдастыратын бап керек. «Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы келісімшарттарда жіберіп алған қателіктеріміз енді қайталанбауы тиіс. Пайдалы кен орындарының құла­ғын­да отырған кейбір топтардың тәбетін шектемесек, оның соңы неге апарарын Екібастұздағы жағдай көрсетті. Қазақтың байлығын игеріп, табыс табудан үмітті кез келген инвестор тек табыс салығы емес, пайдасының белгілі бір бөлігін мемлекетпен бөлісуді міндеттеп, оны экономиканы әртараптандыруға бағыттау керек. Бұл үрдіс біздің елде нарық заңдарына басымдық беретін заңдылықтардың қалыптасуына жол ашады», деп сөзін түйіндеді Е.Ибрагим.

 

АЛМАТЫ