• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Мамыр, 2023

Жаһандық рецессияның ел экономикасына әсері

349 рет
көрсетілді

2022 жылы басталған тәуекелдер биыл тоқтап қалмайды. Керісінше, одан әрі өрши түсуі ықтимал. Әрине бірді-екілі жылымық үдеріс байқалып қалады. Мәселен, биыл Қазақстан экономикасы жақын және алыс көршілес елдердің инфляциялық қысымына ұшырауын жалғастырғанына қарамастан, статистикалық деректер бүкіл әлемде инфляцияның баяулауын көрсетіп отыр. Наурыз айында Ресейде жылдық инфляция 3,5 пайызға, ал АҚШ-та 5 пайызға дейін төмендеген. Қытайда тұтынушылық инфляцияның өсу қарқыны наурызда 0,7 пайызға дейін баяулаған (соңғы бір жарым жылдағы ең төменгі көрсеткіш), ал өнеркәсіп тауарларының бағасы 2,5 пайызға дефляцияны көрсетеді. Елімізде де бағаның төмендеуі байқалады: ақпанда инфляция 21,3 пайызды құрады, ал наурызда өсу қарқыны 18,1 пайызға дейін төмендеді. Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) еліміздің қазіргі экономикалық ахуалына қатысты кезекті шолуын жария етті.

AERC сарапшыларының айтуынша, сыртқы «шоктар» мен рецессия қаупіне қарамастан, ел экономикасы алған бағыттан жаңылмай, өсім динамикасын көрсетіп келе жатыр. 2023 жылдың қаңтар-ақ­паны­ның қорытындысы бойынша отандық экспорт 0,7 пайызға өскен. Ал жеткізу тізбегінің қалпы­на келуіне байланысты импорт көлемі 40 пайызға артқан. Олар­дың мәлім­деуінше, еліміздің негізгі экспорттық өнімдері – мұнай, металл, астық негізінен Ресей территориясы арқылы тасымалданады. Ал бұл өз кезегінде соңғы геосаяси ахуалға байланысты үлкен тәуекел туғызып жатыр.

«Соңғы бір жыл ішінде Қазақ­станның ТМД елдеріне экспорты 20 пайызға өсті. Ал басқа елдерге сату көрсеткіші 3,3 пайызға құлдырады. ТМД елдерінен импорт 6,9 пайызға азайды. Өзге елдерден келетін импорт 82 пайызға өсім көрсетті. Ресейді айналып өтіп, Ақтаудан Бакуге мұнай тасымалдау көлемінің 5 есе артуын жақсы жаңалық деп айтуға болады. Әрине бұл бағыт арқылы тасымалданатын көлем Ресей арқылы өтетін көлемді толық жаппайды. Соның өзінде тәуір көрсеткіш. Былтыр Ресейге балама жолдар арқылы тасымалданған мұнай көлемі 1,8 млн тонна болды. Дегенмен КТК мұнай экспортының негізгі және экономикалық жағынан ең тиімді бағыты болып қала береді, ол арқылы жеткізу 2022 жылы 1 пайызға қысқарды», делінген шолуда.

Рецессия тәуекеліне, Украина­дағы қақтығыстың жалғасуына, сондай-ақ Тайвандағы текетірестің өр­шуі­не қарамастан, AERC өзінің 2023 жыл­ға арналған ІЖӨ болжамын жиын­тық сұраныс моделі бойынша жақсартқан.

Базалық сценарий жағдайында, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Brent маркалы мұнай бағасының төмендегеніне қарамастан, долларға қатысты теңге бағамы біршама нығайды. Орташа алғанда, наурызда теңге/доллар жұбы 449,99 теңге болып тұрақтады. Ақпанда 1 доллар 451,94 теңге болған. Ақпандағы тең­ге­нің нығаюы еліміздегі салық аптасына байланысты болды. Ал наурызда Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету аясындағы Ұлттық банктің шетел валютасын сатылымға шығаруы төл валютаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар америкалық қос ірі банк – Signature Bank пен Silicon Valley Bank-тің банкрот болуы долларды біраз әлсіретіп кетті.

AERC 2023 жылы теңге/доллар жұбы 453,6 теңге деңгейінде қалыптасады деп болжайды.

Сонымен бірге AERC сарапшылары биылғы мемлекеттік бюджет тапшылығы 3,9 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 4,1 пайызы болатынын айтады.

«Құндық мәнде осы жылдың бюджет тапшылығын бағалау қаңтардағы шолумен салыстырғанда қысқартылды (бұрын – 4,1 трлн теңге), бірақ ІЖӨ-ге қатысты тапшы­лық болжамы өзгеріссіз қалды. Мемлекеттік бюджет тапшылы­ғының шығындарын азайту Ұлттық қордан бұрын жоспарланған 2,2 триллион теңгеден 3,0 триллион теңгеге дейінгі трансферттің өсуі, сондай-ақ салық түсімдерінің өсуі есебінен болады. Экономиканың бірқатар салаларында өнім шығару болжамын оңды қайта қарау аясында AERC корпоративтік табыс салығы түсімдерінің 3,6 трлн теңгеге дейін өсуін күтуде. Болжам қаңтар айымен салыстырғанда біршама жақсарды. Халықтың номиналды ақшалай кіріс­тері өсу қарқынының ұлғаюын ескере отырып, жеке табыс салығы бойынша кірістердің өсуі 1,6 трлн теңгеге (бұрын – 1,5 трлн теңге), әлеуметтік салық – 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде (бұрын – 998 млрд теңге). Биылғы мемлекеттік бюджет шығыны 21,0 трлн теңге деп болжанып отыр», делінеді шолуда.

AERC бас директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, биыл бірінші тоқсанда ел экономикасының 4,9 пайызға дейін өсім көрсетуіне құры­лыс, сауда, транспорт, өңдеу­ші өнер­кәсіп салалары үлес қосты. Сондай-ақ ол жаһандық үрдістің ізін ала отандық инфляцияның да баяулай бастағанын назарға алады.

«2023 жылы наурызда инфляция 18,1 пайыз болды. Соның ішінде азық-түлік тауары бойынша – 18,1 пайыз, азық-түліктік емес тауарлар – 18,1 пайыз және қызметтер бойынша – 14,4 пайыз. 2023 жылдың ақпан айынан бастап AERC инфляция болжамын жариялайды және оның нау­рыз айындағы жылдық бағалауы 18,41 пайыз (шын мәнінде – 18,1 па­йыз) болды, ал инфляция төмендеу үрдісіне ие болады. Осыған байланысты реттеуші күту позициясын ұстанады және төрт ай бойы базалық мөлшерлемені 16,75 па­йыз деңгейінде ұстап отыр. Алайда проинфляциялық тәуекел сақталады, сол себепті де монетарлық ахуал қатаң күйінде қалады», дейді ол.

AERC биыл орташа алғанда, тұты­ну­шылық инфляция елімізде 10,2 па­йызды құрауы мүмкін деп есептейді.

AERC-тің базалық сценарийі бойынша биыл Қазақстан ІЖӨ-нің нақты өсімі 4,3 пайыз болмақ. Сарапшылар мұнай бағасы барреліне 83,1 доллардан 84,9 долларға барады деп болжайды.