• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Мамыр, 2023

Мәдениеті өрлеген мұнайлы өңір

249 рет
көрсетілді

Биыл Атырау облысындағы 12 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңадан 2 нысан салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мұнайлы өңір жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті. Ол Махамбет, Индер аудандарындағы әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты.

Министрдің айтуынша, еліміз­дегі мәдениет, спорт, туризм және кино саласында өсу үр­ді­­сі байқалады. Жақында мәде­ниет саласындағы саясатты іске асы­ру­дың 2023-2029 жылдарға ар­­нал­ған тұжырымдамасы бекі­тілген. Онда іске асырылатын негізгі мақсаттар айқындалып отыр. 

– Елімізде бірнеше тұғырлы тұлғаның мерейтойын кеңінен атап өту жоспары бар. Нақтылай айт­қанда, даңқты қолбасшы Сұл­тан Бейбарыстың 800 жыл­дығы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын халықаралық деңгей­де атап өтеді. Дешті Қып­шақ даласынан шыққан даңқ­ты тұлғаның мерейтойына ар­налған халықара­лық ғылы­ми-практикалық конфе­рен­ция­лар, дөңгелек үстелдер, шы­ғар­машылық кештер, көрме­лер ұйымдастыру қолға алынды. Жыл басталған сәтте Сұлтан Бейбарыстың есімі елорданың бір көшесіне берілді. Сонымен қатар күзде Қазақстанның Мысыр­дағы мәдениет күндерін өткізу жоспарда тұр. Оған Атырау облысының делегациясы барады. XXX Каир халықаралық қазір­гі заманғы экспериментал­ды театр фестивалінде Атырау өнерінің қара­шаңырағы – Махамбет атын­дағы академиялық қазақ драма театры көрнекті жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахнаға шығарады. Республикалық айтыс, суретшілердің симпозиумы секілді мәдени іс-шаралар өтеді. Бұған облыстың мәдениет меке­мелері дайындығын белсенді жүргізіп жатыр,  деді министр.

Асхат Ораловтың айтуына қарағанда, Атырау облысында 2025 жылға дейін 20 спорт және денешынықтыру-сауықтыру ке­шендерінің құрылысын салу жоспарланыпты. Кездесуде өңір тұрғындары бірнеше мәселеге байланысты жобалар ұсынды. Әсіресе туризм саласын дамыту, мү­гедектігі бар спортшыларға көңіл бөлу, арнайы жаттығу орнын салуға жер телімін беру, жеке спорт мектептерінде жаттығатын балаларды жарыстарға жіберуге қар­жы қарастыру, футзалға ар­нал­ған манеж салу секілді жоба­лар бар.

Министр Махамбет ауданын­дағы «Өнерпаз» аудандық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Мұнда Батыс Қазақстан облыстық Қадір Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы­ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Дала дидары» көшпелі концертіне қатысты.

– Қазақтың Қадірінің мұра­сын өшірмей, көшпелі концерт ұйымдас­тырып жүрген орталықтың жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Біз мұндай нысандарды облыс орталығына ғана емес, ауылдық жерлерде де көптеп салуы­мыз керек. Ауданда тұрғындар саны­ның өсуіне байланысты мәдениет үйін кеңей­ту қажеттігіне көз жеткіздім. Сол себептен, бұл мекемеге жаңадан техникалық жабдықтар сатып алып беруге және 400 орындық мәдениет үйін салуға шешім қабылдадым,  деді Асхат Оралов.

Бұл ауданда 1 мың орындық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Нысан 2003 жылы салынып, 2017-2018 жылдары күрделі жөндеуден өткен. Қазір мұндағы бокс, волейбол, футбол, бас­кетбол, жеңіл атлетика, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дзюдо үйірмелеріне 720 оқушы қатысады. Спорт мектебінде 23 қызметкер жұмыс істейді, оның 9-ы – жаттықтырушы.

Ал Индер ауданындағы «Индер-Мәдениет» мәдениет үйінің ғимараты 2016 жылы салынған. Сыйымдылығы – 400 орын. Мұнда 86 адам жұмыс істейді, оның 55-і – мәдениет қызметкері, 29-ы – оркестр маманы, 31-і – техникалық қызметкер. Мәде­ниет үйінде домбыра және би үйір­месі бар. Бұған қоса Р.Ғаб­диев атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Ару-Ана» халықтық әжелер ансамблі, «Ақжайық» халық театры, «Ақжайық» халықтық вокалды аспаптар ансамблі, «Әсем-ай» үлгілі би ансамблі, «Бойтұмар», «Бек­зат» би ансамбльдері, «Ата­мұра» ағалар ансамблі және «Қар­лығаш» үлгілі балалар хоры құрылған.

Индер аудандық жастар ресурс­­тық орталығы ғимараты 1969 жылы пайдалануға берілгені­мен, 2019 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен. Орталықта 5 маман жұмыс істейді. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында үстел теннисі, бильярд тақтасы қойылған. Мұнда «Inderbor Cinema» кинотеатры 3 сеанспен көрермендер қабылдайды. Билеттерді «Tiketon.kz» сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Билет құны балаларға – 500, студенттерге – 600-800, ересектерге – 1 200-1 800 теңге. Кинотеатр 130 көрерменге арналған.

 

Атырау облысы