Елімізде 1 маусымнан бастап малшыларға арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылады. Жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-тегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірледі.
Қосымша Ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге көмектеседі, ол әрбір мал иесіне (ШҚ, ЖШС, ЖҚШ т.б.) өз малын түгендеуге көмектеседі. Қосымшаның арқасында ветеринарлық дәрігерлер ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы және толық көлемде жүргізуге де мүмкіндік алады.
Қосымша смартфонда онлайн режімде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда, бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринарлық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға мүмкіндік бар.
«TortTulik» ауыл тұрғындары үшін ақпараттық хабқа айналады. Мобильді қосымшада саланың соңғы жаңалықтарын тарату мүмкіндіктері, алдағы вакцинация туралы хабарламалар бар. Қосымша жаңартылған сайын ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізілетін болады. Ел тұрғындары «sogym.kz» қосымша бетінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден жануардың ветеринарлық бақылауынан өткен тұтас етіне тапсырыс бере алады», делінген министрлік хабарламасында.
Әзірге «TortTulik» қосымшасын Playmarket-тен жүктеуге болады. Әзірлеушілер қосымшаның кейін iOS-тағы смартфондарға бейімделетінін айтады. Айта кетейік, бүкіл ел бойынша 1,5 млн мал иесі мобильді қосымшаның әлеуетті пайдаланушылары болады деп күтіліп отыр.