• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Тұрақты өкілдердің көшпелі кеңесі

288 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілдерінің көшпелі мәжілісі өз жұмысын бастады. Көшпелі кеңесті кіріссөзбен ашқан Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі К.Абдрахманов құттықтау үшін сөзді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовқа берді. Министр өзінің кіріссөзінде көшпелі мәжіліске қатысушыларды құттықтай отырып, оның жұмысына табыс тіледі. Көшпелі мәжілістің мақсаты Алматы бағдарламасын жүзеге асыру әрекеттерін талқылау болып табылады. 2003 жылдың 28-29 тамызында Алматыда дамушы елдер сыртқы істер министрлерінің халықаралық конферециясы өтіп, Алматы бағдарламасы қабылданған болатын. Алматы бағдарламасы – теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің «Жол картасы» сияқты талабын қамтамасыз ететін ерекше құжат. Ол транзиттік тасымал мен көліктік инфрақұрылымды дамытудағы нақты шаралардан тұрады. Сондай-ақ, бұл құжат бойынша аталған топтағы елдерге қаржылық және техникалық көмек көрсету де қарастырылған. Қазақстан теңізге шығу мүмкіндігі жоқ ең ірі елдердің қатарына жатады. Алматы бағдарламасы қабылданғаннан кейін Қазақстан теңіз жағалауларының болмауына қарамастан, тұрақты дамудың жолына түсті. Сондықтан бұл тақырыпқа байланысты Алматыда көшпелі мәжілісті өткізу Қазақстан тарапының Вена конференциясына дайындыққа үлес қосуы, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердің мүдделерін байқау болып табылады. Көшпелі кеңеске Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары – теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Жоғары өкілі Гиан Чандра Ачария және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы З.Сағынов, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар өкілдері қатысуда. Көшпелі мәжіліс ертең өз жұмысын жалғастырады. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.