Қазақстанда жаңбырлатып суару қондырғысын шығаратын зауыт салынады, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Қытайға жасаған жұмыс сапарының нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілді. Өндіріс орыны «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып бекітілді. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 400 қондырғы шығарады деп жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2030 жылға дейін интенсивті суару жүйесін қолданатын егістік аумағын 2,5 есе арттыру көзделген. Бұл шамамен 750 мың гектар жерді құрайды Ал бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін Қазақстанға озық технологиялар қажет.
«Біз Қытай бойынша жаңбырлатып суару жабдықтарын шығаратын ең ірі компания болып саналамыз. Отандық өнім әлемнің 26 еліне экспортталады. Қазақстанда ашылатын кәсіпорынның арқасында болашақта Орталық Азия мен Ресей нарығына шыға аламыз деп есептейміз. Жалпы, қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасы нарығында сапалы өнім шығару үшін барымызды салуға дайынбыз. Сапар барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық тауар айналымын арттыру мен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жағын да зерделеді. Мәселен, былтыр екіжақты алыс-беріс 61 пайызға артып, 900 миллион доллардан асты. Отандық өнім экспорты екі есе ұлғайды. Сондықтан қазақстандық тарап келіссөздер барысында экспорттаушы компаниялар мен өнім тізімін ұлғайтуға ерекше мән берді», деді жаңбырлатып суару жүйесін шығарушы компанияның президенті Чжоу Чжаньго.
Осы тұста Ауыл шаруашылығы министрі арнайы жұмыс тобы құрылғанын қоса хабарлады.
«Бүгін жұмыс тобын құруға келістік. Қазақстан мен Қытай арасында мемлекетаралық комитет бар. Соның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатын арнайы жұмыс тобын құру қажет деп шештік. Аталған платформа барлық мәселені жылдам әрі жеңіл шешуге мүмкіндік береді. Жалпы кездесу жемісті болды деп ойлаймын», деп түйіндеді ол.