• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Суицид 14 Мамыр, 2023

Суицид – әлсіздік әрекеті

428 рет
көрсетілді

Соңғы күндері тәртіп сақшылары еліміздің бірнеше өңірінде шатырдан секіріп өлмекші болған адамдарды құтқарып қалды. Көктемнің әсері ме, кім білсін, бұл күндері суицидтің осы түрі жиі тіркеліп жүр. Ең өкініштісі, биіктен секіріп өлмек болғандардың ішінде өрімдей жастар да бар.

Сондай оқиғалардың бірі таяу күндері елордамыздың Қ.Рысқұлбеков көшесінде тір­­келді. 45 жастағы ер адам 6-қабаттың терезесінен секіремін деп қоқан-лоқы жасайды. Тұр­ғын­дардың шақыруына дер кезінде келген тәртіп сақшылары Әділет Далабаев пен Нұрғазы Марат жағдайдың жай-жапсарын анықтап, тұрғынды құтқару шараларын қабылдайды. Біреуі төменде суицид жасамақшы болған азаматты райынан қай­та­руға тырысып әңгімеге тартады, екін­шісі аса сақтықпен оның пәтеріне еніп, артынан дыбыссыз келіп қаусыра құшақтап алады. Осылайша, өлім аузынан арашалап қалды. Құтқарылған ер азаматтың мұндай қадамға баруы­на не итермелегенін мамандар анықтап жатыр.

Тағы бір оқиға Павлодар облы­сы­ның Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. 13 мамыр күні сағат 13.40 шамасынды Полиция басқармасының кезекші бөліміне С.Торайғыров көшесінде орна­ласқан бес қабатты үйдің төбе­сі­нен ер адамның секіргелі тұр­ға­ны туралы хабарлама келіп түс­кен. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторлары Нұрсұлтан Серікбаев пен Мәулет Қарыбаев «Маған жақындамаңдар! Әйтпесе қазір секіріп кетемін!» деп айқайлап тұрған жігітті көреді.

– Төбеге көтеріліп, онымен сөй­­лесе бастадым. Уақыт созу үшін сұрақтар қойдым. Ол бүгін өзі­нің туған күні екенін және оны­ бір адамдар ренжіткенін айт­ты. Мен соған бола секірмей-ақ,­ екеуміз бірге осы мәселені ше­шейік деп ұсыныс тастадым, – дей­ді Нұрсұлтан Серікбаев. Ер аза­матты алдаусыратып көңі­лі­не жол таба білген учаскелік полицей оны өзіне тартып, райынан қайтарды. 28 жастағы тұрғын дәрігерлерге тапсырылды.

Бүгінде ересектерді былай­ қоғанда, он екіде бір гүлі ашыл­ма­­ған, әлі өмір көрмеген бозбала­лар­ мен бойжеткендер арасында да­ секіріп өлуге талпыну­шы­лар­ аз емес. Үлкен адамдарды­ өмірдің қиындығын көрді деп ақтауға болатын шығар, ал жасөспірімдердің мұндай қадамға баруына не себеп? Мәселен, жа­қында оралдық полицейлер көпқабатты үйдің шатырынан секірмек болған жасты құтқарып қалды.

Суицид жасағысы келген­ ке­йіп­­­­­керіміз – 15 жастағы жет­кін­шек.­­ 102 арнасына кәмелетке тол­­маған қыз­дың жоғалып кет­­кені туралы­ ақпарат 12 мамыр күні кешке келіп түскен. Департаменттің барлық жеке құрамы оны іздеуге жұмылдырылады. Қыз ертеңіне, яғни 13 мамыр күні таңертең көпқабатты үйдің төбесінен секіргелі тұрған жерінен табылған. Ювеналды полиция инспекторлары Рамазан Жәдігеров пен Әділ Сақыпкереев жеткіншекті уақытында райынан қайтарып, аман алып қалды. Қазір онымен психологтер жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Көкшетау қаласында да 14 жас­­­­­­­тағы қыз шатырдан секіріп өлмек болған. Бірақ тәртіп сақшыларының сауатты әрі уақтылы әрекеті арқасында өрімдей жас аман қалған. Жедел байланыс орталығына қоңырау шалған адам өзінің танысы Абай көшесіндегі көпқабатты үйдің төбесінен секіруге көтерілгенін хабарлайды. Оқиға орнына патрульдік полицейлер Бейбіт Садықов пен Әділхан Қойбағар, сондай-ақ полицияның тірек пунктінде болған қызметкер Нариман Нұржақсин келеді. Жағдайды бірден бағалаған олар ойланбастан жоғарыға қарай жүгіріп, 12-қабатты үйдің шатырында тұрған 2009 жылғы жасөспіріммен сөйлесіп, райынан қайтара алды.