• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Мамыр, 2023

Ірі комбинат мемлекет меншігіне өтті

651 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарлауынша, Жаңаөзен қаласында құны 1 млрд теңгеден асатын комбинат мемлекет меншігіне қайтты.

Қаладағы қатты тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеу және көму комбинаты 2019 жылы «Тазалық-С» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда серіктестік жауап­кершілігіне алған негізгі міндетте­лемелерді орындамаған, яғни комбинат арнайы техниканың жеткі­лікті санымен қамтамасыз етілмеген, қат­ты-тұрмыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өн­дірісі іске асырылмаған.

Жаңаөзен қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша қала әкім­дігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылған. Апелляциялық сатымен жоғарыда аталған соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде, баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» арнайы жұмыс тобының «Өзенмұнайгаз» және қаланың мұнай сервис кәсіпорын­дарының қызметін тексеру бойынша жұмысы жалғасып жатыр.

Жұмыс тобының мамандары бір типті су жылыту қондырғыларын қайта жаңарту кезінде жұмыс құны арасындағы айтарлықтай айырмашылықты да анықтаған. «Мәселен, 3 су жылыту қондырғысын (ВГУ-1 НГДУ-3) қайта жаңартудың жалпы құны қосылған құн салығымен бірге 525 млн 482 мың теңге болған, ал бір ғана қондырғыны (ВГУ-3а-С НГДУ-1) қайта жаңарту құны қосылған құн салығымен бірге 380 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл – осыған ұқсас НГДУ-3 қондырғысын жөндеуден 2 есе қымбат. Мұндай үлкен айырмашылықтың себептерін мамандар анықтап жатыр», делінген «ҚазМұнайГаз» компаниясы таратқан хабарламада.

Сондай-ақ сатып алу қызметін басқару стандартына сәйкес ӨМГ мен «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында 2022 жылы жалпы сомасы 2 миллиард 582 миллион 699 мың теңгеге ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарына келісімшарттар жасалған, жұмыстың жалпы көлемі – 371 ұңғыманы жерасты жөндеу (немесе 30 040,7 бригада-сағат).

«Тексеру барысында ӨМГ Бюджет кодексінің 97-бабының 6-1 тармағын бұзғаны, атап айтқанда, жалпы сомасы 26 миллион 951 мың теңгеге тең, жұмыс уақыты 300 сағатқа артық көрсетілген орындалған жұмыс актілерін қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар орындалмаған жұмыс көлемі белгілі болды. Себептері нақтыланып жатыр», делінген хабарламада.

Жұмыс тобы ӨМГ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ сатып алу тәртібінің нормаларын сақтамай, 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қаңтарына дейін және 2023 жылдың наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін «АИ-95» маркалы бензинді жүргізушілердің жалақы алатын карталарына қаражат аудару арқылы сатып алып келгенін де анықтап отыр.

Сондай-ақ биыл қаңтарда «Өзен­мұнайгаз» сатып алу тәртібін бұза отырып, күнделікті және (немесе) апта сайын қажет тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға бекітілген тізбесіз көлемі 69 тонна «АИ-95» маркалы бензин сатып алған.

 

Маңғыстау облысы