Қостанай жоғары политехникалық колледжінің студенттері Руслана Ибраева мен Александра Фельдман пластик құтылардан төсемтас жасап шығарды. Білім ордасындағы «Шекарасыз бизнес» кәсіпкерлік клубының жетекшісі Жанат Контробаеваның айтуынша, қазірдің өзінде экоөнімді сатып алуға бірнеше кәсіпорын ниет білдіріп отыр. Алайда оған өнімді көбейтіп шығаратын арнайы құрылғының жоқтығы қолбайлау болып тұр.
Өнертапқыштар жобаны жүзеге асыру үшін алдымен колледж студенттерінің көмегімен 120 кг пластик бөтелкелерін жинап алған.
«Пластиктен жасалған төсемтастардың артықшылығы – беріктігі мен төзімділігінде. Оны өңдеу оңай. Студенттер бәрін қолмен жасады. Нәтижесі жаман емес. Колледжде бөтелкені балқытуға арналған құрылғы бар. Бізге енді агломератор, яғни пластик қалдықтарды түйіршіктейтін машина қажет. Ол екі міндетті қатар атқарады. Пластиктерді ерітіп, құммен араластыруға мүмкіндік береді. Одан кейін қалыптарымен нығыздайтын аппарат сатып алсақ дейміз. Құрылғы шамамен 5 млн теңгенің көлемінде тұрады. Экоплита жасау жобасы бойынша халықаралық байқауға қатысып жатырмыз. Жоба жеңімпаздарының жүлдесі қомақты. Қорытындысын күтіп отырмыз. Жеңімпаз атанып, қанжығамыз майланып жатса, қаржыны қажет құрылғыларды сатып алуға жұмсаймыз», дейді жоба жетекшісі Ж.Контробаева.
Студенттердің айтуынша, өнімді жасауда қиын ештеңе жоқ. Қоспа құрамының 90 пайызы – құм, 9 пайызы – полимер, оған 1 пайыз бояғыш қосылады. Енді өндірісті іске қосуға қажетті құрылғыларды алу ғана қалды.
«Пластик қоқыстарды осындай мақсатқа пайдалану ұтымды әдіс деп ойлаймын. Өйткені қоқысқа тасталған пластик тек қоршаған ортаны ластап, бүлдіретіні болмаса, топырақ астында жүз жыл жатса да шірімейді. Оның үстіне полиэтилен, пластик бөтелкелерден жасалған экоплита өзге төсемтастардан кем түспейді. Айталық, бір плитаны жасап шығу үшін 15 пластик бөтелке қажет. Оған қарапайым қиыршық құм қосылады. Қажетінше түрлі түсті бояуларды пайдалануға болады», дейді Р.Ибраева.
А.Фельдман экоплита өндірісі пайдалы табыс көзінен бөлек, табиғатты қоқыстан арылтудың бірден-бір жолы деп есептейді.
«Бұл жоба көпшіліктің табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертері анық. Мысалы, 1000 шаршы метрге төселетін экоплита өндіретін болсақ, қоқысқа тасталған пластик 15 мың килоға немесе 375 мың пластик бөтелкеге дейін кемиді», дейді өнертапқыш.
Жас кәсіпкерлер сатып алатын құрылғылардың құнын, ғимарат жалдау ақысын, жұмыскердің жалақысын және басқа да өндіріске кететін шығындарды есептеп қойған. Өндірістен түсетін пайда мен өнімді өткізу жағы да жан-жақты ойластырылған.
Мәселен, 1 плитаның өзіндік құны 1000 теңге болады. Ал жергілікті «Koctkehec» серіктестігі мен «Саян», «Қазанбасы» шаруа қожалықтары 2 млн 470 мың теңгеге 1 300 шаршы метрге жететін экоплита сатып алуға дайын отыр.
Жоба жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытта студенттермен бірлесіп атқаратын жобалар көп. Соның бірі – мал азығын шығару.
«Енді мал азығын шығаруды қолға алсақ дейміз. Түлік өсірумен айналысатындар сатып алатыны сөзсіз. Бізде жыл сайын дәстүрлі түрде «Enactus» чемпионаты өтіп тұрады. Биыл сол сайысқа қатысып, осы бағыт бойынша бақ сынасақ деп отырмыз. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бір ұсақ малды алып, жаз бойы тәжірибе жүргіземіз. Азықтың қаншалықты нәтиже беретініне көз жеткізуіміз керек», дейді Ж.Контробаева.
Қостанай облысы