• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Ғасыр құрылысы ел тіршілігіне тың серпін беруде

448 рет
көрсетілді

Жамбыл жеріндегі оннан астам қала-аудандардың ішінде Байзақ ауданының орны бөлек. Байзақ қашанда орасан тірлігімен, береке-бірлігімен ерекшеленеді. Қырманы дәнге, даласы әнге, дастарқаны дәмге толы осынау батыр баба есімін иемденген ауданның еңбекқор халқы тірліктің көзін тауып, ел табысын арттырып, мерейін өсіріп келеді. Бүгінгі таңдағы ең бас­ты мәселенің бірі – халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық салаларын жақсарту. Тараз қаласымен ауылдары араласып, қойындасып жатқан Байзақ ауданының халқы тығыз қоныстанған. Ендеше қалың ел, дүйім жұрт болып қол жеткізген әрбір көрсеткіштеріміз облыс экономикасы мен халықтың әл-ауқатын әрі қарай дамытудың негізі болып табылатыны анық. Шынында, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. Бұл жағынан келгенде байзақтықтардың мерейі үстем. Бүгінде аудан көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 7 цех жұмыс істейді. Шаруа қожалықтары 3900 гектар алқап­та ауылшаруашылық дақылдарын суару­дан өткерсе, оның ішінде, тамшылатып суарылғаны 195 гектарды құрайды. Бүгін­гі күнге 993 гектар арпа, 970 майлы дақылдар сақтандыру компаниялары арқылы сақтандырылып, аталған жұмыстар жалғасын табуда. Ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру, өңдеумен қатар, мал шаруашылығын дамытуда ауданда біршама жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалығы 34,5 млн. теңге несие алып, 205 мүйізді ірі қарамен мал басын көбейтті. Енді «Достық-99» шаруа қожалығы 20 млн. теңге несие алу үшін тиісті құжаттарын әзірлеуде. Өндірілген мал өнімдері үшін, «Агали» шаруа қожалығы 305 тонна сүтке 3,05 млн. теңге, «Жамбыл құс» ЖШС 11 млн. дана жұмыртқаға 22 млн. теңге алды. Асыл тұқымды мал басын көбейту және мал өнімдерін өткізу жұмыстары жыл аяғына дейін жалғасын табады. Ауданның әжептәуір аумағын басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі көп тірлікті өрістетуге себепкер болып, облыс пен бүкіл елдің экономикасын дамытуға ықпал етіп отыр. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев осы мүмкіндікті кеңінен пайдалануды сәт сайын қадағалап, шаруаларға қолдау көрсетуде. Осы үлкен жолдың бойынан 10 шағын тауар­лы сүт фермаларын ашу мақсатында ниет білдірген шаруа қожалықтардың құжат­тары қаржыландыруға тиісті орган­дарға өткізілді. Нәтижесінде, шаруа қожа­лықтарын «Қазагроқаржы» АҚ қар­жыландырып, лизингке мал, құрал-жабдықтар және ауыл шаруашылығы техникаларын алуға қол жеткізеді деп күтілуде. Бүгінгі күнге Е. Саурықов, М. Ақаев шағын мал бордақылау фермасын соғуға өтінім берді. Олардың жер телімдері бойынша мәселесі де ше­шілді. Ал, «Алима» шаруа қожалығы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы «Сбербанкке» құжаттарын дайындап өткізді. Сонымен қатар, сүт цехының бизнес жоспарын жасатуда. «Тажибаев Х» шаруа қожалығы сэндвич панельден ферма құрылысын жүргізуге несие мәселесі шешілгеннен кейін «Югтехкомплект» ЖШС жұмысты бастайды. «Ниет» шаруа қожалығы Алматы облысындағы асыл тұқымды зауытымен 100 басқа алдын ала келісімшарт жасасып, әзірге нақты ақшаға 50 бас құнажын және 2 бас бұқа сатып алды. Сондай-ақ, «Агали» шаруа қожа­лығы сүт қабылдайтын танкер алу үшін өтінім берді. Бұл қожалық қазір «Қазагроқаржы» АҚ арқылы алынатын несиенің 15 пайыз лизингтік қаражатын дайындауда. Сонымен қатар, 43 бас асыл тұқымды құнажын және 3 бас бұқа сатып алып, Ресейдің Алтай өңірінен тағы 50 бас құнажын сатып алуға алдын ала келісті. Бұған қоса, сүт цехының бизнес жоспарын жасатуда. Қожалық басшысы Н.Агалиев Израильдің «Теssa» компаниясының басшылығымен 2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бірлесіп салу жөнінде де келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек «Асыл», «Балқаймақ», «Бекзат», «Зеңгі баба» шаруа қожалықтары жер учаскесінің құжаттарын өткізіп заңдастырып, бизнес жоспарларын дайындауда. Қалай айтсақ та, ғасыр құрылысының ауданның тіршілігіне тың серпін бергені анық. Мал басы санын арттыру және сапалы мал өнімдерін үлкен көлемде өндірудің кепілі мал тұқымын асылдандыру болып табылады. Қазіргі таңда ауданда 25 қолдан ұрықтандыру пункттері, 6 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар, оның ішінде ірі қара малын өсірумен 2 қожалық, жылқы малын өсірумен 2 қожалық, қой малын өсірумен 5 қожалық айналысуда. 14 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру екені анық. Ауданда ірілендіру жұмысы өз ретімен жүріп келеді. Ұсақ шаруа­шылықтардың шаруасы да, машақаты да шаш етектен. Не несие ала алмайды, не мем­лекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Ауданда бүгінге 18 ауылдық тұтыну кооперативі құрылып, оған 145 шаруа қожалығы біріктірілген және олар әділет басқармасында тіркелді. Ботамойнақ ауылдық округінде «Жадыра» АТК-нің маңына 28 майда шаруа қожалықтары топтастырылып, әділет, салық, статис­тика басқармаларында қайта тіркеуден өткізілуде. Жалпы жер көлемі 5012 гектарды құрайды. Қостөбе ауылдық округінде «Агали» шаруа қожалығының маңына 15 шаруа қожалығын біріктіріп, «Талас» ауылдық тұтыну кооперативін құру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жер көлемі 600 гектар. Диқан ауылдық округінің Жеңіс ауылындағы шаруа қожалықтарын ірі­лен­діріп, «Тажибаев Х» шаруа қожа­лығына, Үлгілі ауылдық округінде 70 ша­руа қожалықтарын ауылдық тұтыну коо­перативіне біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан облыс орталығына жа­қын орналасқандықтан аудан шаруашы­лықтарының көпшілігі көкөніс өсіру­мен айналысады. Тұрғындарды көкөніс­пен қамтамасыз етудің бір жолы жылы­жайлардың жұмысын үйлестіру. «Ақжар» шаруа қожалығы көлемі 1250 шаршы метр, «Манат» шаруа қожалығы 1 гектар жерге жылыжай соғып, толыққанды жұмыс істеуде. Өткен жылы аталған жылыжайларда 352 тонна көкөніс өндірілді. «Талап» шаруа қожалығы аумағы 3 гектар болатын барлық маусымдық корей технологиясы бойынша жалпы құны 355 млн. теңгеге көкөніс өсіру жылыжайын іске қосып, тұрақты өнім алуда. Ендігі мәселе өндірген өнімді сақтау және өңдеуші өнеркәсіп жүйесін құру. Аудан бойынша көкөніс сақтайтын 7 қойма бар. Алайда, көкөніс өңдейтін цехтар жоқ, тек қана Бурыл ауылдық округінде жеке кәсіпкер М. Есенбаевтың өсімдік майын шығаратын цехы жұмыс істейді. Аудан көлемінде бройлер құсын өсі­ріп, кұс етін өндірумен айналысу үшін, құс фабрикасын салуға «Аулиеата Феникс» ЖШС-нің Аграрлы несие корпорациясынан 1 млрд. 166 млн. теңге алып, жұмыстар жүргізіп жатыр. Ол қаржының 600 млн. теңгесі инфрақұрылым жүргізуге жұмсалды. Фабрика осы жылдың күзінде толық іске қосылады. Тамшылатып суа­ру технологиясымен Бурыл ауылдық округінде «Байназаров» шаруа қожалығы 6 гектар жерге көкөніс, Қостөбе ауылдық округінде «Агали» шаруа қожалығы 110 гектар жерге көкөніс, 10 гектар жерге бақ, «Аман» шаруа қожалығы 23 гектар жерге көкөніс, Мырзатай ауылдық округінде «Оразбай» шаруа қожалығы 5 гектар жерге көкөніс, Ботамойнақ ауылдық округінде «Мария и К» серіктестігі 16 гектар жерге көкөніс және Жаңатұрмыс ауылдық округінде «Манат» шаруа қожалығы 10 гектар жерге көкөніс, 13 гектар жерге бақша өсіріп, барлығы 193 гектар жерге осы тәсіл енгізілді. Биыл тамшылатып суару технологиясын 400 гектар алқапқа енгізу жоспарланып, іске асырылуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 2 млрд. 310 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, 170 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Жасұлан-Флора» ЖШС жалпы сомасы 1,050 млн. теңгені құрайтын, гүлді өндірістік негізде өсіру кешені жобасын жүзеге асырып, кешенде 100 жаңа жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша 2013 жылы «Жасұлан Флора» ЖШС-нің гүл өсіретін жылыжайына 77,9 млн. теңгеге табиғи газ тартылды. Осыдан кейін бұл кәсіпорын 10 млн. дана гүл өнімдерін өсіріп, жылдық өндірістік қуаттылығы 100 пайызды құрады. «Тараз құбыр зауыты» ЖШС жалпы сомасы 960,0 млн. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 2190 тонна полиэтилен құ­бырлар өндіретін зауыт құрылысын салу жобасын жүзеге асырып, қосымша 50 жұмыс орнын ашты. Ал «База-servis» ЖШС жылына 10,9 млн. кірпіш шығаратын зауыт жобасын жүзеге асырып, тағы 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. «Әулие-Ата Феникс» ЖШС – құс фабрикасын жаңғырту және қайта құру жобасы облыстық өңірлік үйлестіру кеңесінде картаға енгізу үшін мақұлданып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі штабында қарастырылып, оң шешімін тапты. Жобаның құны – 1750,4 млн. теңге. Толық іске кіріскен кезде 108 жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінгі күннің басты мақсаты – Елбасы қойған аса маңызды міндеттерден туындайтын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап, жүзеге асыру. Кез келген даңқ­қа жеткізетін жол еңбекпен салынады. Ендеше, байзақтықтар «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген дана Абайдың айтқанын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл өңірінің қарқынды өркендеп келе жатқанына ел куә. Әлеуметтік дамудың барлық салаларында көңіл қуантарлық табыстар бар. Бауырмалдық пен бірліктің мекені атанған Әулиеата өңірінде экономика мен әлеуметтік салалар түбегейлі түрде жаңарып, жаңғырып келеді. Мұратхан ШҮКЕЕВ, Байзақ ауданының әкімі. Жамбыл облысы.