Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушының 80 жылдығына орай республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған республикалық конференцияға жазушы-қаламгерлер, Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының кітапхана мамандары қатысып жатыр.
Ең әуелі сөз алған белгілі жазушы Әлібек Асқар Оралхан Бөкей жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның әдеби мұрасы жайлы сөз қозғады.
«Қазіргі уақытта елімізде ең көп оқылатын жазушы – Оралхан. Ол журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Әуелі бұған кейбіреулер қарсы да болды. Бірақ өзіңіз зер салсаңыз, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдың қай шығармасын алсаңыз да ішінде журналистиканың ізі байқалады. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, соған ұқсау мүмкін емес. Себебі Оралханның стилі тым ерекше», дейді ол.
Оралхан Бөкейдің жерлесі, Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбай мектеп кезінде оны жазушы болады деп еш ойламағанын жасырмады.
«Оралхан жазушылыққа жарқ етіп келді. Жарқ етіп келді де, жарқ етіп кетті. Осындай шаралардың мақсаты – Оралхан Бөкейдің бақилық ғұмырын мәңгі ету. Кезінде ол үнемі «Біз шал болмайтын шығармыз» деп отыратын. Сөйтсек, сезген екен ғой. Оралхан менен екі сынып жоғары оқыды. Ол кезде аядай ауылдан алып жазушы шығады дегенге сенбеппіз. Ұсақ-ұсақ бұлақтар құралып, асау толқынды Бұқтырма өзеніне айналады ғой. Меніңше, Орекеңнің шығармашылығы да осы Бұқтырма секілді», дейді жазушы.
Мектеп бітірген соң Оралхан Бөкей Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға актер мамандығына оқуға түсіпті. Алайда анасы оның актер болуына қарсы болған. Сөйтіп, шешесінің сөзінен аса алмаған Оралхан ауылға қайтқан.
«Ауылда ол тракторшының көмекшісі секілді қара жұмыс істеді. Бірақ сонда шығармашылыққа дайындалып жүріпті. Біз оны еш сезбедік. Алтайдың басына қарап тұрып, оқыс ойларын айтып қалатын. Сонысын түсінбей қалатынбыз. Жоғары сыныптың қыздарына күнде кешке хат жазып, құшақ-құшақ қылып әкеліп, бізге оқып беретін. Сөйтсек, Оралхан хатты ғашық болғаннан емес, асып-төгіліп жатқан шабытын, шығармашылығын сыртқа шығару, қағазға түсіру үшін жазады екен», деді Әлібек Қаңтарбай.