Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ерекше орын алатын бірнеше тетік бар. Соның бірі – отбасы институты. Қазақтың данагөйлері отбасындағы тәрбиенің маңызын «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бірауыз сөзбен түйіндеген.
Тегінде тал бойына әке мен шешенің тәлімді тәрбиесін, отбасылық құндылықтарды сіңірген ұрпақтың осал болмайтыны анық. Сол себептен, отбасылық құндылықтар дәріптелетін күн халықаралық деңгейде атап өтіледі. Осыған орай Атырауда әр жастағы ерлі-зайыптылар ғана емес, барша тұрғындардың демалыс орнына айналатын отбасы саябағы ашылды. Өңір тұрғындарын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Отбасы күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды.
– Отбасы күні тек елімізде ғана емес, әлем елдерінде де халықаралық мәнге ие болған. Бұл күнді атап өту тіршілік атаулының жанданатын көктемнің шуақты кезеңіне сәйкес келуінің өзіндік мәні бар. Ал қазақтың «Отан отбасынан басталады» дейтін керемет тәмсілінің астарында ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің тіні ата-ананың тәлімімен ұштасып жатыр. Өйткені мемлекеттің дамуы мен қоғамның қалыптасуына ұрпақ тәрбиесінің тигізер маңызы зор, – деді Жасұлан Бисембиев.
Әкім орынбасарының айтуынша, өңірдің әр саласында отбасылық династия бар. Мәселен, отандық экономиканың жетекші саласына айналған мұнай-газ өнеркәсібінде Балғымбаев, Балжанов, Бешімов, Бөлекбаев, Қарамұрзиев, Мырзағалиев, Оржанов, Өтебаев, Өтеғалиев, Шырдабаев, Марабаев, Досмұхамбетов, Жұмағалиев, Огай әулеттерінің еңбек жолын бүгінгі ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді. Ал Басаролла Харесовтің отбасын дәрігерлер династиясы деуге болады. Үшінші буынға жалғасқан дәрігерлік кәсіпті екі уролог, фтизиатор, окулист, невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері жалғастырып келеді. Мұндай династиялар мемлекеттік қызмет, теміржол, ауыл шаруашылығы, білім мен мәдениет саласында да бар.
– Атырау қаласында тұрғындардың демалыс орнына айналған саябақтар аз емес. Енді соның қатарына Отбасы саябағы қосылды. Қазақтың саз өнеріне мол мұра қалдырған сазгер, Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілген көшедегі алаңды Отбасы саябағы деп атауға шешім қабылдадық, – деді Ж.Бисембиев.
Жаңа саябақтың ашылуына жарасымды жанұялық жұп құрып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған отбасылар жиналды. Сондай отбасының қатарындағы Теміржан Сандашев пен Биғайша Жолмұханова 57 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Қазір балаларынан өрбіген немерелерінің бал қылығын қызықтап отыр.
Өмірі де, өнегесі де ұлағатқа толы үлкендер отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті. Ал немерелері түрлі тақырыпқа сурет салып, ата-әжесіне, әке-шешесіне сыйға тартты. Ағаш пен темірден, өзге де материалдан түйін түйген қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл күні жаңа саябаққа жеміс ағаштарының көшеті егілді.
Атырау облысы