Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VІІІ сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл ретте елімізде тіршілік атаулыға нәр беретін топырақтың құнары мен құрамын зерттеумен Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысатынын атап өткен жөн. Топырақ құнарлылығын арттыру, оның қоры мен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді тиімді пайдалану негізінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін ғылыми қамтамасыз ету – институттың негізгі міндеті.Институт ғалымдары топырақта болып жатқан өзгерістердің заңдылықтарын анықтау, егістіктің өнімділігін арттырудың инновациялық технологияларын әзірлеу және оларды өндіріске енгізу бағытында қарқынды жұмыстар атқарып жатыр. Алайда бұл қазіргі заманның жаһандық мәселелері – деградация мен шөлейттенуді шешу үшін жеткілікті ме, топырақтың тозуы мен құнарсыздануының басты себебі неде деген сауалдар төңірегіндегі өткір де өзекті ойларын бүгінгі дөңгелек үстел басында тілге тиек етті. Топырақтың тозуы мен құнарсыздануы Алматы облысында да алаңдатарлық күйде екені тақырыпқа арқау болды. Бұл жөнінде ортаға пікір салғандар – «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Рамазанова, топырақ құнарлылығы және биологиясы бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Мария Әменқызы, топырақ экологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Гүлжан Бейсеева, тұздалған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымының магистрі Мақсат Пошанов, агрохимия бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Бақытбек Әміров.
Кешенді бағдарламаны кешіктірмей қабылдау қажет
Раушан Рамазанова:
– Елімізде топырақ жамылғысы алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Солтүстіктегі орманды-дала аймағындағы кәдімгі қара топырақтан басталып, оңтүстікте қоңыр және сұр-қоңыр шөлді топырақтарға дейін таралған. Кейінгі жылдары техногендік әсер мен ауыл шаруашылығына пайдалану, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарынан топырақтың тозуы мен шөлейттену үдерістері қарқынды дамып келеді. Аталған мәселелер ерекше алаңдатушылық туғызады, өйткені бұл республика халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей байланысты.
Қазақстанда экономикалық қатынастарды қарқынды дамытудың басым бағыттарының бірі – табиғи ресурстарды, атап айтқанда, топырақ пен жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану және қорғау, яғни топырақ құнарлылығын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өнімділігін сақтау, арттыру. Деградация және шөлейттену үдерістерінің қарқынды дамуы нәтижесінде топырақтың құнарлылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі күрт төмендеді, жалпы экологиялық жағдай нашарлады. Бүгінгі таңда топырақтың тиімділігі ғана емес, сонымен бірге әлеуетті құнарлылығы 40 пайызға төмендеді, суармалы жерлерде тұзданған жерлердің ауданы 35-37 пайызға өсті, жердің топырақ-мелиоративтік және экологиялық жағдайы нашарлады, нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі кеміді. Егер мемлекет пен қоғам тарапынан деградация және шөлейттену үдерістерін тоқтату және болдырмау, тозған және эрозияға ұшыраған жерлердің өнімділігін сақтау және арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, болашақта дағдарыстық жағдайлар туындауы мүмкін.
Бүгінде өнімділігі төмен және эрозияға ұшыраған жерлерді сақтау және қалпына келтіру, суармалы жерлердің топырақ-мелиоративтік және экологиялық жағдайын жақсарту және жалпы халықты өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының экологиялық таза өнімімен қамтамасыз ету республиканың топырақ және жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен басқарудың жаһандық мәселелері болып саналады. Бұл үшін ең алдымен «Топырақты қорғау туралы», «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын мемлекеттік реттеу туралы» заңдарды және тиісті нормативтік құқықтық актілерді немесе ауыл шаруашылығы мақсатындағы топырақ ресурстары мен жерлерді басқаруды қамтамасыз ететін, «Құнарлылық» толыққанды мемлекеттік кешенді бағдарламасын әзірлеу және қабылдау қажет.
«Цифрлы Қазақстан» жаңа мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – экономиканың негізгі секторларын цифрландыру. Топырақ ресурстарын тұрақты басқару және топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша жедел шешімдерді қабылдау үшін тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының топырақ ресурстарының ақпараттық жүйесін және қазіргі заманғы топырақ картасының электрондық және қағаздағы нұсқаларын құру бойынша мемлекеттік қолдау қажет. Өйткені қазіргі уақытта бұл салалық министрліктердің (АШМ, ҒЖБМ, ЭТРМ) бюджетінде қарастырылмаған. Сондай-ақ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ еншілес ұйымдарының базасында мемлекеттік тапсырыс негізінде топырақтың құнарлылығы мен трансформациясының динамикасын зерделеу бойынша зерттеулер жүргізу үшін мониторингтік алаңдар құру қажет.
Кейінгі жылдары әлемнің барлық елінде, оның ішінде Қазақстанда экологиялық таза өнім алу ғана емес, ең алдымен топырақтың құнарлылығын сақтау және оның One health and Soil health тұжырымдамалары шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатымен органикалық егіншілік дамып келеді. Мұнда да топырақтанушы ғалымдарсыз органикалық өнім нарығында ілгерілеу мүмкін емес. Бұл болашақта топырақ-агрохимиялық зерттеулерді дамытудың ғылыми негізі болады.
Бұл ретте айтарым, мемлекетіміз аграрлы ел болғандықтан, топырақ құнарлылығы мен одан алынатын өнімнің сапасына тиісті дәрежеде мән берсек, еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуының драйвері бола алады.
Ауыспалы егіс топырақ құнарын арттырады
Мария Әменқызы:
– Топырақтың құнарлылығына мониторинг жасап және биологиялық белсенділігін анықтаймыз. Топырақ – тірі организм, оның құрамында тірі микроағзалар болады. Оның бәрі зерттеуді қажет етеді. Солтүстікте қарашірінді көп болғандықтан, экспортқа шығатын астық өсіріледі. Оңтүстікте сұр топырақ, қарашірінді 2 пайыздан аспайды. Облыс бойынша тыңайтқышқа деген қажеттілік 275 мың тонна көлемінде анықталса, қазіргі уақытта норманың 12 пайызы ғана енгізіледі. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Нарықтық экономика жағдайында егіншілік мәдениетінің жалпы құлдырауы, ғылым мен өндірістің әлсіз байланысы, қаржылық-экономикалық тұрақсыздық және ауыл шаруашылығын материалдық қамтамасыз ету деңгейінің төмендеуі, топырақтың құнарлылығын сақтау мәселелерін шешу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Мұндай жағдайларда топырақтың тиімді құнарлылығын сақтау үшін бірқатар үнемді, арзан агротехникалық шараны атқару қажет. Алматы облысы Балқаш ауданындағы Ақдала массивінде күріш негізінен сортаң топырақтарда өсірілетіндіктен, мұндағы егіншілік жүйесі инженерлік мелиорацияланған жер мен су ресурстарын жоғары тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Ол топырақ құнарлылығын жоғары деңгейде ұстау, олардың мелиоративтік және жалпы экологиялық жағдайын жақсарту шарттарына сәйкес келуі керек.
Шаруашылықтың барлық жерін барынша ұтымды пайдалануға және оларды мақсатқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік беретін дұрыс ғылыми негізделген ауыспалы егіс – шаруашылық жүйесіндегі негізгі буын. Өкініштісі, кейінгі жылдары нарық жағдайында жер иелерінің тұтынушылық көзқарасы жиі байқалып, бұрын жасалған ауыспалы егістіктерде егістердің кезектесуі бұзылып, топырақ құнарлылығына бірден кері әсер етті. Жыл сайын топырақтың табиғи құнарлылығы нашарлап, кей жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарының аурулары мен зиянкестерінің ошақтары жаппай пайда болып жатыр. Топырақтың органикалық заттарының құрамын арттырудың тағы бір әдісі – ауыспалы егісте аралық дақылдарды егу. Ақдала массивінің топырағы мен климаттық жағдайы күріш жинағаннан кейін күздік бидай, күздік қарабидай, күздік рапс сияқты аралық дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Қарашіріктің оң балансын құруда және топырақ құнарлылығын арттыруда жерлердің мелиоративтік жағдайы да маңызды. Өкініштісі, кейінгі жылдары айтарлықтай нашарлап барады. Топырақтың қайталама сортаңдануын және батпақтануын болдырмау үшін олардың мелиоративтік жағдайын бақылауға және олардың алдын алу бойынша тиісті, уақтылы және тиімді шараларды әзірлеуге көп көңіл бөлу қажет. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру топырақтың органикалық заттарының оң балансына қол жеткізуге, топырақ құнарлылығын молайтуды кеңейтуге және күріш пен онымен байланысты дақылдардан тұрақты жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл массивтің топырақтары қоректік заттармен қамтамасыз етілуі жағынан «Жер ресурстарын қорғау мен пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес әртүрлі дәрежеде тозған және қоректенуді жақсартуға бағытталған шұғыл топырақ-мелиоративтік және агрохимиялық шараларды талап етеді.
Көптеген жер иеленуші мен жер пайдаланушы, өкінішке қарай, топырақтың ерекшеліктеріне өте аз мән береді, сондықтан олар жерді жырту жеткілікті және одан өнім алсақ болды деп оны бұзады. Бірақ қысқа мерзімде мол өнім алуға тырысып, жерді өнім бере алғанша аяусыз игеріп, кейін сарқылды деген желеумен тастап кететіндер де бар. Ал жерге жекеменшік жағдайында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ ресурстарын пайдалануға тиімді мемлекеттік бақылау болмаған және жердің сапасын жақсартуға ынталандыру болмаған жағдайда мұндай жер пайдаланушылар көбейіп бара жатыр. Сондықтан да көптен бері жер телімдерін топырақ-экологиялық паспорттау жүйесінің қажеттілігін айтып келеміз. Қалыпты дамыған елдердегідей, жердің сапасы туралы мәліметтері бар төлқұжат несие беру және топырақты пайдалануды бақылау үшін негіз болуы керек. Түптеп келгенде ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын ұтымды пайдалану және молайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қажет деп есептейміз.
Демалыс орындарының да зияны бар
Гүлжан Бейсеева:
– Топырақ экологиясы бөлімінің негізгі ғылыми бағыттары – бүлінген жерлерді зерттеу, оларды рекультивациялау, табиғи жолмен қалпына келу және биологиялық рекультивациялау жағдайында техногендік-бүлінген ландшафтарда бастапқы топырақ түзілу үрдісін зерттеу. Топырақ жамылғысының экологиялық проблемалары – деградация, ластану және эрозия үрдістері бойынша ғылыми зерттеулер жасалады. Бөлім қызметкерлері Алматы облысында сирек кездесетін өсімдіктер топырағының экологиялық жағдайына зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл үшін алдымен сол өңірдің картасы жасалып, соған сәйкес Талғар, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Райымбек аудандарында болып қайттық. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл аудандарда жел эрозиясына, су эрозиясына ұшыраған жерлер өте көп кездеседі. Алысқа бармай-ақ Алматының төрінде Медеу саябағы бар. Кезінде шенеуніктер сол жердің аумағын үй салуға беріп жіберген. Салдарынан құрылыс ережелерін сақтамай көптеген демалыс орны салынған. Тау топырақтарының түбінде топырақ түзуші жыныс болады. Ол өте жылжығыш келеді. Жаңбыр жауғанда, қар ерігенде су сіңіп, содан топырақ жылжиды. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ, саңырауқұлақтай қаптатып құрылыс салып жатыр. Медеуді зерттегенде соның куәсі болдық. Топырақтың құнары шайылып кеткен, эрозияға ұшыраған.
Менің осы институтта жұмыс істегеніме 48 жыл болды. Кеңес дәуірінде топырақтану ғылымына көбірек көңіл бөлінетін. Қазір оның ширегі де жоқ. Жыл сайын түрлі жобаларға конкурс жарияланады. Сол жобаларда топырақтану деген бір сөзді кезіктіре алмайсыз. «Топырақ» деген сөз атауымен жоқ. Өсімдік қайда өседі? Топырақта өседі. Ал өсімдік өсіру үшін топырақтың құрамын, құнарын зерттеу керек. Өсімдікке қоректік элементтер жетпейтін болар, не болмаса тұзды топырақ шығар. Оны зерттеп, ойланып, бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Ол жерде топырақ деген сөз жоқ, бәрін жер деп атайды. Жердің өзі топырақтан тұрады.
Мал жайылады, есепсіз машина жүреді, салдарынан топырақ деградацияға ұшырайды. Бұл жағдай жоғарыда айтқан Медеу, Көлсай сынды адам қарасы үзілмейтін демалыс орындарынан байқалады. Малдың тұяғынан көптеген жердің өсімдіктері тапталып, құрып кеткен. Яғни эрозияға ұшыраған. Алматы облысында аталған аудандардың барлық жерінің топырағының экологиялық деградацияға ұшырағанын зерттедік. Қаншама жерде алма бақтар қараусыз, күтімсіз қалған. Шіріп, құрт жеп жатыр. Ағаш шірісе, топырақ зақымдалады. «Алма шіріп жатыр» деп неше түрлі тыңайтқыштар пайдаланамыз. Ал ағаштың тамырына, яғни топыраққа мән бермейміз. Мүмкін ол жерде қышқыл топырақ шығар, топырақтың қышқылы артса, өсімдіктің тамыры шіри бастайды.
Қазақтың жері кең деп қаншама жерді қазып тастаған обал. Жер де тозады. Оны мәпелеп ұстау керек. Қоқыс қалдықтарын көрінген жерге төгеді. Нарынқол, Кеген аудандарында жердің көбін жекешелендіріп алған. Жердің иесі бар, бірақ иесіз. Пайдаланылмаған, күтім жоқ. Салдарынан деградацияға ұшыраған. Арамшөп басқан. Жерге күтім жасалынбайды. Кегенде үнемі жел соғып тұрады. Соның әсерінен топырақ жел эрозиясына ұшыраған. Осылай әр ауданның топырағының экологиялық жағдайын анықтап беретін – жалғыз осы институт. Кезінде бұл институтта 800-ге дейін адам жұмыс істеген. Біртіндеп азайып, жүзге жуық маман қалды. 15 шақты бөлімнің жартысы қысқарып кетті. Топырақты түбегейлі зерттеумен айналысатын мамандар жоққа айналды.
Суды атыз бойынша суарады. Негізі суаратын жердің өз нормасы болады. Өсімдікке қажет фосфор, калий, азот деген элементтерді шайып кетеді, нәтижесінде су эрозиясына ұшырайды. Сосын ол жерде өнім өссе де өнім сапасы төмен болады.
Тұзданған аймақтарды зерттеу маңызды
Мақсат Пошанов:
– Негізінде Алматы облысында тұзданған топырақтар Балқаш ауданындағы күріш алқаптарында кездеседі. Осы тұзданған аймақтарды зерттеп, онымен күресу іс-шараларын ұйымдастыру және солардың ғылыми негіздерін жасау маңызды. Тұздану топырақтар негізінен тереңдік бойынша зерттеледі. Беткі қабаты, жыртылатын қабаты, ортаңғы, одан кейінгі төменгі қабаты. Тұзданудың екі-үш түрі бар. Ол антропогендік, яғни дұрыс суармаудың нәтижесінде, судың басқа көздерден келуі немесе табиғи құбылыс арқылы тұзданады. Олармен күресу ретінде дәстүрлі әдіс пайдаланамыз. Топырақты жыртып, сумен бастырып, шаю және еріген тұзды егістік көлемінен шығарып тастау. Одан кейін химиялық әдістеріне фосфогипс шашу. Фосфогипс құрамында кальций болады. Ал топырақтың тұздану үдерістерінің негізгі зиян келтіретін ол құрамындағы натрий болып есептеледі. Соны кальций ығыстырып шығарып, топырақтың құрамын жақсартады. Кальций басым болса, топырақтың құрылымы жақсарады да құнарлығы артады.
Алматы облысының таулы аймақтарында тәлім (богара) егіншілік, яғни ол жерлер суаруды қажет етпейді. Сондықтан тұздың проблемалары көп емес. Ал негізінен суарылатын жерлерде тұздану үдерісі кездеседі.
Тұзданудан бөлек агрохимиялық қызметтер, зерттеулер көрсетеміз. Топырақтың құрамында қандай макроэлементтер барын, оның қай мөлшерде екенін анықтаймыз. Соған байланысты тыңайтқыштың нормасы есептеледі. Ол дегеніміз экономикалық жағынан артық шығынға жол бермей, тиімділігін арттыру болып саналады. Бірінші, топырақтың құрамын анықтап, соған сәйкес тыңайтқыштың керегін ғана бересіз. Ол жоспарланған өнімге байланысты. Кейінгі жылдары бұл мәселеге ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар көптеп жүгініп жатыр. Халықтың көзі ашылып, өзінің иелігіндегі жерді пайдаланудың экономикалық жағынан тиімділігін ескеретін болған.
Стандарт бойынша суармалы жерде 5 гектардан бір топырақ үлгісі алынады. Ал тәлім жерлерден 25 гектардан 1 топырақ үлгісі алынады. Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, жылдан-жылға топырақтың құнарсыздануы байқалады. Жерден өнім алғаннан кейін тыңайтқыш сеуіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбейді. Тыңайтқыштың өзі жеткіліксіз мөлшерде беріледі.
Тыңайтқыштардың ғылыми негіздерін қайта дайындау керек
Бақытбек Әміров:
– «Топырақ – өмірдің ұлы дәнекері, барлығының қайнар көзі және соңғы баратын жері. Ол – емші, қалпына келтіруші және қайта тірілтуші. Ол ауруыңнан айықтырады, кәріңді жасартады, өлімдіні өмірлі етеді. Күтімі жоқ топырақта өмір сүру мүмкін де емес» деген екен америкалық жазушы Уэнделл. Расында топырақтың құнарлылығын сақтау – өзіміздің және болашақ ұрпағымыздың азық-түлік қауіпсіздігінің ғана емес, олардың өмір сүретін ортасының сақталуы мен сапалылығының, алуан түрлілігінің кепілі. Ал агрохимия – осы топырақтағы дақылдарға қажетті қоректік заттардың қорын қажетті мөлшерде қамтамасыз етуді реттейтін үлкен ғылым саласы. Агрохимия – «топырақ – өсімдік – тыңайтқыш» жүйесіндегі қоректік заттардың айналымын, олардың ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне, сапасына әсерін және топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруды зерттейтін, сондай-ақ тыңайтқыштарды қолданудан туындайтын экологиялық проблемалардың оңтайлы шешімін ұсынатын ғылым.
Барлық тыңайтқыш органикалық, минералды, органо-минералды, бактериялық және микротыңайтқыштар болып бөлінеді. Органикалық тыңайтқыштарға үй жануарларының көңі, құс саңғырығы, компост, ағаш үгінділері мен жоңқалар, өсімдік қалдықтары және жасыл тыңайтқыштар (сидераттар) жатады, тізбелей берсек өте көп. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру ісінде жаңа үрдіс пайда болды, ол биотыңайтқыштарды қолдану. Биотыңайтқыштар – бұл макроэлементтердің биожетімділігін байыту арқылы топырақ құнарлылығын арттыруға көмектесетін микроорганизмдер негізінде дайындалатын қоспалар. Биотыңайтқыштарды биогумусты немесе вермикомпосты пайдаланып топырақтағы қоректік заттар құрамын симбиотикалық микроорганизмдер арқылы байытып, жетілдіруге болады. Микроорганизмдер азотты бекітуді және фосфорды ерітуді арттырып, өсімдіктердің өсуі мен дамуын ынталандырады. Биотыңайтқыштарды қосымша микроэлементтермен байыту топырақтағы қоректік элементтердің тиімді сіңірілуіне ықпал етіп, дақылдардың жедел өніп-өсіп жетілуіне және өнімділіктің артып, сапасының жақсаруына пайдалы әсер етеді.
Қазіргі кезде биопрепараттар өндірісі шағын бизнеc көзіне айналған. Нарықта биотыңайтқыштар құрғақ, қоймалжың немесе сұйық препараттар түрінде тауар өндірушілерге ұсынылып жатыр. Тыңайтқыштарды ғылыми негізсіз қолданған жағдайда оның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тиімсіздігімен қатар, экологиялық келеңсіздіктерге алып келетінін ұмытпағанымыз абзал. Тыңайтқыштың қоршаған ортаға келтіретін залалы оның мөлшерін өсімдіктің қажеттілігінен шамадан тыс асырып немесе басқа элементтермен теңгерімсіз бергенде байқалып жатады.
Дегенмен тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда кейінгі 25 жылда Қазақстандағы тыңайтқыштарды қолдану деңгейі өте төмен (0,5-4,0 кг/га) болғанын ескерсек, оның экологиялық ортаға келтіретін зиянының анағұрлым көп емес екенін көреміз. Тек кейінгі 5-7 жылда ғана аздаған оң динамика байқалып, әр гектарға қолданылатын тыңайтқыш мөлшері 8-9 кг-ға әзер жетіп отыр. Бұл бәрібір әлемдік деңгейден анағұрлым төмен, ал кейбір ауыл шаруашылығы өндірісі дамыған елдерде – Жаңа Зеландия мен Малайзия елінде 1 700-2 100 кг болса, Еуропа, Бразилия, Қытай, Жапония елдерінде 200-400 кг болып отыр.
Әрине, Алматы облысындағы өсірілетін дақылдардың жер көлемі мен құрылымын ескерсек, мұндағы тыңайтқыш қолдану деңгейінің де жалпы республикалық деңгейден көп алыс кете қоймағанын болжауға болады. Шындығына келсек, біз байқағандай тыңайтқыштар негізінен техникалық дақылдар, көкөніс және картоп егістігінде ғана енгізіліп жататынын байқауға болады, оның өзі де жеткіліксіз мөлшерде немесе теңгерімсіз. Шаруалар көбіне тек қолы жеткен азот және фосфор тыңайтқыш түрін ғана қолданып жатқанын байқаймыз. Мұндай теңгерімсіз қолданылған тыңайтқыш дозалары дақылдың толық қажеттілігін өтемегендіктен, егістік жердің әр гектарына шаққандағы өнімділік межелі деңгейден әлдеқайда төмен болып жатады. Біздің бұрынғы Алматы облысы Ескелді ауданының «Нам» шаруа қожалығында арнайы жүргізілген танаптық тәжірибелеріміз, әр гектарға шаққандағы картоп өнімділігін 50 тоннаға дейін, ал пияз өнімділігін 80 тоннаға дейін көтеруге болатынын көрсетті. Біз бұл тәжірибеде дақылдың межелеген өнімділігіне қажетті азот, фосфор және калийдің дозаларын топырақтағы олардың жетімді мөлшерін есепке ала отырып қолданудың маңызын дәлелдедік. Осындай тәжірибелердің басқа да дақылдардың тұрақты межелі өнімділігін алуда өте маңызды екенін баса айтқымыз келеді. Сондықтан қазіргі цифрлық, дәл және интенсивті егіншілік жағдайында мұндай есептік жолмен анықталған тыңайтқыш дозаларын қолданудың өзектілігіне және болашақта осы әдісті қолданудың маңыздылығына күмән келтіруге болмайды.
Тағы бір ерекше көңіл бөлетін нәрсе – кеңестік дәуірде топырақтың типіне қарай әртүрлі дақылдарға тыңайтқыштарды бекітілген нормативтер бойынша қолдану ұсынылатын. Ол кездері мамандандырылған арнайы агрохимиялық зертханалар әр бес жылда шаруашылықтың егістіктерінен топырақ үлгілерін алып ондағы қоректік заттардың жетімді мөлшерін анықтап, егістіктің агрохимиялық картограммаларын жасап отыратын. Әрине, жоспарлы экономикадағы кеңестік шаруашылықтар бір орталықтан үйлестіріліп, тыңайтқыштармен қажетті деңгейде қамтамасыз етіліп отыратын.
Бүгінде жағдай мүлдем өзгерген, жеке шаруалардың өз еркіндігі болғандықтан шаруашылықты басқаруда да өзгешеліктер бар. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылық тауар өндірушілерге біршама жеңілдік – субсидиялар, лизингтер, жеңілдетілген несие беру, т.с.с. қарастырылғанмен, оларды толыққанды үйлестіріп, тиімді пайдалану механизмдері толық шешімін таппай келеді. Қазақстандағы отандық тыңайтқыш өндірушілер (негізгілері «Казазот» және «Казфосфат») 2,5-3,0 млн тонна болатын ішкі қажеттіліктің 1/5 ғана қамтамасыз етіп отыр. Оның өзі азот пен фосфор ғана, ал калийді сырттан аламыз.
Алматы облысындағы жер көлемі едәуір және топырақ құнарына сұранысы жоғары дақылдар көкөністер, картоп және қант қызылшасы екенін ескерсек, бұл дақылдарда да тыңайтқышты қолданудың үйлестірілген жүйесінің жоқтығы, топырақ құнарлылығын бағалап, ұсыныстар беріп отыратын арнайы мамандандырылған зертханалардың болмауы олардың өнімділігін арттыруға әлі тежеу болары анық екені көрінеді. Алматыдай мегаполисті көкөніс пен картопқа сұранысын толық қанағаттандыру үшін осы дақылдардың тұрақты жоғары межелі өнімділігін қамтамасыз ететін кластерлер аясында арнайы тыңайтқыш қолданудың жүйелі бағдарламасы жасалып, тауар өндірушілерге ұсынылуы керек сияқты.
Картоп және көкөніс дақылдары гектарына 300-500 кг тыңайтқыш енгізуді қажет етеді. Картоп және көкөніс плантацияларының дені облыстың сұр, ашық және күңгірт қоңыр, қара топырақты аймақтарындағы суармалы жерлерде орналасқанын ескерсек, тыңайтқыштарды қолдану әдістері мен олардың дозаларын анықтаудың да ерекшеліктері бар екенін бөле-жара айту керек. Тыңайтқыштарды аймақтың топырақ-климат жағдайын есепке ала отырып қолданудың ғылыми негіздерін қайта дайындау керек. Себебі кеңестік дәуірде болған масштабты өндіріске есептелінген нормативтер бүгінде ескіріп, құнары едәуір құлдыраған топырақ жамылғысының бүгінгі қалыптасқан жағдайына сәйкестендіріп жаңа агрохимиялық ұсыныстар әзірленуге тиіс. Мұндай топырақ-агрохимиялық зерттеулердің негізінде жасалынған ғылыми-өндірістік бағдарламалық және жүйелік ұсыныстар облыс экономикасының жандануына елеулі үлес қосары сөзсіз.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»