• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экология 17 Мамыр, 2023

Топырақтың тозуы – тоқшылыққа төнген қауіп

1121 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VІІІ сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессия­сы­ның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде топырақтың құнарын сақтап, оны жақ­сар­ту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл ретте елімізде тіршілік атау­лыға нәр беретін топырақтың құнары мен құрамын зерттеумен Ө.Оспанов атын­дағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысатынын атап өткен жөн. Топырақ құнарлылығын арттыру, оның қоры мен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді тиімді пайдалану негізінде еліміз­дің азық-түлік қауіпсіздігін ғылыми қамтамасыз ету – институттың негізгі міндеті.Институт ғалымдары топырақта болып жатқан өзгерістердің заңдылықтарын анықтау, егістіктің өнімділігін арттырудың инновациялық технологияларын әзірлеу және оларды өндіріске енгізу бағытында қарқынды жұмыстар атқарып жатыр. Алайда бұл қазіргі заманның жаһандық мәселелері – деградация мен шөлейт­тенуді шешу үшін жеткілікті ме, топырақтың тозуы мен құнарсыздануының басты себебі неде деген сауалдар төңірегіндегі өткір де өзекті ойларын бүгінгі дөңге­лек үстел басында тілге тиек етті. Топырақтың тозуы мен құнарсыздануы Алма­ты облысында да алаңдатарлық күйде екені тақырыпқа арқау болды. Бұл жөнін­де ортаға пікір салғандар – «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохи­мия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, ауыл­шаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Рамазанова, топырақ құнар­лылығы және биологиясы бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылым­дарының кандидаты, доцент Мария Әменқызы, топырақ экологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Гүлжан Бейсеева, тұздалған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруа­шылығы ғылымының магистрі Мақсат Пошанов, агрохимия бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Бақытбек Әміров.

Кешенді бағдарламаны кешіктірмей қабылдау қажет

 

Раушан Рамазанова:

– Елімізде топырақ жамылғысы алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Солтүстіктегі орманды-дала аймағындағы кәдімгі қара топырақтан басталып, оңтүстікте қоңыр және сұр-қоңыр шөлді топырақтарға дейін таралған. Кейінгі жылдары техногендік әсер мен ауыл шаруашылығына пайдалану, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарынан топырақтың тозуы мен шөлейттену үдерістері қарқынды да­мып келеді. Аталған мәселелер ерекше алаңдатушылық туғызады, өйткені бұл республика халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей байланысты.

Қазақстанда экономикалық қатынас­тар­ды қарқынды дамытудың басым ба­ғыт­тарының бірі – табиғи ресурстарды, атап айтқанда, топырақ пен жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану және қорғау, яғни топырақ құнарлылығын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өнімділігін сақтау, артты­ру. Деградация және шөлейттену үде­ріс­терінің қарқынды дамуы нәтижесінде топырақтың құнарлылығы мен ауыл ша­руашылығы дақылдарының өнімділігі күрт төмендеді, жалпы экологиялық жағ­дай нашарлады. Бүгінгі таңда топырақтың тиім­ділігі ғана емес, сонымен бірге әлеует­ті құнарлылығы 40 пайызға төмен­де­ді, суармалы жерлерде тұзданған жер­лердің ауданы 35-37 пайызға өсті, жер­дің топырақ-мелиоративтік және эко­логиялық жағдайы нашарлады, нә­тижесінде ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның өнімділігі кеміді. Егер мемле­кет пен қоғам тарапынан деградация және шөлейттену үдерістерін тоқтату және болдырмау, тозған және эрозияға ұшы­раған жерлердің өнімділігін сақтау және арттыру бойынша шұғыл шаралар қа­былданбаса, болашақта дағдарыстық жағдайлар туындауы мүмкін.

Бүгінде өнімділігі төмен және эрозияға ұшыраған жерлерді сақтау және қалпына келтіру, суармалы жерлердің топырақ-мелиоративтік және экологиялық жағ­дайын жақсарту және жалпы халықты өсім­дік шаруашылығы мен мал шаруашы­лы­ғының экологиялық таза өнімімен қам­тамасыз ету республиканың топырақ және жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен басқарудың жаһандық мәселелері болып саналады. Бұл үшін ең алдымен «Топырақты қорғау туралы», «Ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жерлердің құ­нарлылығын мемлекеттік реттеу туралы» заңдарды және тиісті нормативтік құ­қықтық актілерді немесе ауыл ша­руа­­шылығы мақсатындағы топырақ ресурстары мен жерлерді басқаруды қам­тамасыз ететін, «Құнарлылық» то­лық­­қанды мемлекеттік кешенді бағдар­ла­масын әзірлеу және қабылдау қажет.

«Цифрлы Қазақстан» жаңа мемле­кет­тік бағдарламасының мақсаты – эко­но­миканың негізгі секторларын цифр­ландыру. Топырақ ресурстарын тұрақты бас­қару және топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша жедел шешімдерді қабылдау үшін тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының топырақ ресурстарының ақпараттық жүйесін және қазіргі заманғы топырақ кар­тасының электрондық және қағаздағы нұс­қаларын құру бойынша мемлекеттік қол­дау қажет. Өйткені қазіргі уақытта бұл салалық министрліктердің (АШМ, ҒЖБМ, ЭТРМ) бюджетінде қарастырылмаған. Сондай-ақ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ еншілес ұйым­дарының базасында мемлекеттік тап­сырыс негізінде топырақтың құнар­лы­лығы мен трансформациясының дина­микасын зерделеу бойынша зерттеулер жүргізу үшін мониторингтік алаңдар құру қажет.

Кейінгі жылдары әлемнің барлық елінде, оның ішінде Қазақстанда эколо­гия­лық таза өнім алу ғана емес, ең алдымен топырақтың құнарлылығын сақ­­тау және оның One health and Soil health тұжырымдамалары шеңберінде жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету мақса­ты­мен органикалық егіншілік дамып келеді. Мұнда да топырақтанушы ға­лымдарсыз органикалық өнім нары­ғында ілгерілеу мүмкін емес. Бұл бо­ла­шақта топырақ-агрохимиялық зерт­теу­лер­ді дамытудың ғылыми негізі болады.

Бұл ретте айтарым, мемлекетіміз аграр­лы ел болғандықтан, топырақ құнар­лы­лығы мен одан алынатын өнімнің сапасына тиісті дәрежеде мән берсек, еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуы­ның драйвері бола алады.

 

Ауыспалы егіс топырақ құнарын арттырады

 

Мария Әменқызы:

– Топырақтың құнарлылығына мониторинг жасап және биологиялық бел­сенділігін анықтаймыз. Топырақ – тірі организм, оның құрамында тірі мик­ро­ағзалар болады. Оның бәрі зерттеуді қа­жет етеді. Солтүстікте қарашірінді көп болғандықтан, экспортқа шығатын астық өсіріледі. Оңтүстікте сұр топы­рақ, қарашірінді 2 пайыздан аспайды. Облыс бойынша тыңайтқышқа деген қажеттілік 275 мың тонна көлемінде анықталса, қазіргі уақытта норманың 12 пайызы ғана енгізіледі. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Нарықтық экономика жағдайында егіншілік мәдениетінің жалпы құлдырауы, ғылым мен өндірістің әлсіз байланысы, қаржылық-экономикалық тұрақсыздық және ауыл шаруашылығын материалдық қамтамасыз ету деңгейінің төмендеуі, топырақтың құнарлылығын сақтау мәселелерін шешу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Мұндай жағдайларда топырақтың тиімді құнар­лылығын сақтау үшін бірқатар үнем­ді, арзан агротехникалық шараны ат­қару қажет. Алматы облысы Балқаш ауданындағы Ақдала массивінде кү­ріш негізінен сортаң топырақтарда өсі­рілетіндіктен, мұндағы егіншілік жүйесі инженерлік мелиорацияланған жер мен су ресурстарын жоғары тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Ол топырақ құнарлылығын жоғары деңгейде ұстау, олардың мелиоративтік және жалпы экологиялық жағдайын жақсарту шарттарына сәйкес келуі керек.

Шаруашылықтың барлық жерін барынша ұтымды пайдалануға және оларды мақсатқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік беретін дұрыс ғылыми негізделген ауыс­палы егіс – шаруашылық жүйесіндегі негізгі буын. Өкініштісі, кейінгі жылдары нарық жағдайында жер иелерінің тұтынушылық көзқарасы жиі байқалып, бұрын жасалған ауыспалы егістіктерде егістердің кезектесуі бұзылып, топырақ құнарлылығына бірден кері әсер етті. Жыл сайын топырақтың табиғи құнар­лылығы нашарлап, кей жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарының аурулары мен зиянкестерінің ошақтары жаппай пайда болып жатыр. Топырақтың орга­никалық заттарының құрамын арт­тырудың тағы бір әдісі – ауыспалы егіс­те аралық дақылдарды егу. Ақдала мас­сивінің топырағы мен климаттық жағ­дайы күріш жинағаннан кейін күздік бидай, күздік қарабидай, күздік рапс сияқты аралық дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Қарашіріктің оң балансын құруда және топырақ құнарлылығын арттыруда жерлердің мелиоративтік жағдайы да маңызды. Өкініштісі, кейінгі жылдары айтарлықтай нашарлап барады. То­пырақтың қайталама сортаңдануын және батпақтануын болдырмау үшін олар­дың мелиоративтік жағдайын бақы­лау­ға және олардың алдын алу бо­йынша тиісті, уақтылы және тиімді ша­раларды әзірлеуге көп көңіл бөлу қа­жет. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру топырақтың органикалық заттарының оң балансына қол жеткізуге, топырақ құнарлылығын молайтуды ке­ңейтуге және күріш пен онымен байланысты дақылдардан тұрақты жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл массивтің топырақтары қоректік заттармен қамтамасыз етілуі жағынан «Жер ресурстарын қорғау мен пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес әртүрлі дәрежеде тозған және қоректенуді жақсартуға бағытталған шұғыл топырақ-мелиоративтік және агро­химиялық шараларды талап етеді.

Көптеген жер иеленуші мен жер пай­даланушы, өкінішке қарай, то­пырақ­тың ерекшеліктеріне өте аз мән береді, сондықтан олар жерді жырту жеткілікті және одан өнім алсақ болды деп оны бұзады. Бірақ қысқа мерзімде мол өнім алуға тырысып, жерді өнім бере алғанша аяусыз игеріп, кейін сарқылды деген желеумен тастап кететіндер де бар. Ал жерге жекеменшік жағдайында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ ресурстарын пайдалануға тиімді мемлекеттік бақылау болмаған және жердің сапасын жақсартуға ынталандыру болмаған жағдайда мұндай жер пайдаланушылар көбейіп бара жатыр. Сондықтан да көптен бері жер телімдерін топы­рақ-экологиялық паспорттау жүйесінің қажеттілігін айтып келеміз. Қалыпты дамыған елдердегідей, жердің сапасы туралы мәліметтері бар төлқұжат несие беру және топырақты пайдалануды бақылау үшін негіз болуы керек. Түптеп келгенде ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын ұтымды пайдалану және молайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қажет деп есептейміз.

 

Демалыс орындарының да зияны бар

 

Гүлжан Бейсеева:

– Топырақ экологиясы бөлімінің негізгі ғылыми бағыттары – бүлінген жерлерді зерттеу, оларды рекультивациялау, табиғи жолмен қалпына келу және биологиялық рекультивациялау жағдайында техногендік-бүлінген ландшафтарда бастапқы топырақ түзілу үрдісін зерттеу. Топырақ жамылғысының экологиялық проблемалары – деградация, ластану және эрозия үрдістері бойынша ғылыми зерттеулер жасалады. Бөлім қызметкерлері Алматы облысында сирек кездесетін өсімдіктер топырағының экологиялық жағдайына зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл үшін алдымен сол өңірдің картасы жасалып, соған сәйкес Талғар, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Райымбек аудандарында болып қайттық. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл аудандарда жел эрозиясына, су эрозиясына ұшыраған жерлер өте көп кездеседі. Алысқа бармай-ақ Алматының төрінде Медеу саябағы бар. Кезінде шенеуніктер сол жердің аумағын үй салуға беріп жіберген. Сал­дарынан құрылыс ережелерін сақтамай көп­теген демалыс орны салынған. Тау топырақтарының түбінде топырақ түзуші жыныс болады. Ол өте жылжығыш келеді. Жаңбыр жауғанда, қар ерігенде су сіңіп, содан топырақ жылжиды. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ, саңы­рауқұлақтай қаптатып құрылыс салып жатыр. Медеуді зерттегенде соның куәсі болдық. Топырақтың құнары шайылып кеткен, эрозияға ұшыраған.

Менің осы институтта жұмыс істегені­ме 48 жыл болды. Кеңес дәуірінде то­пырақтану ғылымына көбірек көңіл бөлінетін. Қазір оның ширегі де жоқ. Жыл сайын түрлі жобаларға конкурс жарияланады. Сол жобаларда топырақтану деген бір сөзді кезіктіре алмайсыз. «Топырақ» деген сөз атауымен жоқ. Өсімдік қайда өседі? Топырақта өседі. Ал өсімдік өсіру үшін топырақтың құрамын, құнарын зерттеу керек. Өсімдікке қоректік элементтер жетпейтін болар, не болмаса тұзды топырақ шығар. Оны зерттеп, ойланып, бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Ол жерде топырақ деген сөз жоқ, бәрін жер деп атайды. Жердің өзі топырақтан тұрады.

Мал жайылады, есепсіз машина жү­реді, салдарынан топырақ деградацияға ұшырайды. Бұл жағдай жоғарыда айтқан Медеу, Көлсай сынды адам қарасы үзіл­мейтін демалыс орындарынан байқала­ды. Малдың тұяғынан көптеген жердің өсімдіктері тапталып, құрып кеткен. Яғни эрозияға ұшыраған. Алматы облысында аталған аудандардың барлық жерінің топырағының экологиялық деградацияға ұшырағанын зерттедік. Қаншама жерде алма бақтар қараусыз, күтімсіз қалған. Шіріп, құрт жеп жатыр. Ағаш шірісе, то­пырақ зақымдалады. «Алма шіріп жатыр» деп неше түрлі тыңайтқыштар пайда­ланамыз. Ал ағаштың тамырына, яғни топыраққа мән бермейміз. Мүмкін ол жерде қышқыл топырақ шығар, топырақтың қышқылы артса, өсімдіктің тамыры шіри бастайды.

Қазақтың жері кең деп қаншама жерді қазып тастаған обал. Жер де тозады. Оны мәпелеп ұстау керек. Қоқыс қал­дықтарын көрінген жерге төгеді. На­рынқол, Кеген аудандарында жердің көбін жекешелендіріп алған. Жердің иесі бар, бірақ иесіз. Пайдаланылмаған, күтім жоқ. Салдарынан деградацияға ұшыраған. Арамшөп басқан. Жерге күтім жасалынбайды. Кегенде үнемі жел соғып тұрады. Соның әсерінен топырақ жел эрозиясына ұшыраған. Осылай әр ауданның топырағының экологиялық жағдайын анықтап беретін – жалғыз осы институт. Кезінде бұл институтта 800-ге дейін адам жұмыс істеген. Біртіндеп азайып, жүзге жуық маман қалды. 15 шақты бөлімнің жартысы қысқарып кетті. Топырақты тү­бегейлі зерттеумен айналысатын маман­дар жоққа айналды.

Суды атыз бойынша суарады. Негізі суаратын жердің өз нормасы болады. Өсім­дікке қажет фосфор, калий, азот де­ген элементтерді шайып кетеді, нәти­же­сінде су эрозиясына ұшырайды. Сосын ол жер­де өнім өссе де өнім сапасы төмен болады.

 

Тұзданған аймақтарды зерттеу маңызды

 

Мақсат Пошанов:

– Негізінде Алматы облысында тұз­данған топырақтар Балқаш ауданын­дағы күріш алқаптарында кездеседі. Осы тұзданған аймақтарды зерттеп, оны­мен күресу іс-шараларын ұйымдастыру және солардың ғылыми негіздерін жасау маңызды. Тұздану топырақтар негізінен тереңдік бойынша зерттеледі. Беткі қабаты, жыртылатын қабаты, ортаңғы, одан кейінгі төменгі қабаты. Тұзданудың екі-үш түрі бар. Ол антропогендік, яғни дұрыс суармаудың нәтижесінде, судың басқа көздерден келуі немесе табиғи құбылыс арқылы тұзданады. Олармен күресу ретінде дәстүрлі әдіс пайдаланамыз. Топырақты жыртып, сумен бастырып, шаю және еріген тұзды егістік көлемінен шығарып тастау. Одан кейін химиялық әдістеріне фосфогипс шашу. Фосфогипс құрамында кальций болады. Ал топырақтың тұздану үдерістерінің негізгі зиян келтіретін ол құрамындағы натрий болып есептеледі. Соны кальций ығыстырып шығарып, топырақтың құрамын жақсартады. Кальций басым болса, топырақтың құры­лымы жақсарады да құнарлығы артады.

Алматы облысының таулы аймақ­тарын­да тәлім (богара) егіншілік, яғни ол жерлер суаруды қажет етпейді. Сон­дықтан тұздың проблемалары көп емес. Ал негізінен суарылатын жерлерде тұз­дану үдерісі кездеседі.

Тұзданудан бөлек агрохимиялық қыз­меттер, зерттеулер көрсетеміз. Топы­рақ­тың құрамында қандай макроэлементтер барын, оның қай мөлшерде екенін анықтаймыз. Соған байланысты тыңайтқыштың нормасы есептеледі. Ол дегеніміз экономикалық жағынан артық шығынға жол бермей, тиімділі­гін арттыру болып саналады. Бірінші, топырақтың құрамын анықтап, соған сәйкес тыңайтқыштың керегін ғана бересіз. Ол жоспарланған өнімге байланысты. Кейінгі жылдары бұл мәселеге ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар көптеп жүгініп жатыр. Халықтың көзі ашылып, өзінің иелігіндегі жерді пайдаланудың экономикалық жағынан тиімділігін ескеретін болған.

Стандарт бойынша суармалы жерде 5 гектардан бір топырақ үлгісі алынады. Ал тәлім жерлерден 25 гектардан 1 топырақ үлгісі алынады. Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, жылдан-жылға топырақтың құнарсыздануы байқалады. Жерден өнім алғаннан кейін тыңайтқыш сеуіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гізбейді. Тыңайтқыштың өзі жеткіліксіз мөлшерде беріледі.

 

Тыңайтқыштардың ғылыми негіздерін қайта дайындау керек

Бақытбек Әміров:

– «Топырақ – өмірдің ұлы дәнекері, барлығының қайнар көзі және соңғы баратын жері. Ол – емші, қалпына келтіруші және қайта тірілтуші. Ол ауруыңнан айықтырады, кәріңді жасартады, өлім­діні өмірлі етеді. Күтімі жоқ топырақта өмір сүру мүмкін де емес» деген екен аме­рикалық жазушы Уэнделл. Расын­да топырақтың құнарлылығын сақ­тау – өзіміздің және болашақ ұрпағы­­мыз­дың азық-түлік қауіпсіздігінің ғана емес, олардың өмір сүретін ортасының сақ­талуы мен сапалылығының, алуан түр­лілігінің кепілі. Ал агрохимия – осы то­пырақтағы дақылдарға қажетті қо­рек­тік заттардың қорын қажетті мөл­шерде қамтамасыз етуді реттейтін үл­­кен ғылым саласы. Агрохимия – «топы­рақ – өсімдік – тыңайтқыш» жүйе­сін­дегі қоректік заттардың айналы­мын, олардың ауыл шаруашылығы да­қылдарының өнімділігіне, сапасына әсерін және топырақ құнарлылы­ғын сақтау мен арттыруды зерттей­тін, сондай-ақ тыңайтқыштарды қолданудан туындайтын экологиялық проблемалардың оңтайлы шешімін ұсынатын ғылым.

Барлық тыңайтқыш органикалық, ­минералды, органо-минералды, бакте­рия­лық және микротыңайтқыштар бо­лып бөлінеді. Органикалық тыңайтқыш­­тар­ға үй жануарларының көңі, құс саң­ғы­ры­ғы, компост, ағаш үгінділері мен жоң­қалар, өсімдік қалдықтары және жа­сыл тыңайтқыштар (сидераттар) жа­тады, тізбелей берсек өте көп. Кейін­гі жылдары ауыл шаруашылығы дақыл­да­рын өндіру ісінде жаңа үрдіс пайда болды, ол биотыңайтқыштарды қол­дану. Биотыңайтқыштар – бұл макро­эле­менттердің биожетімділігін байы­ту арқылы топырақ құнарлылығын арт­­ты­ру­ға көмектесетін микроорганизмдер негізінде дайындалатын қоспа­лар. Био­тыңайтқыштарды биогумусты немесе вер­микомпосты пайдаланып топырақтағы қоректік заттар құрамын симбиотикалық микроорганизмдер ар­қылы байытып, жетілдіруге болады. Микроорганизмдер азотты бекітуді және фосфорды ерітуді арттырып, өсім­дік­тердің өсуі мен дамуын ынталандырады. Биотыңайтқыштарды қосымша микроэлементтермен байыту топырақтағы қоректік элементтердің тиім­ді сіңірілуіне ықпал етіп, дақылдар­дың жедел өніп-өсіп жетілуіне және өнім­діліктің артып, сапасының жақсаруына пайдалы әсер етеді.

Қазіргі кезде биопрепараттар өнді­рі­сі шағын бизнеc көзіне айналған. На­рықта биотыңайтқыштар құрғақ, қой­малжың немесе сұйық препарат­тар түрінде тауар өндірушілерге ұсы­ны­лып жатыр. Тыңайтқыштарды ғы­лы­ми негізсіз қолданған жағдайда оның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тиімсіздігімен қатар, экологиялық келең­сіздіктерге алып келетінін ұмыт­па­ғанымыз абзал. Тыңайтқыштың қоршаған ортаға келтіретін залалы оның мөлшерін өсімдіктің қажеттілігінен шамадан тыс асырып немесе басқа элементтермен теңгерімсіз бергенде байқалып жатады.

Дегенмен тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда кейінгі 25 жылда Қазақстандағы тыңайтқыштарды қолдану деңгейі өте төмен (0,5-4,0 кг/га) болғанын ескерсек, оның экологиялық ортаға келтіретін зиянының анағұрлым көп емес екенін көреміз. Тек кейінгі 5-7 жыл­да ғана аздаған оң динамика бай­қалып, әр гектарға қолданылатын тыңайт­қыш мөлшері 8-9 кг-ға әзер жетіп отыр. Бұл бәрібір әлемдік деңгейден анағұрлым төмен, ал кейбір ауыл шаруашылығы өндірісі дамыған елдерде – Жаңа Зеландия мен Малайзия елінде 1 700-2 100 кг болса, Еуропа, Бразилия, Қытай, Жапония елдерінде 200-400 кг болып отыр.

Әрине, Алматы облысындағы өсі­рілетін дақылдардың жер көлемі мен құрылымын ескерсек, мұндағы тыңайтқыш қолдану деңгейінің де жалпы республикалық деңгейден көп алыс кете қоймағанын болжауға болады. Шындығына келсек, біз бай­қағандай тыңайтқыштар негізінен техникалық дақылдар, көкөніс және картоп егістігінде ғана енгізіліп жататынын байқауға болады, оның өзі де жеткіліксіз мөлшерде немесе теңгерімсіз. Шаруалар көбіне тек қолы жеткен азот және фосфор тыңайтқыш түрін ғана қолданып жатқанын байқаймыз. Мұндай теңгерімсіз қолданылған тыңайтқыш дозалары дақылдың толық қажеттілігін өтемегендіктен, егістік жердің әр гектарына шаққандағы өнімділік межелі деңгейден әлдеқайда төмен болып жатады. Біздің бұрынғы Алматы облысы Ескелді ауданының «Нам» шаруа қожалығында арнайы жүргізілген танаптық тәжірибелеріміз, әр гектарға шаққандағы картоп өнімділігін 50 тон­наға дейін, ал пияз өнімділігін 80 тоннаға дейін көтеруге болатынын көрсетті. Біз бұл тәжірибеде дақылдың межелеген өнімділігіне қажетті азот, фосфор және калийдің дозаларын топырақта­ғы олардың жетімді мөлшерін есепке ала отырып қолданудың маңызын дәлелдедік. Осындай тәжірибелердің басқа да дақылдардың тұрақты межелі өнімділігін алуда өте маңызды екенін баса айтқымыз келеді. Сондықтан қазіргі цифрлық, дәл және интенсивті егіншілік жағдайында мұндай есептік жолмен анықталған тыңайтқыш дозаларын қолданудың өзектілігіне және болашақта осы әдісті қолданудың маңыздылығы­на күмән келтіруге болмайды.

Тағы бір ерекше көңіл бөлетін нәр­се – кеңестік дәуірде топырақтың типіне қарай әртүрлі дақылдарға тыңайтқыштарды бекітілген нормативтер бойынша қолдану ұсынылатын. Ол кездері мамандандырылған арна­йы агрохимиялық зертханалар әр бес жыл­да шаруашылықтың егістіктерінен топы­рақ үлгілерін алып ондағы қоректік зат­тардың жетімді мөлшерін анықтап, егіс­тіктің агрохимиялық картограммаларын жасап отыратын. Әрине, жос­пар­лы экономикадағы кеңестік шаруашы­лық­тар бір орталықтан үйлестіріліп, ты­ңайтқыштармен қажетті деңгейде қам­тамасыз етіліп отыратын.

Бүгінде жағдай мүлдем өзгерген, жеке шаруалардың өз еркіндігі болғандықтан шаруашылықты басқаруда да өзгеше­лік­тер бар. Мемлекет тарапынан ауыл­ша­руашылық тауар өндірушілерге бір­шама жеңілдік – субсидиялар, лизингтер, жеңілдетілген несие беру, т.с.с. қарастырылғанмен, оларды толық­қан­ды үйлестіріп, тиімді пайдалану ме­ханизмдері толық шешімін таппай келеді. Қазақстандағы отандық тыңайтқыш өндірушілер (негізгілері «Казазот» және «Казфосфат») 2,5-3,0 млн тонна болатын ішкі қажеттіліктің 1/5 ғана қамтамасыз етіп отыр. Оның өзі азот пен фосфор ғана, ал калийді сырттан аламыз.

Алматы облысындағы жер көлемі едәуір және топырақ құнарына сұранысы жоғары дақылдар көкөністер, картоп және қант қызылшасы екенін ескерсек, бұл дақылдарда да тыңайтқышты қолданудың үйлестірілген жүйесінің жоқтығы, топырақ құнарлылығын ба­ғалап, ұсыныстар беріп отыра­тын ар­найы мамандандырылған зертха­на­лар­дың болмауы олардың өнімділігін арт­тыруға әлі тежеу болары анық еке­ні көрінеді. Алматыдай мегаполисті көкөніс пен картопқа сұранысын толық қана­ғаттандыру үшін осы дақылдар­дың тұрақты жоғары межелі өнімділігін қамтамасыз ететін кластерлер аясында арнайы тыңайтқыш қолданудың жүйелі бағдарламасы жасалып, тауар өн­дірушілерге ұсынылуы керек сияқты.

Картоп және көкөніс дақылдары ­гектарына 300-500 кг тыңайтқыш енгі­зу­ді қажет етеді. Картоп және көкөніс плантацияларының дені облыстың сұр, ашық және күңгірт қоңыр, қара топы­рақты аймақтарындағы суармалы жер­лерде орналасқанын ескерсек, ты­ңайт­қыштарды қолдану әдістері мен олардың дозаларын анықтаудың да ерек­шеліктері бар екенін бөле-жара айту керек. Тыңайтқыштарды аймақ­тың топырақ-климат жағдайын есепке ала отырып қолданудың ғылыми негіз­дерін қайта дайындау керек. Се­бебі кеңестік дәуірде болған масштабты өндіріске есептелінген нормативтер бүгінде ескіріп, құнары едәуір құл­ды­раған топырақ жамылғысының бү­гінгі қалыптасқан жағдайына сәйкес­тендіріп жаңа агрохимиялық ұсы­ныстар әзірленуге тиіс. Мұндай топы­рақ-агрохимиялық зерттеулердің негі­зінде жасалынған ғылыми-өндірістік бағдарламалық және жүйелік ұсыныстар облыс экономикасының жандануына елеулі үлес қосары сөзсіз.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»