Қостанайда «Экология және өрт дағдарысынан кейінгі тұрақты даму» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Экологиялық мәдениетті арттыру және өңірде қолайлы экожағдай қалыптастыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жобасы аясында өткен іс-шарада Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай орманын қалпына келтіру мәселелері талқыланды.
Жиынға Қазақстанның Экологиялық қорының мамандары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілдері, Әулиекөл ауданының әкімі, депутаттар, экологиялық ұйымдар мен жалпы білім беретін мекемелердің өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар қоршаған ортаның балалардың денсаулығына әсері, оларды шешу жолдары туралы мәселелерді де қозғады. Ал Қазақстан экологиялық қорының президенті Айгүл Абдуалиева экологиялық білімді ілгерілетудің маңызын атап өтіп, қордың алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Қордың маңызды міндеттерінің бірі – ормандарды сақтау, соның ішінде былтыр тосын апаттан зардап шеккен Аманқарағай орманын қалпына келтіру, қалалық жасыл аймақтарды абаттандыру, жастарға экологиялық білім беру, еліміздің жасыл қорын қалпына келтіру жобаларына бизнес ресурстарын тарту. Мәселен, біз 2-3 мамырда Қостанай облысында қараағаш, шие, ырғай, алма, қарағай секілді 500-ден аса ағаш көшетін отырғыздық. Бұлар – біздің климаттық жағдайымызға жақсы бейімделетін, еркін тамыр жаятын ағаштар», дейді жоба үйлестірушісі Қ.Жазбаева.
Әулиекөл ауданы әкімдігінің өкілдері жиынға қатысушыларға жергілікті жерде жүріп жатқан абаттандыру жұмыстарының жайымен таныстырды. Жалпы, өрттен зардап шеккен орманды қайта қалпына келтіру үшін шамамен ондаған жыл керек. Алдымен өртенген ағаштар кесіліп, орман алқабы толықтай тазартылады. Жалпы, қызыл жалын жойған орман алқабының 75 пайызына қарағай, 25% пайызына қайың отырғызу жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, орман шаруашылықтарында қайың көшеттерінің қоры жеткілікті, ал қарағай көшеттері көршілес Ақмола облысынан әкелініп жатыр. Биыл тазартылған орман алқаптарына 1 млн түптен аса екі жылдық қайың көшеттері отырғызылады.
Қостанай облысы