Екібастұздың жылу жүйесі мен жылу-энерго орталығындағы жабдықтарды жаңғыртуға биыл 26,3 млрд теңге жұмсалмақ. Жергілікті бюджеттер мен Үкіметтің резервінен 19 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. «ОАЭК» АҚ және ERG компанияларымен жасалған меморандумдарға сәйкес биыл Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жалпы ұзындығы 49 шақырым жылу құбырлары, энергия көздеріндегі 40-қа жуық қазандық жабдығы жаңарады.
Бұған дейін жазғанымыздай, өңірдің үш қаласындағы жылу желілеріне, ЖЭО-ларға гидравликалық және температуралық сынақ жүргізіліп, Павлодар мен Екібастұз шаһарларында бұл жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі күні жөндеу бригадалары толыққанды жұмыс цикліне көшіп, қаусап тұрған жылу құбырларын ауыстыруға кірісіп те кеткен. Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов Екібастұздағы апат үшін кінәлі тұлғалар қатарында аталып, лауазым иесіне қатаң сөгіс жарияланса да, әзірше орынтағын босатқан жоқ. Бұл әкімшілік жаза басқарманың жөндеу жұмыстарын үйлестірудегі әрекеттеріне оң әсер етеді деген үміттеміз. Былтырғы салғырттық қайталанбай, алдағы ауқымды жаңарту іс-шаралары орнымен іске асса, келер қысты Кереку жұрты еш уайымсыз өткізетініне сене беруге болар.
Е.Салхановтың мәліметінше, сынаулар нәтижесінде анықталған зақымдануларды жамап-жасқау, қажет болса құбырды ауыстыру шаруалары көшелерде жүргізіліп жатыр. Мысал үшін, Павлодар қаласы бойынша жылу құбырларынан 258 зақымдану тіркеліпті.
Үкіметте аталып өткендей, Ертіс-Баян өңіріндегі жылу желілерінің тозуы 82 пайызды құрап отыр. Екібастұздағы алапат апатты ескерген министрліктер жыл басында аймақтың жылу жүйесіндегі тозу көрсеткішін аз да болса азайту үшін бұрын-соңды болмаған қаражат бөлеміз деп уәде еткені есімізде. Үкімет резервінен, облыстың және Екібастұз қаласының қазыналарынан бөлінген қаражаттардың басын қоссақ, жалпы сомасы 18,9 млрд теңге шығады. Биыл «ОАЭК» компаниясы көмірлі шаһардағы жылу желілерін және Екібастұз жылу-энерго орталығындағы бірнеше қазандық агрегатын коммуналдық меншікке, яғни мемлекет иелігіне өткізгені мәлім. Әлгі қаражаттың 11,5 млрд теңгесі тұп-тура жылу желілерін жаңартуға жаратылады. Тағы 7,4 млрд теңге жылу кәсіпорнындағы су жылытқыш 5 қазандықты күрделі жөндеуге бағытталмақ. Ал облыс әкімдігі мен «ОАЭК» арасындағы меморандумға сәйкес кәсіпорын иелері тағы 5 бу қазандығын жөндеу үшін 7,4 млрд теңге бөлуі керек. Осылайша, жалпы сомасы 26,3 млрд теңге бір ғана Екібастұздағы жылу жүйесін алдағы қысқа сай етуге жеткілікті болады.
– Павлодар облысы бойынша ЖЭО-лардағы 40 технологиялық жабдық, 12 энергиялық блок, 19 қазандық, 6 турбина, 3 түтін мұржасын модернизациялау жоспарланып отыр. Үш қалада жалпы ұзындығы 49 шақырым жылу құбырлары жаңартылады. Оның ішінде Екібастұзда – 17,2, Павлодарда – 18,9, Ақсуда 13 шақырым магистралдық желілер ауыстырылады деп жоспарланған. Қазіргі күні орамішілік, магистралдық жылу құбырларын жөндеуге бригадалар кірісіп кеткен. Алайда кейбір үйлерде басқару формаларының жоқтығы мәселе тудырып отыр. Бұл орайда қалақұраушы ірі кәсіпорындарды іске қостық. Мысал үшін, Екібастұзда көпқабатты 186 үйде басқару формасы тіркелмеген, оларды дайындауды жергілікті еңбек ұйымдарының қолына тапсырдық. Біз қалалардың жылу беру саласындағы осал тұстарын жақсы білеміз. Алдағы жылдары Павлодар қаласының оңтүстік бөлігінде жылу жетіспеушілігі ықтимал екенін ескере отырып, ERG компаниясымен №8 бойлер қондырғысын реконструкциялау бойынша келісімге келдік. Жоба биыл іске асып, қалаға қосымша 118 Гкал жылу беру мүмкіндігі пайда болады. Сондықтан алдағы бес жылда қазіргі қосылған тұтынушылар үшін жылу энергиясы бойынша тапшылық болмайды деп болжап отырмыз, – дейді Е.Салханов.
Облыс орталығындағы жылу желілері мен ЖЭО-ларға техникалық аудит жүргізген «Павлодартехэнерго» ЖШС басшысының орынбасары Сергей Олейник шаһардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтынын, оның 450 шақырымы «Павлодар жылу желілері» мекемесіне қарайтынын айтады. Маман облыс орталығында Екібастұздағыдай төтенше жағдай орын ала қалса, оның ауқымы дәл сондай болмайтынын айтады. Себебі Павлодар қаласында бүгінде 3 ЖЭО бар. Бірі істен шықса, шаһарға жетпеген жылу жүйесін екіншісіне қосылып алуға әбден болады.
«Севказэнергопром» ЖШС-нің басшысы Владимир Пешков та осындай пікірді ұстанып отыр. Себебі бұған дейін облыс орталығында жүйелік апаттар бірнеше мәрте орын алып, жылу беру стансалары бір-біріне көмектескен. 2018 жылы қақаған қыста Малайсары көшесіндегі ЖМ-10 құбырында компенсатор үзіліп, ақау шыққан жерді жөндеушілер екі тәулік бойы таба алмаған. Осы уақыт ішінде бұл маңайдағы тұрғын үйлер өзге жылу желілеріне қосылып, қатып қалудан аман қалды. №1 ЖЭО-дан шығатын негізгі жылу құбыры аязда шытынап, ортасынан қақ жарылды. Бұл уақытта да қала халқы ауыстырып қосулардың арқасында апатты сезінбей қалды.
– Дейтұрғанмен, қаладағы үш ЖЭО-ның техникалық жағдайы әртүрлі. Мәселен, №3 стансада кейінгі жылдары жаңадан 4 қазандық турбинасы орнатылды. Озық технологиялар бойынша бұл кәсіпорын алда келеді. ЖЭО-2-дегі жабдықтар ескірген. Кезінде бұл станса жанынан қалаға №4 ЖЭО салынатын болып жоспарланған екен. Ал қолданыстағы №3 ЖЭО алюминий зауытының аумағында, ERG компаниясына қарайтынын айтып өтейік. Оның жағдайын қанағаттанарлық деп есептеуге болады, дейді маман.
Негізі норматив бойынша жылу құбырларының қолданыс мерзімі – 25-30 жыл. Алайда Павлодардағы жылу желілерінің кейбірі 50 жылдан бері ауыспаған. Темір құбырлардың шіруі, яғни қабырғаларының жұқаруы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Құбыр ішінде ыстық судан пайда болатын шайындылар да тозуға үлкен әсер етеді. Ал құбырдың жұқаруы бастапқы пішінінен 50 пайызға аспаса, ол жылу беруге жарамды деп есептеледі екен. Жергілікті желілердің көбі желіне-желіне, пышақтың қырындай ғана болып қалғаны мамандарды шошытып отыр. Гидравликалық сынаулар кезінде әдеттегі қысым екі есеге көтеріліп беріледі. Сол уақытта осал тұстар сыр беріп, ыстық су әбден жұқарған тұстарды жарып шығады. Мамандардың тіліндегі ағымдағы жөндеу сондай зақымданған жерлерді жамап-жасқауды білдіреді.
Жергілікті желілердегі тозу көрсеткішін қуып жету үшін бір ғана Павлодар қаласында жыл сайын кемі 10-11 шақырым құбырларды ауыстырып тұру керек екен. Алдағы жылдары биылғыдай қарқын сақталса, көп ұзамай тозуды барынша төмендетуге болады деп санайды мамандар. Тек бір ескеретін жағдай, облыс орталығында кейінгі жылдары құрылыс қарқыны өсе түсуде. «Достық», «Сарыарқа» шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды салынып, «Спорт-сити» қалашығында жаңадан зәулім ғимараттар бой көтеруде. Бұған қоса «Жастар» шағын ауданын салу да көзделіп отыр. Мұның барлығы келешекте жылу тапшылығын тудыратыны даусыз. Сондықтан жылу кәсіпорындарының басшылары ең әуелі қала көшелеріндегі 800 миллиметрлік орталық жылу магистралдарын жаңартуға басымдық берген жөн деп есептейді. Биыл шаһардың бірнеше тұсында осындай үлкен құбырлар ауыстырылады. Мұндай магистралдық құбырларды жаңарту жобаларының құны да қымбат, бір шақырымына 1 млрд теңге жұмсалатын көрінеді. Осыны ескере отырып, алдағы жылдарда бұл бағытқа бөлінетін қаражаттарды еселей түсу көзделіп отыр.
Айтып өтейік, жүргізілген тексерулердің алдын ала нәтижелері бойынша Екібастұздағы апатқа жылу орталығының қызметкерлері кінәлі деп танылған. Әйтсе де жылу саласына жауаптылар төтенше жағдайға адами фактордан бұрын, жылу жүйесінің әбден тозғаны себеп болғанын мойындамасқа болмайды дейді. Қазіргі міндет – шаһардың жылу желілеріндегі осал тұстарды реттеп, жылу беретін мекемедегі жабдықтарды жаңарту. Тозып тұрған барлық құбырды бір сәтте ауыстырып шығу қаржылық және физикалық тұрғыдан мүлде мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан жаңарту жұмыстары биылғыдай қарқында жалғаса берсе, алдағы төрт-бес жылда көмірлі қаланың жылу жүйесі апатсыз режімде жұмыс істеуге қабілетті болуы әбден мүмкін. Апаттан соң дүрлігіп қалған жұрттың көңілін басуға осының өзі де жеткілікті.
Павлодар облысы