Алакөл жағалауында туристік маусым 15 маусымда басталады, деп хабарлайды Egemen.kz Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Биыл жайлы демалысты ұйымдастыру үшін Абай облысының әкімдігі жол картасын әзірледі. Оған 40-қа жуық шара енді. Келушілерді көптеген жаңалықтар күтіп тұр. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов айтып берді.
Айта кетейік, Астанадан Үржарға бірінші болып QazaqAir әуекомпаниясының ұшағы ұшқан болатын.
Сондай-ақ Абай облысында жазғы кезеңде Алакөл көліне жолаушылар тасымалы қарастырылып жатыр.
Қазір Үржар ауданының Алакөл көлінің жағалауында су бұру каналын салу үшін жер құрғату жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Көл жағалауын электрмен жабдықтау мәселесі де шешіліп жатыр. Сараптама қорытындысы алынды. Жобалар жақын арада іске асырылады.
Жазғы кезеңде Алакөл көліне 4 жолаушылар автобусы қатынайды. Сондай-ақ «Семей-Жалаңашкөл» станциясы теміржол маршрутына қызмет көрсетуге тендер өткізілді. Оның жеңімпазы - «Жолаушылар тасымалы» АҚ. Биыл құрамына 5 вагон енген пойыз аптасына 3 рет қатынайды.