• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Тұлға 17 Мамыр, 2023

Сатира сарбазын еске алды

378 рет
көрсетілді

Орал қаласында танымал сатирик, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өмірден ерте кеткен Рашид Шақуды еске алу кеші өтіп, қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы және Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орта­лы­ғы ұйымдастырды. Ескерткіш тақтаның шығынын марқұмның досы, өнер жанашыры Шәһидолла Әбуғали көтеріп алған.

Әл-Фараби атындағы ұлттық уни­вер­ситеттің журналистика фа­куль­тетін бітірген Рашид бүкіл сана­лы­ өмірін Батыс Қазақстан облыстық теле­радио корпорациясында өткізді. Ол қаламгерлігінен бөлек, Ақжайық өңі­рі­­­нің мәдениеті мен өнері, айтулы тұлғалары жайында хабарлар циклін жасаған руханият жанашыры еді. Рашидтің сатиралық шығармалары­­­ның өзі «Тәмам жанның мінін айт, Жал­ған айтпай, шынын айт, Аяп, ішің жылып айт – Адамды бастыр ілгері» дейтұғын Шәкерім ойшылдың қағидасына сай еді.

Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығының «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобасы аясында өткен «Сатираның сойы» атты еске алу іс-шарасында қаламгер туралы әріптестері Бауыржан Халиолла, Сағынтай Бисенғалиев, Бауыржан Ғұбайдуллин, Клара Хамбетовалар әсерлі естелік айтты. Қазақтың тағы бір аяулы тұлғасы – бард ақын Табылды Досымов пен Рашидтің қылаусыз достығы да әңгіме арқауы болды. Рашид Шақудың «Арыс» бас­па­­сынан жарық көрген «Сөз жебесі» атты кітабын ақынның қарында­сы Әлия Шақуова кеңірек танысты­­рып өтті.

«Біз өміріне қаламды серік етіп, қазақтың өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген әріптестерімізді әр­дайым ұмытпаймыз. Болашақта «Құрмет» орденінің, Қазақстан Парламенті­нің «Парламент сөзі» сыйлығының лау­реаты, республикалық «Egemen Qazaqstan» газе­тінде ұзақ жыл қызмет ат­­қар­ған танымал журналист Темір Құ­сайын ағамыздың да тұрған үйіне осын­дай ескерткіш тақта ашылатын болады», деп хабарлады Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Халиолла.

 

Батыс Қазақстан облысы