Жуырда Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ азаптауларға қарсы комитетінің 76-сессиясы өтіп, оған еліміздің делегациясы да қатысты.
Жиында Бас прокуратура өкілдері халықаралық сарапшыларға елімізде жүргізіліп жатқан азаптауларға қарсы шаралар туралы айтып берді. Атап айтқанда, азаптаулармен қоса басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияда бекітілген құқықтардың елімізде сақталуы жайында баяндама жасады.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И.Рогов бастап барған делегация құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева қаласындағы (Швейцария) бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Е.Әлімбаев, Бас прокурордың орынбасары Б.Дембаев, сондай-ақ құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
Бас прокурордың орынбасары Б.Дембаев өз сөзінде Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар, ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру және адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері туралы баяндады. БҰҰ комитетінің мүшелеріне елде Парламенттің рөлін күшейту, аралас сайлау жүйесін енгізу, саяси партияларды тіркеу тәртібін оңайлату, Конституциялық сот жұмысының басталғаны туралы кеңінен мәлімет берілді.
Сонымен қатар халықаралық сарапшыларға азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамалық және тәжірибелік шаралар кешенін іске асыру туралы ақпарат ұсынылды. Олардың ішінде прокурорға азаптауды тергеу бойынша айрықша өкілеттіктерді бекіту, үздіксіз бейнебақылаудың жұмыс істеуі, тергеу органдарының ғимараттарын ашық тергеу кабинеттерімен жарақтандыру, азаматтарды ұстау және жеткізу кезінде бейнежетондарды міндетті қолдану секілді жұмыс барысы таныстырылды.
Елімізде азаптау секілді ауыр қылмыс жасағандарға берілетін жаза күшейтілді. Мәселен, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді азаптау үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Оларға шартты түрдегі жаза берілмейді, рақымшылық, тараптардың татуласуы және қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімі қолданылмайды. Осы және өзге де мәліметтермен бөліскен еліміздің мамандары биылдан бастап пенитенциарлық мекемелерге медициналық қызмет көрсету азаматтық денсаулық сақтау жүйесіне берілгенін, бұл да оқшауланған адамдарға қатысты қатыгездік және зорлық-зомбылық көрсету фактілерін объективті анықтауға ықпал ететінін жеткізді.
Жиын барысында бұлардан өзге өзекті мәселелер, атап айтқанда экономиканы монополиясыздандыру, олигополияларға қарсы күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сонымен қатар, журналистер мен блогерлерді қорқыту, шабуылдау және мүлкін өртеу секілді оқиғалар орын алғаны, елде жүргізіліп жатқан реформалардың беделін түсіретін осы қылмыстарды жасаған 22 ұйымдастырушы әшкереленгені мәлімделді.
БҰҰ Комитет мүшелері еліміздің азаптауға қарсы конвенция талаптарын орындау бойынша қабылдап жатқан шараларына жоғары баға беріп, азаматтарды жоғарыда аталған қылмыстардан қорғауды күшейту бойынша ұсыныстарын айтты. Тараптар сындырлы диалогты және одан әрі ынтымақтастықты жалғастыру үшін өзара сенімхат алмасты.