• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2023

Тоналған Торыш немесе тылсым тасқа тиіспе!

467 рет
көрсетілді

Адам санасы жетіліп, қарны тойынған сайын рухани тұрғыдан әлсіреп, мәдени жұтаңдыққа барынша бой алдыратын тәрізді. Халық даналығына сүйенсек, «семіздікті – қой, оның ішінде қа­ра қой – көтереді», ал Абайша айтқанда, «та­мағы тоқтық, жұмысы жоқ­тық аздырар адам баласын». Әрине, ел ішінде шешімін таппай жүрген мәселе көп, бірақ ең басты байлығымыз – тыныштық, бірақ біз осы тыныштықтың қадірін білмей жүрміз бе деп алаңдаймыз.

Жуырда ғана әлеуметтік желілерде Маңғыстау ауданы аумағындағы Торыш жеріндегі шар тастарды көлі­гіне рұқсатсыз тиеп жатқандардың бейнежазбасы тарады, кейін құқық қорғау орындарының араласуымен тастардың орнына қайтарылғаны хабарланды. Бұл шар тастар – құпиясын еш ғалым әлі ашпаған, еш сұңғыла сырын әлі шеше алмаған табиғаттың тылсым бейнесі. Бізге дейінгі неше ғасыр бойы сол алқапта өз үйлесімін сақтай домалай шашылып жатқан әдемі де жұмбақ тастар. Ғылыми «конкреция» деп аталатын тастар дөңгелек, яғни жер, шар пішінді болып келеді, кейбірінің диаметрі 3-4 метрді құрайтындығы айтылады. Біреулері домаланған алма тәрізді бүтін күйінде, бірі әлдекім қолмен әдейі қақ бөлген алмадай ортасынан жарылып түскен шар тастар кім-кімді де таңғалдырмай қоймайды. Шартасқа шетелден келген туристердің қайран қалмасқа шарасы жоқ, демек біз заманауи құрылыс нысандары дамыған, сән-салтанаты тасыған сәулетті, зәулім қалалардан келген қонақтарды осы дала таңғажайыптарымен таңғалдыра аламыз. Өкінішке қарай, шар тастарды түрлі мақсатта тасып алушылар табылып жатыр.

Ақтау қаласында ашылған әрбір нысан маңын сәндеу үшін, келешекке хат сақтаған капсула салу үшін шар тастарды әкеліп қою дәстүрге айналып барады. Бұл – дұрыс емес, жаратылыс шар тастарға мекен етіп Торышты таңдады, демек тас­тар Торышта тұруы керек. «Артық қыламын деп тыртық қылды» дегендей, сәндейміз деп жүріп табиғаттың сәнін кетіріп, қытығына тиюдің қажеті жоқ. Кейінгі жылдары болып жатқан түрлі табиғи апаттар, аспаннан тырс етіп тамшы тамбайтын құрғақшылық, Маңғыстаудағы көз аштырмай апталап соғатын шаңды дауыл осының бәрі табиғатқа жасалған небір қиянатқа берген ескертуі емес пе екен?

Қоршаған ортаға қатысты тазалық, мәдениет туралы сөз қозғағанда айтылуға тиісті нәрсе аз емес. Бізде тегін тамақ таратса – төбелес, арзан аяқкиім сатылса – талас, ер-әйелі, кәрі-жасы қалмай бірін-бірі тапап өлтірердей өңмеңдеген өлермендер үшін жерге тірідей кіріп кетуге тесік таппай қалатынымызды қайтерсің?! Жасыратыны жоқ, мәдени тұрғыда әлі жетіле алмай келеміз, ақыл-ойдың игілігін көре алмай, тұтына алмай жүрміз. Сөйлеу мәдениетінде тілге алдымен боқтық сөздер оралады, үй алдындағы алаңдарда неше түрлі боқтық сөздерді суша сапырып, бірін-бірі жеті ата, абзал анадан дым қалдырмай сықпырта боқтап жатқандардан құлақ тұнады. Осынау жаман әдетке жасөспірімдер мен бала­лар да үйірсек болып барады. Сондай-ақ сәл нәрсеге бола сабырдан айырылып, бір-бірімізге тікірейе қарап, тіксіне сөйлеп, тіресе кетуге дайын тұратындығымызды қайтерсіз? Жиын-тойдағы әсіре әбестік, жыныққан би мен оспадар ойын ерсілігі туралы да біраздан бері айтуындай айтып келеміз. Мәдени жұтаңдығымыздың тағы бір өкінтетін тұсы – көше, туризм мәдениеті, бұл әсіресе тазалық мәселесіне қатысты. Көшеде жүріп оңды-солды қақырып-түкіру, кез келген орында будақтата темекі шегіп, қалдығын аяқ астына лақтыра салу, әсіресе жаз мезгілінде әртүрлі сусындар мен тағамдардан босаған ыдыстар, қағаздар мен полиэтилен қалталарды бей-берекет шашып кетуден бәріміз де шаршадық. Теңіз жағалауында демалған соң артын саналы түрде жинастырып кету үшін бізге әлі қанша уақыт, қанша есе ақыл-сананың өскені қажет? Қала түгіл, айдаладағы туристік нысандардың маңы да қалдықтардан тұншығып барады. Арнайы сенбілік ұйымдастыру арқылы өзге адамдар жинамаса демалушыларға хабарлама түрінде айту нәтиже берер емес. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегеннің кері осы шығар, бәлкім! Өздері білмейтін, яки білсе де өзінен қалған қоқыс-қалдығын жинауға мойны жар бермейтін, отырып демалған жерін тас-талқан етіп тұрып жүре беретін жандарды кім деуге болады?

Қызғылықты жерлердің қоқыс-қалдық жыры Маңғыстаудағы ағайын үшін өзекті мәселеге айналып тұр. Демалушылардан қалған қал­­дықтарды жинап, жанған оттың орнын тұмшалап, күлін жасыру өзге адамдардың, яғни сенбілікке шыққан әлдебір ұжымдардың міндетіне кіретіндей және бұл мәселе үнемі осы жолмен ғана шешімін тауып келеді.

Маңғыстау облысындағы жолдарды тексеретін мемлекеттік кәсіпорын ұжымы Бозжыра шатқалына барып, тазалық шарасын жүргізді. Бірер сағат ішінде жолшылар тұрмыстық қатты қалдықтарды жиырмаға тарта қапшыққа жинап, қызметтік көлік­термен қоқыс полигонға тасыды. Түстен кейін олар тазалық шарасын шатқалға жақын жердегі Шопан ата қорымында жалғастырды. Өкінішке қарай, қасиетті қорым айналасына шашылған қоқыс та аз болмады – қап-қап бос бөтелке, темекі қораптары мен тағам қалдықтары толып жатыр.

– Автомобиль жолдарының жай-күйін күнделікті қарау кезінде трасса жиегіне шашылған қоқыстарды көрсек, бірден жинап алып жүрміз. Шопан ата, пір Бекет ата басына зиярат ету үшін арнайы шықтық. Қалаға қайтар кезде Бозжыра шатқалына соғып, ондағы келеңсіз көріністі байқадық. Дереу іске кірісіп, шатқал үстіне апаратын екі сүрлеудің бойын қалдықтардан тазартып шықтық. Туристер жиі келетін орындарда қоқыс жәшіктерінің болмауы қынжылтады. Жер­гілікті органдар осыны ескерсе деген тілегіміз бар, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігіне қарасты жол сапа орта­лы­ғының өкілі Хамзат Сұлтанов. Ар­найы қоқыс жәшіктерінің жоқты­ғы «Маңғыстауда турзимді дамытамыз!» деп айқайласақ та іс жүзін­де жайбасарлықпен мандымай жүрге­німізді аңғартады.

Жуырда Маңғыстау ауданы ау­мағындағы «Самал», «Ақмыш» дема­лыс орындары төңірегін де қоқыс­қа толтырып, шашып кеткендер туралы ақпар шықты және бұл жалғыз ол орындарға қатысты емес. Теңіз жағасынан немесе көше бойынан күнде байқалатаны оспадарлық. Ақ­тауда жоғары үй қабатынан жи­һаз бен құрылыс қалдықтарын лақ­ты­ру да осы қоқыс шашуға шебер­лігі­міздің бір дәлелі. Бұл – біздің та­биғатқа, қоршаған ортаға жана­шыр­­лығымыздың жоқтығының, мейі­рімділігіміздің кемшіндігінің көрінісі.

Мұндай мысалдар көп-ақ. Әлем­дік футбол ойындарындағы, демалыс орындарындағы бірқатар шетел­діктің тазалығына қарап, қызыға сүйсінумен келеміз. Бізге «қорықпай сыйлағаның құрысын» дегендей, қоршаған ортаға құрмет, табиғатқа жанашырлықты қалыптастыру үшін міндетті түрде заңмен қысу керек пе, әйтпесе жаппай жанашырлықты жолға қоюға, мәдениеттілікті сіңіруге қанша уақыт керек?!

 

Маңғыстау облысы