Ономастика мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені елді мекендердегі ескірген атаулардан құтылуды желеу етіп қана қоймай, реті келсе, «көкесіне көше беріп, ауылының атын атасына ауыстырудың» ыңғайын іздегендер де аз емес. Алайда жергілікті атқарушы билік дәл осы мәселеге жете мән беріп отыр.
Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтырдан бері Аягөз, Бородулиха және Үржар аудандарының идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерін қайта атау бойынша шешім қабылданып, Абай облысының өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың есімдері нақтыланған. Сол негіз бойынша, республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданатын тарихи тұлғалар тізіміне енгізу үшін тиісті органға жолданған жайы бар. Атап айтқанда, биыл Абай облыстық ономастика комиссиясының бір отырысы өткізіліп, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Үржар аудандарының 44 көшесін қайта атап, 1 мәдениет, 28 білім беру мекемесіне белгілі тұлғалардың есімдерін беру туралы ұсыныстар қаралған. Комиссия қорытындысы бойынша аталған аудандардың идеологиялық тұрғыдан ескірген 19 көшесін қайта атау жайы нақты шешімін тапқаны қуантады.
Бір қызығы, облыстың Бесқарағай, Бородулиха аудандарында осы уақытқа дейін отыз жыл бойы Ленин, Киров есімімен аталатын көшелер сақталып келген еді. Қазір аталған аудандардың Ленин көшелеріне Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Дінмұхамед Қонаевтың есімдері берілсе, Киров көшелері Байтақ, Аманат, Жібек Жолы көшелері деп қайта аталуына облыстық комиссияның нақты шешімі шықты.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Айдар Ибраевтың мәліметіне сүйенсек, облыс аумағындағы 27 білім және мәдени нысанға жаңа атаулар беру республикалық комиссия қарауына ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Семей қаласының №1 балалар музыка мектебіне – Латиф Хамиди, №18 жалпы орта мектепке – Әлімхан Ермеков, Абай ауданындағы бір мектепке – Құнанбай Өскенбайұлы, Аягөз ауданының №1 мектебіне – Абай Құнанбайұлы, Жарма ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне – Дулат Бабатайұлы, Көкпекті ауданының оқушылар шығармашылық сарайына Әміре Қашаубаевтың есімін беру тәрізді ұсыныстар енгізілген.
Облыс орталығы Семейдегі көше атауларының тақтайшаларын жаңарту жұмыстары да жандана түскен. Бүгінгі таңда Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтерінде көрсетілгеніндей, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов даңғылдарында, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Жамбыл, Федор Достоевский көшелерінде 2858 аншлаг әзірленіп, іліне бастаған. Келесі кезекте Абай, Шоқан Уәлиханов, Қайым Мұхамедханов, Әсет Найманбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Алаш Қозбағаров, Айткеш Ибраев, генерал Беспаев, Төлеубай Аманов, Жақия Шайжүнісов, академик Павлов, Жүсіпбек Аймауытов, Бекен Жамақаев, Шырақбек Қабылбаев, Кешірім Бозтаев, Жәнібек Карменов, Мәжит Бегалин көшелерін де қамту жоспарланып отыр.
Абай облысы