• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Мамыр, 2023

Польшадағы «Димаш» радиосы

718 рет
көрсетілді

Димаш Құдайбергеннің польшалық жанкүйерлері үш жылға жуық уақыт бойы әншінің шығармашылығы мен қазақ мәдениетіне арналған онлайн радиостансаны жүргізіп келеді. Ал былтырдан бастап «Димаш» радиосы қазақ тілі курсын жүргізуді қолға алды. Радионың хабар тарату желісі тек Польша ғана емес, бүкіл Еуропалық одақ елдерін қамтиды.

2020 жылдың тамыз айын­да Димаш Құдайбергеннің польшалық жанкүйерлері тәулігіне 24 сағат және аптасына 7 күн бойы Димаштың ән­дерін, Қазақстанның мәдениеті туралы бағдарламаларды ұсы­на­тын онлайн радионы іске қосты. «Димаш» радиосы – заңды түрде тіркелген хабар тарату стансасы. Оның Вар­шавада онлайн хабар тарату және бағдарламалар мен под­кастарды шығаруға арналған жеке студиясы бар. Ра­диодан Польшада тұратын қазақ­тар­мен, Қазақстанда тұра­тын по­ляк­тармен және Димаштың жан­күйерлерімен қызық­ты сұх­баттар беріледі. Кейбір бағдар­ла­малар екі тілде – поляк және қазақ тілде­рінде жазылған.

Соңғы бір жылда «Димаш» радиосы өз эфирінде қазақ тілінің онлайн курсын жүр­гізе бастады. Ондағы қазақ тілі сабақтарын әлемнің түк­пір-түкпірінен келген тың­дармандар пайдалана алады. Ол үшін radiodimash.pl сай­тындағы радионы қоссаңыз болғаны. Жаңа сабақтар әр сейсенбі сайын CET 20:00-де көрсетіледі және трансляция­дан кейін подкаст ретінде қолжетімді. Бұл материал­ды өздеріне ыңғайлы уа­қытта тың­дауына мүм­кін­дік береді. Сабақты ал­ма­ты­­лық жас инженер әрі Ди­маш шы­ғармашылығының жан­­күйері Беглан Шарынбай жүр­гізеді.

«Димаш» радиосының жетекшісі Тереза Какол Поль­ша мен Қазақстанды 4 мың километр бөліп тұрғанын, бірақ ғаламтор ғасырында бұл Димашқа, Димаш арқылы ұлы қазақ халқына деген махаббатқа кедергі келтіре алмайтынын айтты. «Біз Беглан мырзамен онлайн жұмыс істейміз, бейнеконференциялар кезінде барлық тақырыпты талқылаймыз және материалдарды қашықтан жазып аламыз», дейді Тереза Какол.

«Димаш» радиосындағы қазақ тілі сабағының ал­ғаш­қы нәтижелері жаман емес. «DiVoices» хорының поль­шалық жанкүйерлері Димаштың «Махаббат бер маған» әнінің мағынасын түпнұсқада айтты. Хор сопрано, альт, тенор және бас­та шырқалады. Т.Каколдың айтуынша, Димаш әндері түңғыш рет хормен Польшада айтылды. Әннің аранжировкасын танымал пианист Ольга Попова «DiVoices» үшін жазған. Айтылуы қиын қазақ сөздерін меңгеру мақсатында хор мүшелері Б.Шарынбаймен желіде кездесіп, ән мәтінінің түпнұсқасын зерделеп, жү­рек сүзгісінен өткізіп жет­кізді. «Жүректен шыққан ән жү­рекке жетеді. Талант пен таңғажайып дауыс әлемге ортақ. Қазір бұл жобаға Еу­ропалық одақтың өзге мү­ше мемлекеттеріндегі тың­дармандар да ықылас таныта бастады», дейді Т.Какол.

«DiVoices» хорындағы әншілердің басым көпшілігі бұрын ән айтпаған. Димаштың дауысының тылсым құдіреті оларды сахнаға алып келген. Аз ғана уақыт ішінде қа­зақ тілін үйреніп қана қой­май, вокал өнерінің қыр-сырын меңгеруге талпынып жүр. Т.Ка­колдың айтуынша, ра­дио­дағы кәсіби мамандар хор мүше­леріне ырғақты, дикция­ны және дауыс шығаруды жат­тықтырумен айналысады. Кө­мейдің қалтарысында жасырынып жатқан әуезді үнді аршып алып, жарыққа шығарып, дұрыс қалыптасуына, дауыс­тың дұрыс қойылуына септігін тигізіп жүр.