Петропавл қаласында қыздар арасында бокстан VI жазғы республикалық спартакиада басталды. Бұған еліміздің барлық аймағынан 17 командаға біріккен 90 қыз қатысып жатыр. Соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент сияқты республикалық маңызға ие қалалардың командалары да бар. Қатысушылар 12 салмақ санаты бойынша чемпиондық атаққа таласады.
Спартакиаданың ашылу салтанатына еліміздің үлкен қалаларынан келген спорт майталмандары және Солтүстік Қазақстан облысының спортына еңбек сіңіріп жүрген азаматтар қатысты. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан құттықтау сөзді әкімдік аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов оқып берді. Құттықтауда қатысушыларға қайрат пен жігер, шеберлік пен сәттілік тілеп, Қызылжар өңірі спортының жарық жұлдыздары да аталып, қол жеткізген табыстар айтылды. Соның ішінде халықаралық ареналардағы Есіл өңірі боксшыларының атой салған еңбектері ерекше ескерілді.
Спартакиадаға қыздар арасындағы қазақ боксының жарық жұлдыздары түгел келгені көрініп тұр. Олар бес күн бойы Қызылжар рингінде атой салып, чемпиондық атаққа таласады. Алғашқы күннен-ақ жарыстың тартысты өтетіні көрініп қалды. Қазақстанның кешегі Ташкентте өткен әлемдік чемпионатындағы зор табысынан рухани қуат алған қыздардың әрқайсысы алғашқы күннен өздерінің осал жаңғақ болмайтынын көрсетіп жатты. Спартакиаданың бас төрешісі Ержан Еспанбаев бастаған төрешілер тобына олардың қайсының басым болғанын анықтау оңай болмасы көрініп тұр.
Жарыс мамырдың 21-інде аяқталады. Жеңімпаздардың есімдерін сол кезде білетін боламыз.
ПЕТРОПАВЛ