«Егеменнің» Қарағанды облысындағы күндері барысында Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Төкен Қасымбеков ақсақалдың үйіне түскенімізді жазған едік. Еңбек еткен адамның есесі толық, еңсесі биік екендігін көрсетіп жүрген жанның бірі осы ағамыз екен.
Кеңшар кезінде бөлімшеде зоотехник, одан инженер болып қызмет істеген бесаспап жан енді өзіне қызмет істегенде де еңбегі жана түсіпті. Қазір қожалығында 120-сиыры, 300-қойы, 60 шақты жылқысы бар. Оны өкіметтен алған 3 мың гектардай жерінде бағып, өсіреді. Бұрын 200 гектар жерге егін де еккен екен, алайда, тиімсіз болған соң енді тек ет өнімін өндіру бағытын ғана ұстап қалыпты. Ауылда «Қызыларай» атты кафесі, «Ақжол» атты дүкені бар. Қолындағы ұлы Дәурен жергілікті полиция қызметкері, ал екінші ұлы Балқаш қаласында тұрады. Ұзатылған екі қызы Қарағанды қаласының тұрғындары.
Төкеңнің еңбегі де ерекше белгілермен атап өтілген. Ол кезінде «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары мерекелік медальдармен марапатталыпты. Жасы 70-ке жетіп қалса да Төкеңнің өзі де, сөзі де нық. Еліміздің бір үлкен марапатын алудан да дәмелімін деп әзілдеп қояды.
Төкен Қасымбековтің бізді таңғалдырған нәрсесі – оның ауылда отырып екі қабатты коттедж салып алғандығы болды. Құдды «айдаладағы ақ отау» сияқты. Осы ауылға атбасын тіреген адамның көзіне бірден шалынатын еңселі, әсем үй. Оның ішіне ыстық-суық суын да енгізіп, тіпті, әжетханасына дейін қалалық жайлы пәтерлердегідей қылып қойыпты. Қалай риза болмассың? Кейбіреулер ауылда мұндай үй істеуге болмайды дейді, көзін тапса, жолын тапса – бәрін де жасауға болады екен. Осы үйді бір-ақ жылда салып, кіріп алдық, – дейді Төкеңнің өзі.
Осы үйде тағы бір ғажайып әңгімені естідік. Соны оқырмандарға айтып беруге бел буып отырмыз.
Ақсақалдың қолындағы баласы Дәуреннің үлкені – Ақжол бес жасында қасқырдың апанына кіріп, бес бөлтірікті алып шыққан «батыр» екен. Өркениеті бізден жоғары елдерде бұл баланың есімі ендігі газет-журналдардың бетінен түспей, теледидардан күн ара беріліп тұрар еді. Ал бізде мұндай батырлық қатардағы оқиға саналып, «онда не тұр» деген салғырттықпен қараймыз.
Бұл оқиға осыдан 4-5 жыл бұрын болған. Бір-екі жолдасымен аңға шыққан Дәурен жылап қалмаған соң Ақжолды да өзімен бірге ала кетеді. Күні бойы қасқырдың соңына түскен аңшылар бір кезде оның апанының үстінен шығады. Қаншықтың апанда жоқ екеніне көздері жеткен олар ұзын таяқпен түрткілеп, түбінде бөлтіріктер бар екендігін анықтайды. 4-5 метрлік апанды қазып алуға уақыт тар, ал алмаса ертең бөлтіріктердің де қаскүнем болып, малға шабары сөзсіз, ендеше, алмай кетуге болмайды. Апанға қолдары сыйғанмен еңселері бойламаған үлкендер бес жасар Ақжолдың кіргенін қалайды. Бірақ баланы қасқырдың апанына кіргізуге кімнің дәті шыдар? Алайда, «Кіресің бе?» деп жорта сұрағанда жүзі жайнап тұратын өжет бала: «Кіремін!» деп жанып кетеді. Тіпті, кірмей қоймайтын талап қылып, ұмтылып тұрған соң қолшам ұстатып, әкесі оны тар апанға сүңгітіп жібереді. Жер бауырлаған бала әлгіндей болмай, көзден ғайып болады. Әлде не болып кетер екен деп қорқа соққан әке апанға қарап, аңырап қала береді. 4-5 метр тереңдіктің ішінде не бары, тіпті, түк болмаса да топырақтың опырылып құлап, баланы басып қалу қаупі бар екені белгілі. Сондықтан жүрек күпті. «Әй, не көрдің» десе бала: «Мыналар маған фонариктерін жағып тұр», депті. Қолшамның жарығына бөлтіріктердің көздері жарқырап көрінеді емес пе. Сәби соны «фонариктер» деген екен.
«Ол фонарик емес, күшіктердің көздері ғой, қорықпа, алып шық» дейді мындағылар дем беріп. Батылданып кеткен бала ырылдаған бөлтіріктің бірін желкесінен қыса ұстап, артымен шегініп, алып шығады. «Тағы да бар ма?» десе: «Әлі көп», деп қайта кіреді. Сөйтіп, жүрек жұтқан батыр қасқырдың бес бөлтірігін алып шыққан екен.
Бұл қазақтың кең даласына күнделікті көрініс болғанымен қатардағы оқиға емес. Қасқырдың апанына бес жасар баласын енгізуге батылы барған әке де, қорқуды білмей, қараңғы жерге қойып кеткен бала да осал емес. Қалалы үйде тұрғандар бес жасар баласына келесі бөлменің жарығын да жақтыра алмайды. Өйткені, баланың қараңғылықтан қорқуы, жалғызсырауы табиғи жайт. Ал қараңғы жерден ырылдаған бөлтірікті алып шығуға да жүрек керек. Оны ұстауға кез келген үлкеннің де батылы бара бермейді. Осы, Төкең үйінің ауласында тағы бір бөлтірік байлаулы тұр. Ауылдың көптеген иттері әлгінің иісінен қорқып, айналып қашады екен. Сондай, Құдай ерекше қылып жаратқан бөрінің бөлтірігін алып шыққан Ақжол батыр да осал адам болмас деп ойлаймыз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы.
Суретте: қасқырдың апанына кіріп, бес бөлтірікті алып шыққан «батыр» осы.