Киелі де қазыналы Маңғыстаудың айнасына айналған облыстық «Маңғыстау» газетінің 50 жылдық және «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның 10 жылдық мерейтойлары аталып өтті.
Өлке тарихын хаттап, шежіресін шынжырдай тізбелеген газет – ескінің үні, кешегінің көзі, бүгінгінің өзі мен сөзі. Шаңырағы астында небір марғасқа журналистер еңбек еткен, талай жас журналист «тарыдай болып кіріп, таудай болып» жетіліп шыққан қара шаңырақ газеттің тағдыры тоқырауға да, толысуға да толы. Басылымға әр жылдары басшылық еткен Р.Мусин, Ж.Оспанов, К.Мырзағұлов, Н.Қыдыров, С.Есімов, Ж.Бошалақ, М.Қосымбай сынды қайраткер қаламгерлердің жансебіл тірлігі, жанқияр ерлігі арқасында шайқалса да құламай, мұңайса да мұқалмай жарты ғасырлық ғұмырды артта қалдырды. Осы асқаралы асуына жай жеткен жоқ – өлке өмірін газет бетінде өрнектеп, өз оқырмандарын қалыптастырып, жастарды тәрбиелей жетті. А.Сүйеров, М.Қибасов, Т.Мыңжас, Б.Үмбетов, Ә.Сәркенов, Е.Нәрембаева, Г.Науырша, В.Қозыбақова, Ү.Жәлеке, өзге де көптеген қаламы жүйрік журналист газетте мақала көрігін қыздырды.
Облыстық газеттің мерейтойына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев, еліміздің өзге өңірлерінен медиахолдинг басшылары мен журналистер келді. Рухани шара барысында Ақтауда «Маңғыстау» газетінің фототілшісі, қырық жылдан астам уақыт өлке өмірін таспаға түсіру арқылы өңір фотошежіресін хаттаған басылым ардагері Т.Құсайынның шығармашылық көрмесі өтті.
«Бұл көрме алдағы үлкен ауқымды көрменің бастауы болғалы отыр. Ұзақ жылдан бері осындай туындыларды көпшіліктің тамашалауына ұсынудың орайы келмей жүр еді. Алда ертедегі сарғайған суреттерді де жинақтап, өңір тұрғындары куә болады деген сенімдемін. Көрмеде қойылған суреттердің көбі іріктеліп алынды. Мысалы, кейбір тақырыпта түсірілген суреттер топтамасынан бөлек көрме өткізуге болады. Сол арқылы көрермен Маңғыстаудың ашық аспан астындағы мұражай екеніне көз жеткізе түсер еді. Уақытпен бірге түлеп келе жатқан мұнайлы өлкедегі естен кетпес, ұмытылмас сәттерге талай мәрте куә болып, таспаладым. Солардың көрген жұрт өзгеше әсерге бөленеді деген сенімдемін», деді Талант Құсайын.
Шара барысында «Маңғыстау» газетінің 50 жылдығына және «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған шағын мұражай ашылды.
«Кезінде медиахолдингтің құрамында екі облыстық, екі қалалық, бес аудандық газет пен «Шерқала» журналы болатын. Қазір «Маңғыстау-Медиа» ЖШС екі облыстық газетті қамтиды: «Маңғыстау» және «Огни Маңғыстау», қалалық «Жаңа өзен» газеті, бес облыстық газет және mangystaumedia.kz сайты бар. «Біз әрбір басылымды, оның тарихын, атауларының қалай өзгергенін, шыққан бастауында кімдер тұрғанын көрсетуге тырыстық. Мұражайға қойылған барлық жәдігерді редакцияның өздері, журналистика ардагерлері немесе олардың туыстары сыйға тартты», дейді «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішева.
Мұражайдағы ең көне жәдігер – 1931 жылы шығарыла бастаған, латын қарпімен басылған «Колхоз жолы» газетінің 1934 жылғы саны, сондай-ақ «Сталин жолы» газетінің 1942 жылғы нөмірі. Мұражай экспонаттары арасында жазу машинкалары, әр жылдардағы фотоаппараттар, магнитофондар, журналистика ардагерлерінің қызметтік куәліктері мен жеке заттары, түрлі іс-шарадан, редакцияның жұмыс күндері мен мерекелерінен фотосуреттер, әртүрлі мемлекеттердің консулдықтарының сыйлықтары қойылған және кәсіби саладағы журналистердің марапаттары, спорттық жетістіктері үшін кубоктар мен медальдар бар.
Кең ауқымда аталып өтіп жатқан шара «Достық» үйінде салтанатты жиынмен жалғасты.
Жиында аймақ басшысы Н.Ноғаев сөз сөйлеп, басылымның қоғамдағы орны мен міндеті туралы кең баяндап, газет ұжымына сәттілік тіледі. Сондай-ақ сөз алған Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі Маңғыстау жұртшылығын облыс үні болған «Маңғыстау» газетінің 50 жылдығымен құттықтап, бүгінгі қазақ баспасөзі, алға қойған міндеттер туралы ой бөлісті.
Салтанатты жиында газет тарихы жайлы бейнефильм көрсетіліп, ардагер журналистерге құрмет көрсетілді. Қаламы жүйрік журналистер мен газет қызметкерлері облыс әкімінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің, Сенат және Мәжіліс төрағаларының Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталып, ұжымға ұйымдар мен мекемелердің құттықтау хаттары табысталды.
Маңғыстау облысы