• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2023

Үздік әкімге автокөлік сыйлайды

576 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданында ерекше бай­қау басталды. Ауданға қарасты 16 ауылдық округ әкімі өзара жа­рыс­қа түсіп, ең үздігі анықталмақ. Бас жүлдеге жол талғамайтын авто­көлік тігілген.

Қазталов ауданының әкімі Асы­ланбек Сарқұлов қол қойған арнайы өкім бо­йынша ауыл әкімдерінің жыл бойғы жұмысы 35 түрлі бағыт бойынша бағаланбақ. Оның ішінде ауылда жұмыссыздар санын азайту, жаңадан жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқуға жіберу, грант алушылар санын арттыру, жергілікті жерге инвестиция тарту, ауыл­ шаруашылығы жерлерін дұрыс мақ­сатта пайдалану, «Ауыл аманаты» жоба­сының жүзеге асырылуы, ұжымдық бау-бақша егу жұмыстары, округтің са­лық­тық түсімін ұлғайту секілді бағыттар бар.

– Бұл байқау ауылдық округ әкімдерін жұмысқа ынталандырады, олардың тіке­лей лауазымдық міндеттерін атқа­руын тұрғындар да қадағалап отырады. Осы бағалау қорытындысы бойынша үздік деп танылған ауылдарға бюджеттен қосым­­ша қаржы беріледі. Сондықтан өз ауы­лының жағдайына немқұрайды қара­­май­­тын әр тұрғын мемлекеттік баға­дар­­ла­­малардың жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз,  – дейді Асыланбек Сарқұлов.

Округ әкімдерін бағалаудың мақ­саты – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру екендігі түсінікті. Қазір бұл байқау халық арасында қызу талқыланып жатыр. Жоғарыда айтылғандай, байқау нәтижесі өз қызметін мінсіз атқарған әкімге ғана емес, ұйымшыл, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ауыл тұрғындарына да байланысты болмақ. Ең көп ұпай жинаған алғашқы үш ауылдық округке аудан бюджетінен қосымша қаражат бөлініп, бірінші орынға – автокөлік, екінші орынға – 10 млн теңге, үшінші орынға – 5 млн теңге беріледі. Бұл қаражатты қандай қажет­тілікке жұмсау мәселесін ауыл тұрғын­дары өздері келісіп шешетін болады.

Байқау қорытындысы 2023 жылдың соңында жарияланбақ. Жеңімпазды аудан­дық мәслихат депутаттары, қоғам­дық кеңес және ардагерлер ұйымы мүше­лері кіретін қазылар алқасы анықтайтын болады.

Айта кетейік, Қазталов ауданында 16 ауылдық округ бар, солтүстігінде Ресей Федерациясының Саратов облысымен шектеседі. Халқының 99 пайызы – қазақтар.

 

Батыс Қазақстан облысы