Былтыр мол өнім алғанымен, бидайын дұрыс бағаға пұлдап өткізе алмаған шаруалар осы жолы жылдағыдай мамырдың аяғын күтіп жатпастан ерте қимылдап, тұқым себу жұмыстарына қауырт кірісіп кетті. Биыл өңірге бесқонақ кешікпей келді. Жер де дер уақытында дегдіп үлгерді. Күннің қоңыр салқын райы да топырақ қыртысындағы ылғалдың ұзағырақ сақталуына қолайлы болып тұр. Диқандар дәл қазір ылғал 70 сантиметрге дейін барады дейді.
Биыл өңірде 4 млн 960 мың гектар алқапқа егін егіледі деп жоспарланып отыр. Оның 4 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақыл алады. Сондай-ақ, 750 мың гектар майлы дақыл егілмек. Мұның сыртында, облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 16,3 мың гектар жерге қарақұмық егіліп, 3 мың 875 гектар картоп, 1 мың 123 гектар көкөніс отырғызылады.
Соңғы жылдары құрғақшылық пен қымбатшылық қысып, қолы қысқарған көп шаруашылықтар қаржысы жетпегендіктен, топырақ тыңайту мәселесін кері шегеріп қоюға мәжбүр болып келген. Ең бастысы, жерді аздырып алмау керек. Сондықтан биыл осы бағыттағы жұмыстарды қайта жандандырып, өңірге 70 мың тонна минералды тыңайтқыш әкелу көзделіп отыр. Мәселен, диқандар қазірдің өзінде жалпы көлемі 37,3 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс беріп, оның 24 мың тоннадан астамын жеткізіп алған. Тыңайтқыш сатып алып жатқан шаруалардан шыққан шығынның 50 пайызын мемлекет өтеп береді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сенсек, облыс шаруашылықтары түгелге дерлік көктемгі науқанға жететін тұқыммен қамтамасыз етілген. Астық тұқымын жаңарту, сапасын арттыру мәселесі де оңтайлы жолға қойылып отыр.
– Бидай тұқымын өсіретін шаруашылықтар 2022 жылғы астықтың есебінен тұқым жаңарту және тұқым ауыстыру мақсатында 3 жарым мың тонна бастапқы тұқым, 22,8 мың тонна элиталы тұқым және 21,4 мың тонна 1-3 репродукцияның тұқымын әзірлеп қойған. 510,9 мың тонна тұқымның үлгілері, яғни көктемгі науқанға қажетті тұқымның бәрі дерлік арнайы зертханаларда тексерілді. Биыл себілетін тұқымның 91,1 пайызы бірінші сұрыпқа жатады. Ал 7,6 пайызы – екінші, 1,3 пайызы – үшінші сұрыпты. Ғылыми мекемелер биыл әр түрлі мерзімде пісетін бидай тұқымын сеуіп көру керек деген ұсыныс айтып отыр. Осы науқанда себілетін тұқымның 30 пайызы ерте пісетін, 50 пайызы орташа мерзім ішінде пісіп үлгеретін, ал 20 пайызы кешірек пісетін тұқым болуы керек, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсенбаев.
Маңызды науқанды ойдағыдай атқару үшін облысқа 73 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл игі көмекті шаруашылықтардың бәрі дерлік алып отыр. Литрі 223 теңге тұратын арзандатылған жанармайдың құны нарықтағы бағадан 14 пайыз төмен.
Науқан барысында ұзын саны 22,4 мың трактор, 21,8 мың дән сепкіш техника, 1200-ден астам кең ауқымды қамтитын өнімді дән сепкіш кешен жұмыс істейді.
Көктемгі егіс науқанына қаржылай қолдау көрсететін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 474 шаруашылық 31,1 млрд теңге жеңілдетілген несие алған.
Наурызым ауданына қарасты Өлеңді ауылындағы шаруашылықтың басшысы Дмитрий Исаев биыл 2 мың гектар алқапқа дән себеміз дейді. Арпасын егіп болып, енді бидай себуге көшкен шағын шаруа қожалығында 12 адам жұмыс істейді. Олардың осы науқандағы айлық жалақысы әрқайсысының атқаратын жұмысына қарай 150 мың теңгеден басталып, 4-5 млн теңгеге дейін барады. Мәселен, аспаздың жұмысы он шақты адамға 3 мезгіл тамағын пісіріп, асын әзірлеп берумен шектелсе, дән сеуіп жатқан тракторшыларға да таңғы сағат 5-тен түнгі 12-ге дейін тыным жоқ.
Былтыр орташа өнім алып, қордаланып қалған қарызының бірсыпырасын өтеп алған шаруа қожалығы биыл наурызда көктемгі науқанға деп «Аграрлық несие корпорациясынан» тағы 25 млн теңге несие алыпты. Бұл несие мемлекет тарапынан субсидияланып, жылдық сыйақысы 6 пайызға дейін түсу керек. Бірақ бағдарлама жұмыс істемей тұрғандықтан, шаруа субсидияға өтінім бере алмай отыр. Нәтижесінде, қарызы еселеніп, жылдық өтемақысы корпорациямен отырған келісім-шартта көрсетілгендей 22 пайызбен есептеліп жатыр.
«Жаңа бағдарлама дұрысталған соң, онлайн өтінім беріп, жылдық сыйақы көлемін 6 пайыз деп көрсетіп келісім-шартты қайта жаңартуым керек. Несиені күзгі жиын-терім аяқталған соң, қараша айында өтеуім керек. Қазірше қарызымның сыйақысы 22 пайызбен тіркеліп жатыр. Екі айдың ішінде 2 млн теңгеге жетті. Ал бағдарламаның қашан іске қосылатынын ешкім нақты айтпай отыр. Ауылшаруашылық техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер де шектен тыс қымбаттап кетті. Мәселен, К-700 тракторының бір доңғалағы 860 мың теңге тұрады. Бұрын К-700-дің өзін 3-4 млн теңгеге сатып алуға болатын. Қазір төрт доңғалағын ауыстыру үшін 3-4 млн теңге керек. Техника болған соң, бір жері сынбай тұрмайды. Қосалқы бөлшекті де қымбат бағамен қарызға алуға мәжбүр болып отырмыз», дейді Д.Исаев.
Өлеңдідегі санаулы қожалықтың ішінде ең ірісі болып саналатын бұл шаруашылықтың техникасы дерлік ескіріп кеткен. Ескі техника жиі сынып қала берген соң, Дмитрий былтыр лизингке су жаңа «Беларус» тракторын алыпты. Қазір танаптың шаңын бұрқыратып, тоқтаусыз шауып жүрген де – осы техникасы.
«Бұл тракторды да ақпан айында 22 пайыздық өсіммен 25 млн теңгеге алдым. Оның 25 пайызын мемлекет өтеп беруі керек. Оны біз өтінім бергенннен кейін бір айдың ішінде аудару керек еді. Бірақ баяғы бағдарлама дұрыс жұмыс істемей тұрғандықтан, әлі күнге дейін ала алмай отырмыз», дейді шаруа.
Биыл облыстың егін шаруашылығы саласына тыңайтқыш, тұқым, пестицидтер мен өзге де экономикалық маңызы бар дақылдарға 10,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Бірақ, жоғарыда атап өткендей, шаруалардың көбі субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі дұрыс жұмыс істемей тұрғандықтан, өздеріне тиесілі демеуқаржыға қол жеткізе алмай отыр.
Қостанайлық диқандар 2021 жылдың күзінде жинап алған бидайының тоннасын 140 мың теңгеден өткізген. Ал былтыр диірмен біткенді Ресейдің сапасыз әрі арзан бидайы басып қалып, жергілікті өнімнің бағасы 90-95 теңгеге дейін құлдырап кетті. Қаржылық мүмкіндігі бар шаруашылықтар жер ырысын арзан бағаға қор қылмай көктемде өткізбек болып қамба толы астығын күні бүгінге дейін сақтап келіп еді, өкінішке қарай, бидай қымбаттай қоймады. Есесіне, көктемгі науқанға қажет техника, қосалқы бөлшек сияқты дүниелердің бағасы шарықтап кетті. Осылайша, арзаншылық пен қымбатшылықтың арасында қалып, аузы күйген шаруашылықтардың біразы биыл бидай алқаптарын күрт азайтып, нарықта жоғары сұранысқа ие деген дақылдарға көшіп жатыр. Ал мыңдап егін егетін ірі шаруашылықтардың біразы алқаптарын әлдеқашан әртараптандырып алған.
Мәселен, Меңдіқара ауданындағы «Қарқын агрофирмасы» серіктестігі 50 мың гектар жерді игереді. Соның 50 пайызына бидай, арпа, сұлы, 30 пайызына күнбағыс, зығыр, соя, мақсары секілді майлы дақыл түрлерін егеді. Қалған алқапты шабындық алып жатыр.
«Биыл біз жақта ылғал аздау. Шамамен 50 сантиметрдей болады. Негізі 1 метр 20 сантиметрдей болу керек. Бірақ жауын-шашын дер кезінде жауып тұрса, егін бітік шығып қалар деген үмітте отырмыз. Ең бастысы, біз өзге шаруашылықтар сияқты науқан уақытында сырттан қысқа мерзімге жұмысшы алмаймыз. Бәрі осы ауылда тұрады. Ені 18 метрді қамтитын егін қуатты егін сепкіштеріміз бар. Бір маусымда 4 жарым мың гектарға дән сіңіретін бұл агрегаттың біреуі 4-5 К-700 тракторының жұмысын атқарады», дейді Сайран Бұқанов.
Жер өңдеу, топырақ құнарын сақтау мәселесін үнемі бірінші орынға қоятын аталған агрофирма жылда қыруар қаржы шығындап, қымбат минералды тыңайтқыштар сатып алып отырады.
«Субсидия алу жыл өткен сайын қиындап бара жатыр. Бұрын «Қолдау кз» деген бағдарлама пәле болып жабысып еді, енді тағы бір жаңа бағдарлама шықты деп жатыр. Әйтеуір шаруалар соның соңынан жүгіреді де жүреді. Субсидия деген жыл сайын сорлатады. Мен осы шаруашылықты бастағалы уақытында субсидия алып көрген жоқпыз», дейді тәжірибелі диқан.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары жазда үйірлі шегіртке, астық көбелегі секілді зиянкестер мен дән сабағын тот басу, септориоз сынды аурулардың көбею қаупі төнуі мүмкін дегенді айтып отыр. Алайда облыстың оңтүстік аудандарында жыл сайын республика бюджетінің есебінен үйірлі шегірткеге қарсы у шашу жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұл бағыттағы өңдеу жұмыстары биыл да жоспарланып отыр.
Ал диқандар алқап аптапқа ұрынбай ауа-райы егінге қолайлы болып тұрса, биыл жылдағыдан 2-3 центнерге жоғары өнім алып қалуымыз мүмкін дейді. Көктемгі тіршілігі танапқа байланған шаруа біткеннің алдағы уақытта бидай мен майлы дақылдың бағасы тұрақталып қалар деген үміті бар.
Қостанай облысы