Керекуде сары масаны жоюға бағытталған биологиялық және химиялық өңдеу шаралары нәтижесін бергені байқалады. Биыл айтарлықтай дүрбелең жоқ. Мамыр айының әдеттегіден салқын болып тұрғаны әрі Ертіс өзені жайылмаларына судың аз жайылғаны да өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігердің «айын оңынан тудырып» тұрған сыңайлы.
Мамандар кейінгі жылдары суда дамитын қансорғыш жәндіктердің саны азайып келе жатқанын, бұған химиялық және биологиялық өңдеу шараларының тұрақты жүргізілуі жағдай тудырғанын айтады. Биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтің сөзінше, сонау 2001 жылы судың бір дециметр көлемінде 6 мың дернәсіл кездессе, қазіргі күні ол 800-ге дейін қысқарған. Негізі шыбын-шіркейдің даму үдерісі сыртқы ортаның әсеріне тікелей байланысты. Күн күрт ысыса, өзен-көлдегі, шалшықтағы судың температурасы да жоғарылап, дернәсілдер тезірек қанаттанып кетеді. Кейінгі екі жылда мамыр айының салқын болуынан шыбын-шіркейдің қанаттану үдерісі кідірген. Соның нәтижесінде облыс орталығының тұрғындары шіркейдің шабуылына аса ұшырай қойған жоқ. Жыл сайын көктемде қансорғыш жәндіктерге қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары басталып, ол жаз бойы жалғасатыны белгілі. Олардың қай уақытта іске кірісіп, қай кезеңде кідіруі тиістігін дернәсілдердің дамуын зерттеумен айналысатын ғылыми топ мүшелері белгілеп отырады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде кейінгі уақытта Ертіс-Баян өңірінде өңдеу жұмыстары жүйеге түсе бастаған.
Қазір өңірде сары масаға қарсы биологиялық және химиялық өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Биыл әуеден өңдеу жұмыстары 90 пайызға дейін нәтижелі болды деп бағаланып отыр. Мердігер компания өкілдері енді шіркей дернәсілдерін жою бойынша шараларға қызу кірісіп кетті.
«Биылдың жаңашылдығы, өңделетін аумақтардың ауқымы бірнеше есеге күрт көбейді. Яғни жайылмалар бойынша препараттар шашылатын жерлер 27 мың гектардан 71,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында әуеден өңдеу жұмыстары жиі жүргізілді. Әуелі су тасу кезеңінде Ертіс өзені мен өзге шағын өзендердің жайылмаларын «Бактицид» биологиялық препаратымен өңдедік. Ал су қайтып, Ертіс өзені табиғи ағысына оралған соң жайылма аумақтарындағы су айдындарында ұшақ арқылы химиялық өңдеу жүргізілді. Жоғарыда аталған аудандарға қоса, Павлодар мен Ақсу қалаларының маңайы, Кенжекөл, Атамекен кенттерінің аумағы өңделді. Бір ғана облыс орталығында 26,1 мың гектар жерде дернәсілдерге қарсы сұйықтық шашылды. Ұшақ жетпеген жерлерге қол бүріккіш арқылы «Бактицид» препараты шашылды әрі химиялық өңдеу де жүргізілді. Шағын ұшақтарды қолдану арқылы сары масаны дернәсілдік кезеңінде жоюға мүмкін болды. Дегенмен маса дернәсілдерінің екінші толқынын жою үшін әлі де фенологиялық бақылау жалғасып жатыр. Енді мердігер компанияның қызметкерлері біздің мамандардың нұсқауымен Ертіс өзеніне биологиялық препараттарды төге бастайды. Бұл жұмыс өзен бойындағы барлық нүктеде атқарылады», деп түсіндірді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Әдеттегідей препараттар Аққулы ауданы Бесқарағай ауылының бірінші нүктесінен бастап, Тереңкөл ауданы Жаңабет ауылының соңғы нүктесіне дейін төгіледі. Биыл Ертіс өзенінің Белая, Түлкі, Талинка, Подстепка, Каратун және өзге де сағаларында шіркейлердің шығуы мүмкін негізгі арналары анықталды. Өзеннің облыс аумағындағы барлық арнасына сыйымдылығы 20 тонна болатын 4 баржа мен 5 моторлы қайық тартылмақ. Жалпы ұзындығы 1130,6 шақырымға 166,7 мың литр биологиялық өнімнің 30 пайыз суспензиясын пайдалану жоспарланып отыр. Жалпы, елді мекендердің маңайлары мен жайылмаларды әуеден, жерден және су арқылы өңдеу шараларына жалпы сомасы 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса қалалар мен аудандардың жергілікті қазынасынан барьерлік өңдеуге қосымша қаражаттар қарастырылған.
Шіркейдің бір қанаттанса ырық бермей кететінін жақсы білетін мамандар қазіргі күні қансорғыш жұмыртқаларының әр даму кезеңін кірпік қақпай бақылап отыр. Күніне бірнеше мәрте су айдындарының температурасы, ондағы дернәсілдердің даму үдерісі өлшенеді. Ғылыми топтың ұсыныстары бойынша әрекет ететін өңдеушілер бүгінде Ертіс өзені бойында орналасқан қала-аудандарда жоспарлы шараларды жүргізіп жатыр. Биолог ғалымдардың сөзінше, шіркейдің дүр етіп көтерілуі көктем-жаз айларында әр 7-8 күн сайын қайталанып тұрады екен. Биологиялық дәрі дернәсілдер өз бетімен қоректене алатын дамуының үшінші деңгейінде ғана нәтижелі. Ал мердігерлер бұл уақытты өткізіп алса, қара бұлттай топтанып ұшатын шіркей жылдағыдай адамдар мен жан-жануардың мазасын алатыны анық. Қара шіркей қаптаған жылдары Кереку жұрты маусым айының соңын ала ұшатын инелікпен жылап көрісетін.
Павлодар облысы