• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2023

Абай облысындағы өртті сөндіруге әскерилер жұмылдырылды

292 рет
көрсетілді

Өңірдегі өртке қарсы шараларға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының екі жүзге жуық әскери қызметшісі мен армия авиациясының экипаждары жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ТЖМ және Қорғаныс министрлігі мамандарының жұмыла көтерген іс-әрекетінің арқасында елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Алайда орман алқабындағы өртке қарсы күрес әлі де жалғасып жатыр. Қазір өртке оранған орман ауданы 3500 га құрап отыр.

– Бүгін Астанадан қосымша тағы бір тікұшақ келді. Өрт ауданында сыйымдылығы 3,5 тонна «Бэмби» аспалы су ағызатыны бар үш Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшағы тартылды. Алты экипаж ауысыммен жұмыс істеуге жұмылдырылды, - деді Семей қаласы авиациялық бөлімінің командирі, бірінші сыныпты ұшқыш полковник Азамат Базылов.

Жұмысты орындау барысында армия авиациясының ұшқыштары қызыл жалынға қарсы жалпы көлемі 200 тоннаға жуық су шашқан.

Инженерлік бөлімшелердің әскери қызметшілері арнайы техникамен өрт сөндіру машиналарының өтуі үшін жол салып, жерді жыртып, отқа тосқауыл қойып жатыр. Одан бөлек жеке құрам қолдағы бар құралдардың көмегімен өрт сөндіруде. Қазіргі уақытта олар тоғыз шаршы шақырымнан аса орман алқабының өртін ауыздықтады.

Жедел штабтың басшылығымен тәулік бойы жұмыс жүргізіледі.