• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 25 Мамыр, 2023

Тілсіз жау тоқтау бермей тұр

367 рет
көрсетілді

Абай облысының аумағында үш тәулік бойы үздіксіз лапылдаған қызыл жалынның беті қайтар түрі жоқ. Өзіміздегі және көршілес өңірлерден жеткен барлық қызмет барын салып арпалысып жатқанымен Ресейдің Алтай өлкесінен басталған өрттің өшуі оңайға соқпай тұр. Соған байланысты кеше Бородулиха ауданында төтенше жағдай жариялануға тиіс болатын. Кешегі күнгі мәлімет бойынша тілсіз жау «жалмаған» аумақтың көлемі – 3,5 мың гектарға жетті. Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, тілсіз жаумен әлі де арпалысуға тура келетін сияқты. Өйткені күн райы бізге көмектеспей тұр.

«Қазіргі қолда бар мәлімет бойынша, өрттің үш ошағында жалын сөн­дірілді. Енді ол аумақтарда жағдай алаң­датарлықтай емес. Таңертең тік­ұшақ­пен аумақты түгел шолып шықтық. Бірақ мұнда жұмыс әлі бірнеше күнге жалғасатын түрі бар. Ауа райы да қолай­сыздау болып тұр. Бықсып жатқан өрт қал­дықтары алаңдаушылық туғызбас үшін ол ошақтарды қайта-қайта сөндіріп әлекпіз. Тілсіз жау толықтай өшірілгенше сөндіру жұмыстары жалғаса береді», дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков.

Төтеннен келген тілсіз жаудан қанша шығын келгені әлі есептеле қойған жоқ. Дегенмен өртті өшіруге кеткен мате­риалдық шығын қордан төленетіні белгілі болды. Апат аймағына жақын маңдағы Березовка ауылының 108 тұрғыны апат кезінде үйлерін тастап, бас сауғалап кетуге мәжбүр болған. Қазір тұрғындар өз шаңырақтарына қайта орала бастады.

 

Абай облысы