Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Шыңжаңның бірқатар автономиялық аудандарының (Боро-Тала-Моңғол АО, Іле Қазақ АО Алтай қаласы мен Шәуешек қаласы) басшылығымен, сондай-ақ ШҰАА өндірістік-құрылыс корпусының өкілдерімен келіссөздер жүргізген еді. Сапар барысында мәлім болғандай, Қытай тарапынан біздің ет, дәнді және майлы дақылдар, жемшөп импортына қызығушылық жоғары екен. Өз кезегінде министр Қазақстанның сапалы жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алуға мүдделі екенін айтты.
«Қазақстан аграрлық секторға инвестиция салу үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау іс-шаралары, оның ішінде салалық жеңілдіктер мен салықтық преференциялар көзделген. Инвесторлар ірі жобаларды жүзеге асыру үшін Үкіметпен тікелей инвестициялық келісім жасай алады. Бұл салықтың негізгі түрлері бойынша ерекше шарттар алуға мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, Қазақстан тарапы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға мүдделі. Қазір елімізде қайта өңдеу кәсіпорындары үшін субсидиялаудың түрлі бағыттары бар. Мемлекет жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғыртуға және жаңа зауыттар салуға жұмсалатын шығыстардың бір бөлігін өтейді, айналым қаражатына берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялайды, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеуге тапсырған кезде фермерлердің шығындарының бір бөлігін өтеп береді.
«Тұқым шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласындағы қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстанға шақырамыз. Біз ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыру үшін ашықпыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», деді министр.
Ал сала басшысы ҚХР ШҰАА ҚКП парткомының хатшысы Ма Синжуймен кездесуінде Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымын жылына 1 млрд долларға жеткізуге уағдаласқан еді.
Айта кетейік, Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының 40%-дан астамы Шыңжаңға тиесілі, 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 382 млн долларды құрады. Ербол Қарашөкеев еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайтуға көп мән беретінін атап өтті. Қазір Қытайда органикалық және экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін тұтынуға сұраныс артып келеді.
Атап айтқанда, Қазақстан мұздатылған ет жеткізуді қайта бастауға, салқындатылған ет және балық өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, шошқа еті, жұмыртқа, жылқы еті және басқа да тауар түрлерін экспорттауды бастауға дайын.
Алайда экспорттық әлеуетке Қытай тарапынан уақытша енгізілген ветеринарлық шектеулер кедергі келтіріп тұр. Бұл ретте Қазақстанда жұқпалы аурулар бойынша салауаттылықты қолдау үшін барлық қажетті ресурстар бар, олар Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының сараптамалық миссиясымен белгіленген.
«Жануарлардың ауруларын екіжақты шектеу тәжірибесі ұзақ жылдарға жалғасатын сауда кедергілеріне әкеліп соғады. Менің ойымша, тиімсіз сауда тәсілдерін қайта қарайтын және бүкіл аумақтан экспортты шектемей, біздің елдерімізді аймақтандыруды тануға көшетін уақыты келді. Сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды келісу мерзімдерін қысқарту қажет», деді министр.
Сонымен қатар Қытай нарығы біздің астық экспорты үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бүгінгі таңда жыл сайынғы жеткізілім көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да көп ұлғайтуға мүмкіндік бар. ШҰАА-ға жеткізілетін өнімдердің тізіміне бұршақ дақылдары, сондай-ақ майлы дақылдардың күнжарасы қосылуы мүмкін, бұл өз кезегінде елдеріміздің арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етпек.