Әлемнің 147-ракеткасы қазақстандық Тимофей Скатов алғаш рет Ролан Гарростың негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан теннисшісі іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 165-орында тұрған бразилиялық Фелипе Мелигени Родригес Алвеспен сынға түсті.
Бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген бразилиялық спортшы басымдылық көрсетті - 6:2. Ол екінші сетте де 4:2 есебімен алға шықты.
Бірақ қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді - 7:5. Содан кейін үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды - 6:3.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.
Осылайша, 22 жастағы Т.Скатов өз спорттық жолында алғаш рет Франция ашық чемпионатында ойнайтын болады. Оның қарсыласы кейін анықталады.