Жастардың студенттік шағын қызықты, мазмұнды да мағыналы өткізу – Ақтаудағы Есенов университетінің басты ұстанымдарының бірі. Бұған дейін де жаңашыл бастамаларымен қуантып келген оқу ордасында тағы бір тың бастама қолға алынды. Ол – осы жылдың 24 мамыры мен 24 маусым аралығында өтетін жоғары оқу орындары студенттері арасындағы ХІІ жазғы универсиада.
Бүгінге дейін әр жылдары әр өңірдегі бірнеше оқу орны бірлесіп өткізіп келген спорт додасын биыл жеке ұйымдастырып отырғандықтан, қазір бүкіл студенттердің, спортқа құмар жандардың назары Маңғыстау өңіріне ауып тұр.
– Бұған дейін әр жылғы сайыстарға студенттерімізді белсенді қатыстыра жүріп, өзіміз де универсиада алауы мен жалауын алуға әбден дайындалдық. Тағы бір ерекшелігіміз – алдыңғы универсиада бағдарламаларында 30-дан аса спорт түрі болса, қазіргі таңда олар 17-ге дейін ықшамдалып, ең негізгі спорт түрлері ғана таңдап алынды. Бұл дегеніміз – саннан сапаға көшу. Яғни университеттердегі спортшылардың көп айналысатын спорт түрлерінің бейініне қарай, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесе отырып, Дүниежүзілік универсиаданың бағдарламасына басымдық бердік. XII жазғы универсиадамыздың жеңімпаздары алдағы тамыз айында Қытайдың Чэнду қаласында өтетін XXXII Дүниежүзілік универсиадаға жолдама алады. Тіпті осы ойындарда жарқырап шыққан жас жұлдыздар 2024 жылғы Париж Олимпиадасына да қатысады деп үміттенеміз. Жалпы, спорттық олимпиада, жазғы немесе қысқы универсиада ойындарын өткізу – ұйымдастырушы тарап үшін тек мақтаныш пен бәсеке ғана емес, тәрбие мен тәжірибе. Өйткені мұндай ауқымдағы байрақты бәсекелер өткен жерлерде балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы артып, олар да спортқа бейім болып өседі. Саламатты өмір салты насихатталып, дене шынықтыру мәдениеті мен бұқаралық спортқа сұраныс артады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, келешегін ойлаған аймақ шығыны мен әуресіне қарамастан осы бағыттағы игі істерден аянбайды. Ақтау Универсиадасының үздіктері Түркістан шаһарында өтетін ІІ Түркі универсиадасына да қатыса алады, – дейді Есенов университетінің басшысы Берік Ахметов.
Универсиадаға еліміздегі ең іргелі 55 университеттің 3 мыңнан астам студенті қатысып жатыр. Жарыс кестесі бойынша алғашқы ойындарды үстел теннисі мен жүзу спорты бастап берді. Биыл Маңғыстау облысына 50 жыл, ал Ақтау қаласының құрылғанына 60 жыл толуына орай универсиаданы жоғары деңгейде өткізуге облыс және қала әкімдіктері атсалысып, қолдау көрсетті. Кейінгі жылдары ауқымын ұлғайтып, өз базасында заманауи нысандар құрылысын салуға қол жеткізген университетте бас корпустың жанынан 1 500 орындық стадион құрылысы басталды. Универсиада ойындарында жүзу, волейбол, таэквандо, шахмат, тоғызқұмалақ ойындары оқу орнының қазіргі спорт кешенінде, үстел теннисі Теннис орталығында, еркін күрес, дзюдо, грек-рим, қазақ күресі, әйелдер күресі, жеңіл атлетика жарысы «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде, баскетбол, футзал, бокс «Халық-Арена» спорт сарайында, ал волейбол «Батыр» спорт кешенінде өтсе, бадминтон «Жас қанат» спорт кешенінде, каратэ «Волна» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Жас буынды біліммен бірге саламатты өмір салтына, спортқа баулуға шақыратын іс-шара болашақта, яғни жаңа стадион құрылысы біткен соң өзге де спорт сайыстарын жиі өткізу жолындағы тәжірибе жинақтар алғашқы сатылардың бірі болмақ.
Маңғыстау облысы