Оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысының 700-ге жуық түрлі мектебі мен кәсіптік білім беру орнында 100 мыңнан астам шәкірт білім алды. Негізгі мектептің курсын, яғни 9-сыныпты 6 707 оқушы аяқтайды, олардың қорытынды емтихандары 2-13 маусым аралығында өтеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуына қарағанда, жалпы орта білім беру курсын 3 345 оқушы тәмамдайды. Олар мемлекеттік емтиханды 5-19 маусым аралығында 5 сабақтан тапсырады, оның 4-еуі – міндетті, 1-еуі таңдау бойынша. Бес емтиханның төртеуі жазбаша өтеді. «Қазақстан тарихы» бойынша ауызша тапсырады. Сабақ аяқталғаннан кейін оқушыларды отансүйгіштікке, бейбітшілікке, достыққа тәрбиелеуге, қуғын-сүргін және аштық құрбандарын құрметтеуге арналған сынып сағаттары өтеді. Сонымен қатар оқу жылының қорытындысын шығару және жазғы демалысқа дайындық мәселелері талқыланады.
Облыста биыл 109 түлек «Алтын белгі» марапатына, ал «Үздік аттестатқа» 11-сыныпты бітіретін 200 оқушы және 9-сыныпты тәмамдайтын 379 оқушы үміткер болып отыр. Емтиханды мектептердің мемлекеттік комиссиялары, ал «Алтын белгіге» үміткерлердің жұмыстарын облыстың жетекші педагогтері, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдерінен тұратын облыстық бірыңғай комиссия тексереді.
Емтихандардан кейін 9-сынып бітірген түлектер мектепте оқуын жалғастыруына болады, ол үшін 15 тамызға дейін 10-сыныпқа оқуға түсу туралы мектепке өтініш беруі керек немесе аттестаттың орташа балы негізінде емтихансыз колледждерге түсуіне болады. Білім туралы құжаттарды табыстау 20-22 маусым аралығында өздері оқыған мектепте өтеді.
Н.Жәшібеков ұлттық бірыңғай тестілеу тек жоғары оқу орындарына түсу тетігі екенін атап өтті. 2021 жылдан бастап ҰБТ барлық қатысушы үшін тестілеудің әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін компьютерлік форматта өтіп келеді. Биыл ҰБТ-ға қатысатындарға бір компьютер беріліп, оларды екі камера бақылайды. Былтыр бір камера болған. Биыл талапкерді бақылау үшін тағы бір камера қосылды. Тестілеу жүйесіне әрбір шығу және кіру кезінде оқуға түсушілер компьютерде орнатылған алдыңғы камералар арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік нысанын авторизациялаудан өтеді. Бұл бөгде адамдардың қатысуын болдырмауға мүмкіндік береді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға (көру, есту, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған) тестілеуде қосымша 40 минут беріледі. Ал шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлерді тестілеу былтырғымен салыстырғанда, 5 минутқа ұзартылып, барлығы 70 минутқа жеткізілді. ҰБТ-ға қатысуға облыста 2 396 түлек немесе түлектердің 71,6 пайызы (2022 жылы 73,4 пайыз) өтініш берген. Түлектер тестілеуді екі рет тапсыра алады және ең жақсы нәтиже бойынша гранттар конкурсына қатысады. Былтыр ҰБТ бойынша Солтүстік Қазақстан облысы орташа есеппен 74,96 ұпай алған болатын, ал республикалық орташа көрсеткіш 67,12 ұпайды құрады.
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгерген жоқ, бұрынғыша бес пән. Оның үшеуі – міндетті, екеуі – бейінді. Оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық бойынша 15, «Қазақстан тарихы» бойынша 20 және бейіндік пәндер бойынша 35 тапсырма беріледі. Барлық 120 тапсырмадан ҰБТ қатысушылары ең көп дегенде 140 ұпай жинай алады. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Тестілеу күніне екі рет өткізіледі. Алғашқысы 9.00-ден 13.00-ге дейін, екіншісі 14.30-дан 18.30-ға дейін.
ҰБТ нәтижесі тестілеу аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді. Өткен жылдың мамыр айынан бастап алынған ұпайлардан басқа, талапкерге қателік жіберген тақырыптары көрсетіледі. Бұл бірінші әрекеттен кейін екінші тестілеуге дайындық кезінде қиын тақырыптарды шешуге мүмкіндік береді. Егер тест тапсырушы ҰБТ нәтижелерімен келіспесе, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден республикалық апелляциялық комиссияға электронды форматта өтініш беруге мүмкіндігі бар.
Петропавл қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы облыстық орталығы және Ғ.Мүсірепов ауданының Новоишимка ауылында орналасқан екі тестілеу орталығы ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Әр пунктте ҰБТ-ны үйлестіру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған. Осы күнге дейін ҰБТ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өткізуге тартылған мемлекеттік органдарға тиісті хаттар жолданыпты. Сондай-ақ тестілеу өткізілетін орындарда ҰБТ-ның барлық кезеңіне – 19 мамырдан 5 шілдеге дейінгі кезеңіне медицина қызметкерлерінің, психологтердің, құқық қорғау органдары өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Қоғамдық тәртіпті бақылау да қамтамасыз етілген.
Нәзір Жәшібеков оқушылардың жазғы демалысы мен сауығуын ұйымдастыру мәселесі туралы да айтып өтті. Биыл оқушылар үшін 51 мыңнан артық баланы қамтитын 265 мектеп жанында және 339 бейінді алаң, 179 шатырлы және киіз үй лагері жұмыс істейді. Тұрғылықты жер бойынша 50 мыңға жуық баланы қамтитын 83 қосымша білім беру ұйымы және 25 аула клубы дайындалған. Оқушылар сарайының базасында жазғы академия (2 мың бала) жұмыс істейді. Дәстүр бойынша 6 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 мың балаға тегін жолдама беріледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 92,4 млн теңге бөлінген. Жолдаманың орташа құны – 35-65 мың теңге.
Солтүстік Қазақстан облысы