• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Мамыр, 2023

Бірінші кезекте – жолаушылар мүддесі

258 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылы отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 17%-ға өсіп, 11 млн адамды құрағанын хабарлады. Оң үрдіс биыл да жалғасын тауып жатыр. Сонымен бірге, әуе транзиті де қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2022 жылы 410 мың рейс­ке қызмет көрсетілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90%-ға жоғары.

Бүгінде республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық әуе тасымал­дары қамтамасыз етіледі. Биыл тағы 9 бағыт қосылмақ: Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Жидда, Маскат, Прага және Тель-Авив. 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Син­гапур, Нью-Йорк және басқа да қа­лалар­ға әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің халық­аралық стандарттарына сәйкестік дең­гейі 82%-ды құрайды. Бұл – ТМД ел­дері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Рес­пуб­лика Еуропалық Одақтың Дания, Поль­ша сияқты елдерімен бір деңгейде тұр.

2023 жылы Шымкент, Алматы, Қызылорда және Қостанай әуежайларын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес Павлодар әуежайы­­­ның ұшу-қону жолағын, Балқаш әуе­­жайының перронын қайта жаңарту мәселесі пысықталып жатыр.

Саланы одан әрі дамыту жоспарында ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, әуежайлардың барлық терминалдарын ре­конс­трукциялау, Шымкент және Ал­маты әуежайларында жаңа терминалдар құрылысын аяқтау қамтылған.

Тәуелсіздік жылдарында барлығы 22 әуежайдың ұшу-қону жолағы реконс­трукцияланды және салынды, сондай-ақ 16 әуежайда жолаушылар терминалдары салынып, қайта жаңартылды.

Өткен жылы 5 жоба іске асырылды, атап айтқанда Орал және Қоста­най әуежайларындағы терминалдар, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежай­ларының ұшу-қону жолақтары реконс­т­рук­цияланды. Биыл Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларында 4 жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуе­жайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ отырыста Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду мен авиация нарығының ірі қатысушыларының жетекшілері: «Air Astana» компаниясы­ның президенті Питер Фостер және «SCAT» әуекомпаниясының прези­денті Владимир Денисов баяндама жасады.

Жиынды қорытындылаған Премьер-министр пандемиядан кейін еліміздің азаматтық авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, жолаушылар саны артып, бұрынғы рейстер қалпына келе баста­ғанын, жаңа бағыттар ашылып жатқанын айтты.

Халықаралық бағыттарды кеңейту басқа елдермен сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте Үкімет басшысы авиация саласындағы күрмеуі шешіл­меген бірқатар проблеманы атап өтті.

«Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айнала­сын­дағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылып жатыр. Яғни халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Үкіметте авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесі бір­неше рет талқыланған, себебі отандық жанармайдың жеткілікті қоры Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық әуе компанияларын тартудың негізгі факторларының бірі.

Сондай-ақ Премьер-министр отан­дық компанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескерту­лер айты­латынын да жеткізді. Мәсе­лен, рейс­тердің кешігуі немесе мүл­дем орындал­май қалуына байланысты шағымдар көп.

«Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуға тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы әуе компаниясының жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, компанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды», деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, осыдан барып баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, әуе компанияларының табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.

«Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуға тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов уәкілетті мемле­кет­тік органдарға әуежай инфра­құры­лымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учас­келерін алып қою жұмыстарын жүр­гізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Үкімет басшысы сөзін қорытындылай келе, халықаралық жолаушылар және жүк әуе компанияларын тарту үшін ынта­лан­дыру шараларын әзірлеу, дина­ми­­калық баға белгілеуді қолдану мәсе­лесін пысықтау қажет екенін, бұл жоғары сұранысты тек кіріс көзіне айналдыру мүмкіндігін шектеу үшін керекті­гін айтып өтті. Сондай-ақ «Әуе кеңіс­тігін пайдалану туралы» заңнан отын алы­мын қолдануды алып тастауды жедел­дету қажеттігін мәлімдеді.

Үкімет отырысында адамның иммун тапшылығы вирусына (АИТВ) қатыс­ты қазіргі ахуал қаралып, тиісті меди­циналық көмек көрсету шаралары талқы­ланды. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуын­ша, АИТВ тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Мәселен, соңғы 10 жылда республикада сырқаттанушылық 2 есе өсті, бұл ретте ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді.

«2022 жылдың қорытындысы бо­йын­ша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558  адам тұрады. 2022 жылы 3 877 жаңа жағдай тіркелді (100 мың тұр­ғын­ға шаққандағы көрсеткіш 20,3 құрады), бұл ретте еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп анықталды. Дертке шалдыққандардың 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Бұл ретте жыныстық жолмен берілу басым болып, 75%-ды құрап отыр, содан кейін инъекциялық жолмен берілу – 20%-ды құрайды», деді министр аталған мәселе жөнінде.

Вирус жұқтырған адамдарға медици­налық көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінен бастап және АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша 20 орталық көрсетеді. Сонымен қатар тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі іс-шаралар жүргізілуде: тестілеу мен емдеудің инновациялық әдістері көзделген, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік препараттардың тізімі 12-ден 16-ға дейін кеңейтілді, ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 12 профилактикалық бағдар­лама енгізілді, ақпараттық-білім беру жұмысы кеңейтілуде.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Қазақстанда АИТВ инфекция­сы тұрақты сатыда – 0,3%, бұл орайда әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Бүгінде АИТВ-ға қарсы іс-қимылдың 2023-2026 жылдарға арналған жол кар­тасы бекітілді, ол аурудың алдын алу, диагностикалау және емдеу, сала­лық үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру және тағы басқалар жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов адамның иммун тапшылығы вирусы жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды проблемаларының бірі екенін атап өтті. Осы орайда әлем елдерінде бұл вирустың таралу қарқыны әлі азаймай отыр.

«Қауіпті індетті жұқтырғандардың қатары Қазақстанда да артып келеді. Яғни соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өскен. Өткен жылы инфекция жұқтырудың 4 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Қазір біздің елімізде осы инфекциямен ауыратын 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы адамдар», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы әзірге ғалымдар бұл вирусты жеңуге дәрменсіз екенін айтып өтті. Ол бүкіл адамзат баласына төнген аса қауіпті дертке айналып отыр.

«Вирустың алдын алу шараларын қолдану, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Нау­қастарды халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы емдеумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар вирусты тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылы елімізде иммун тапшылығы вирусымен ауыратын науқастарға арналған әлеуметтік жобаларға небәрі 7 үкіметтік емес ұйым тартылды.

«Бұл өте аз. Вирус жұқтырған және тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеуге үкіметтік емес ұйымдар­ды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту керек. Аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. Соңғы уақытта мұндай жұмыс, өкінішке орай, нашарлап кетті. Адамдардың көпшілігі сақтық шараларына салғырт қарауда», деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының сөзінше, қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Осы орайда Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медици­налық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасалуы қажет», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.