Осы жылдың 5 маусымында «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдаудың үшінші легі басталады. Өтінімдер 7 шілдеге дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Жылдың соңына дейін өтінім қабылдаудың тағы бір легі 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында өтетін болады.
Биыл «Болашақ» бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентураға, 50 стипендия докторантураға, 110 стипендия тағылымдама бағдарламалары бойынша үлестірілген. Басым мамандықтар тізімінде 262 мамандық бар.
– Осы жылы «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтін болады. Сондай-ақ еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады, – деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.
Осы жылдың тағы бір жаңалығы – «Болашақ» бағдарламасының конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Енді кандидаттар өтінім берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мәселен, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі кемінде 9.0-дан 6.0 IELTS, PBT 677-ден 498, IBT 120-дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер – IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуға тиіс.
Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілген. Сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Аталған өзгертулердің нәтижесінде жергілікті дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады.