Атырауда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтті. Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған байқауға еліміздің әр өңіріндегі тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысты.
Үш кезеңнен тұратын байқауға А.Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры, ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлан Еркінбай төрағалық етті. Ал қазылар алқасы білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған.
– Жыл сайын өтетін бұл байқаудың басты мақсаты – ұлт ұстазының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы тілді меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін насихаттау. Сондай-ақ оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ересектерге қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу, – деді Ұлан Еркінбай.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Бұдан соң отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің сөйлеудің 4 дағдысын үйретуге ұсынған тиімді әдіс-тәсілдері мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар берілді. Қатысушылар ұяшықта жасырылған қос сұраққа жауап берді. Үшінші бөлімде үміткерлер өзге этнос өкілдерінен құралған топқа оқу, жазу, тыңдау және айту түрлеріне байланысты тапсырма беріп, 20 минуттық дәріс өткізді.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі мен 500 мың теңгеге Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова лайық деп танылды. Бірінші орынның 350 мың теңгелік жүлдесін Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Жанар Елесбаева иеленді. Екінші орын мен 250 мың теңге жүлдені Ақтөбе облысындағы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ақмарал Нұржанова мен Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева жеңіп алды. Үшінші орынның 200 мың теңгелік жүлдесіне Жамбыл облысы Қордай аудандық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Алтынай Әшімхан, Қостанай облыстық «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Гүлмира Кірікпенова, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Айман Жақанова лайық деп танылды. Сондай-ақ бірнеше қатысушыға ынталандыру сыйлығы мен 70 мың теңге берілді.
Атырау облысы