Отандық «ApartX» стартапына «Big Sky Capital» және «Activat-VC» венчурлық қорынан 250 мың доллар инвестиция тартылды. Бұл инвестициялар стартаптың мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймайды, сондай-ақ нарықтағы орнын нығайтып, жылжымайтын мүлікті жалға беру өндірісіндегі мәселелерді еңсеруге жол ашады.
«Big Sky Capital» және «Activat-VC» болашағы зор технологиялық стартаптарды инвестициялауға маманданған ауқымды венчурлық қорлардың қатарында. Олар «ApartX»-тің әлеуетін байқап, оның жылжымайтын мүлікті жалға беру нарығында жаңа тәсілі мен зор трансформациялық күшін мойындады. Сонымен қатар «ApartX»-тің меншік иелері мен жалға алушылардың жағдайын жақсартып, жеңілдету міндетін толық қолдайды.
«Біз «ApartX» стартапының негізін қалаушы Қанат Келдібековтің жұмысын көптен бері мұқият қадағалап келеміз. Осы уақыт аралығында оның бойынан ғана емес, бірегей жобасының құрылымынан да болашақта керегі мол дүниелерді көрдік. Біз «ApartX» жобасы мен оның инновациялық тәсілінің әлеуетіне, өз миссиясын сәтті жүзеге асыра алатынына толық сенеміз. «ApartX» жылжымайтын мүлікті жалға беру саласындағы жетекші орынға ие болып, жаңа стандарттар мен инновацияларды ұсынуға дайын. Олар ұсынатын «SaaS» шешімінің ауқымын өзге нарықта қолдануға болады», деді «Big Sky Capital» қорының басқарушы серіктесі Әділ Нұрғожин.
«ApartX» стартапына тартылған қаржы келесідей нәтижелерге қол жеткізуге жұмсалады. Бірінші – технологиялық даму. «ApartX» өз платформасын одан әрі жетілдіруге күш салады. Инвестициялардың нәтижесінде стартап ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды күшейтіп, білікті мамандарды тартып, платформаның функционалдығын жақсартады. Екінші – ауқымын арттырып, нарықты кеңейту. «ApartX» жаңа аймақтарға еніп, нарықтағы үлесін көбейтуді жоспарлап отыр. «Big Sky Capital» қорының инвестициялары стартапқа нарықтағы қатысуын арттырып, осы саладағы негізгі ойыншылармен стратегиялық серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Малайзия, Индонезия, Сингапур, Вьетнам және Тайланд елдерінің нарығына шығу жоспарланып отыр.
«Big Sky Capital» компаниясының қомақты инвестициясының қолдауымен жылжымайтын мүлікті жалға алудың қарапайым әрі қауіпсіз үдерісі арқылы адамдар өмірін жақсартуды жалғастырамыз. Осы ретте Әділ Нұрғожин мен Жан Қарсыбаев секілді серіктестеріме ризашылығымды білдіремін. Қор мен оның құрылтайшылары инновациялық жобаларды қолдап, олардың табысқа жетуіне көмектесуде бай тәжірибеге ие. Бұл инвестиция біздің әлеуетімізді күшейтіп, өнімді жақсарту мен командамызды нығайтуға жәрдемдеседі. «Big Sky Capital»-мен бірлесе атқаратын жұмысымыз жаңа биіктерді бағындыруға және жалға берілетін жылжымайтын мүлік ландшафын өзгертуге жол ашады», дейді «ApartX» стартапының негізін қалаушы Қанат Келдібеков.
«ApartX» – жалға берілетін мүлікті қашықтан басқаруға арналған платформа және мобильді қосымша. Инновациялық стартап меншік иелері мен жалға алушылар үшін «SaaS» шешімін ұсынады. «ApartX» жалға алушылар мен меншік иелерін байланыстырып, жылжымайтын мүлікті жалға алудың инновациялық шешімін көрсетеді. Оның мүлікті жалға берудегі бірегей тәсілі қазірдің өзінде көпшіліктің назарын аударып, пайдаланушылардың оң бағасына ие болды.