Жасыл желегі мол, көрікті Көкше өңірінде көктем шыққалы өрт жиілеп, табиғат жанашырларының көңілі күпті болып тұр. Жадырап жаз келгелі 16 мәрте орман өрті, 31 рет қау шөп, алпысқа жуық қоқыс өрті тіркеліпті. Сараптап қарасаңыз, өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, тілсіз жаудың дерегі 23 пайызға өскен.
Тілсіз жаудың тұтқиылдан ел апшысын қуырған оқыс оқиғасы көбеюмен қатар, өрт шалған аумақ көлемі де екі есеге жуық ұлғайыпты. Бар жайды ақыл таразысына салып сараптасаңыз, тәмам елді сарсаңға салып, тамаша табиғатқа зор залал келтірген өрт атаулының ішінде басым көпшілігі дала өрттері екен. Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері соңғы тәуліктерде әр күн сайын 20-30 рет қызыл жалынның тілі сумаңдаған оқиға орындарына барып, өрт сөндіріп жүр. Өрттің алдын алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанымен, Көкше ормандарының үстінде қою түтін сейілмей тұр.
Табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің басым көпшілігі өрт сөндіру техникасымен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмегендіктен, тілсіз жаумен күресу әлбетте оңайға соқпайды. Өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінде өрт сөндіруге қажетті техникалар, мотопомпалар, радиостансалар жетіспейді. Мәселенің мәнісін зерделеген облыстық әкімдік таяу арада олқылықтың орнын толтырмақ.
Шынында да, орны толмас зиян шектіретін өрттің алдын алу керек-ақ. Өңірдегі орман қорының аумағы шамамен бір миллион гектарға жуық. Күн күрт ысып, өрт қаупі жоғары маусым басталғалы он мың гектардан астам алқапта қау шөпті жою жұмыстары жүргізіліпті. Тиісінше орман өртінің алдын алу шарасы да ойластырылған. Әйтсе де ерте көктемде өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары алқап басындағы қыстан қалған ескі сабанды жағу салдарынан әлденеше мәрте өрт шығып, әбігерге түсірді.
«Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін көктемгі дала жұмысы басталар алдында ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына мән-жайды ұғындырдық, – дейді Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Қайрат Базарбаев. – Егістік алқаптардағы ескі сабан мен даладағы қау шөпті өртеу кезінде жұмысқа жауапты адамдар тағайындалуы керек. Су толтырылған көлік пен қажетті техника, соқалы трактор, өзге де құрал-жабдықтар болуы шарт. Жұмыс аумағы 25 гектардан аспайтын телімдерге бөлінуге тиісті. Қалдықтарды өртейтін телімдер мен жасыл аймақтың арасы ауқымы 8 метр жыртылуы қажет. Жұмыс басталған кезде желдің екпіні де есепке алынады. Жалынның тез таралуын болдырмау үшін қалдықтарды өртеу ық жағынан басталуы керек. Жұмыс біткен соң бықсып жатқан жерлерді анықтап, әбден жанып біткенше үш сағаттай күзет қойылуы шарт.
Осындай нұсқаулықты кейбіреулер қаперіне ілмей, бейберекет жұмыс істегеннен кейін дала өрті өршіп тұр. Сараптап қарасаңыз, оқыс оқиғалар өңірдің Зеренді, Бурабай, Ерейментау аудандарында жиі орын алатындығын аңғаруға болады. Негізгі себеп, саяжай қауымдастықтары мен кооперативтердің көбінде қауіпсіздік шаралары талапқа сай емес. Ал бұл аймақтың көп жері сыңсыған орман екендігін ескерсек, ел байлығына қауіп төніп тұр емес пе? Мәселен, Ақкөл ауданына қарасты Шілікбай орманшылығының аумағында қалдықтарды өртеу жұмыстарына бақылау қойылғанымен, орман өрті орын алған. Оқыс оқиға орын алған кезде өрттің аумағы 1,9 гектар жерді жалмап кетті». Сөз арасында Ақкөл, Бурабай аудандарында – 3, Зеренді ауданында 6 бірдей өрт оқиғасы орын алғандығын, табиғатқа айтарлықтай залал келтірген тұлғаларға айыппұл салынғандығын айта кетуіміз керек.
«Мемлекеттік орман күзетінің штаты шамамен 500 адамды құрайды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров. – Өрт қаупі көп кезең басталар алдында орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығын тексердік. Қазіргі күні 130 тонна жанар-жағармай қоры бар. Ал материалдық-техникалық база жетілдіруді қажет етеді. 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен 290 миллион теңге қаражат бөлініп, 23 техника сатылып алынса, 2022 жылы 300 миллион теңгеге 22 техника алынды».
Басқарма ағымдағы жылы қажетті жабдықтар мен қосымша техника сатып алуға бюджеттік өтінім жіберіпті. Патрульдік кешеннің құны 18 миллион теңге көлемінде екен. Қазір мұндай 13 көлік бар. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, бұл жеткіліксіз. Әлі де 5-6 өрт сөндіру машинасы қажет. Барлық уәкілетті органдарға минералды жолақтарды жаңарту, су қорын молайту туралы тапсырма берілген. Өртке қарсы күресетін еріктілер құрылымдарын құру тарапындағы жұмысты жалғастыра түсу қажет.
Қауіп төндіретін тағы бір тұс – заңдастырылмаған қоқыс алаңдарының көптігі. Шалғайдағы шағын ауылдардың етегінде бейберекет шашылып жатқан қоқысқа қазір ешкім таңғалмайтын болды. Ауылды айтасыз, қалалық жерлерде де заңсыз қоқыс полигондары жетерлік. Арагідік өрт шалып, жалыны аспанға шапшитын қауіпті жердің бірі осы. Өткен жылы облыс орталығының іргесіндегі Краснояр кентінің маңындағы қоқыс полигоны өртенді. Қою түтін айлап, апталап облыс орталығы тұрғындарының қолқасын қауып жатты. Қадағалайтын иесі болмағандықтан, тез тұтанатын заттар күн көзінде көңірсіп жатқандықтан, тұтануы оп-оңай. Даладағы қау шөптің өрті сыңсыған орманға қауіп төндірсе, қоқыстың өрті ауаны ластап жатыр. Демек елді елеңдеткен мәселе түбегейлі шешілуі үшін бұл тараптағы шаруаны бір жайлы ету қажет тәрізді.
Өткен жылы Бурабай тауының биігін өрт шалды. Табиғаттың тамаша сыйының сымбатына мін келтіретін мұндай оқиғалар кейінгі кездері курортты өлкеде жиі тіркеліп жүр. Ал бір ғана өрт орны толмас зардап әкелетіндігін тұрғындар да, меймандар да ескере бермейді.
«Өрттің алдын алу үшін ең алдымен адамдардың санасындағы табиғатқа деген жанашырлық сезімді ояту керек, – дейді ел ағасы Серік Сақтағанов. – Қарғаның миы қайнайтын ыстықта қау шөптің ішінде жатқан бармақ басындай әйнектің өзі өртке себеп болуы мүмкін. Екінші бір жайт, көлік ішінде темекі тартқан адамдар шоғын сөндірмей, жол жиегіне лақтыра салады. Қурап тұрған шөпке шоқ түскен соң өртке ұласпай ма? Орман ішінде демалып жүріп кәуап пісіретіндер де, ас дайындайтындар да аз емес. Бәлкім, орманды алқаптардың етегіне үлкен етіп от жағуға тыйым салынатындығын ескертетін белгілер қою керек шығар. Ең басты белгі әркімнің туған жер, өскен еліне деген сүйіспеншілігі болуға тиісті. Ересектермен бірге мектеп оқушыларын да табиғатты сүюге, құрметтей білуге, қорғауға үйрету керек.
Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген жазиралы алқапта күн ысыған сайын айтып келетін өрт оқиғасы көбейіп тұр. Ел байлығы жасыл орманның әдемі дидарына залал келтірмеу – ең алдымен адамдардың парызы.
Ақмола облысы