Ақшаны депозитте сақтау – ең тиімді жол. Әрі қазір базалық пайыздық мөлшерлеме 16,75 пайыз (яғни қымбат) деңгейінде тұр, демек депозиттің де өсімі тәп-тәуір болады деген сөз. Бір айда отандық екінші деңгейлі банктердегі депозит көлемі 3,1 пайызға, бір жылда 21,9 пайызға өсіп, биыл сәуірдің басында 31,3 трлн теңгеге жеткен.
Ай сайынғы өсім бойынша сектордағы ең ірі он банктің ішінде «Еуразиялық банк» көшбасшы: көрсеткіш бірден 9 пайызға ұлғайып, 1,8 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде банк өзінің депозиттік портфелін 72,5 пайызға көбейтті, бұл екінші деңгейлі банктер арасындағы ең күшті көрсеткіштердің бірі.
«Айта кету керек, «Еуразиялық банк» жеке секторда да, корпоративтік сегментте де депозиттерін арттырды. Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 12,9 пайызға, (ЕДБ үздік ондығындағы үздік нәтиже) 911,2 млрд теңгеге дейін өсті. Бір жылда көрсеткіш 88,6 пайызға өсті. Бизнес депозиттері бір айда 5,4 пайызға, (бір жылда 59,3%) 933 млрд теңгеге дейін көбейді. Осылайша, кәсіпкерлер де, тұрғындар да жинақтарын банкке сеніп тапсыруға дайын. Сонымен қатар банктің тұрақтылығы тек Қазақстанда ғана емес, Forbes.ru сарапшылары тарапынан да айтылды. «Еуразиялық банк» 2023 жылы көршілес елдердегі ең сенімді 50 банктің қатарына енді», деп дерек келтіреді Ranking.
Депозиттердің ай сайынғы өсімі бойынша екінші орында – Bereke Bank (бұрынғы «Сбербанк Қазақстан»): 6,9 пайызға көбейіп, 1 трлн теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың қаржы институтындағы депозиттері наурызда 6,3 пайызға, 235,9 млрд теңгеге дейін, заңды тұлғалардың депозиттері 7,1 пайызға, 782,4 млрд теңгеге дейін өсіпті.
Санкциялық қысымнан шыққан банк барлық сегменттегі позициясын белсенді түрде қалпына келтіріп, валюталық операцияларды орындап жатыр. Еске салайық, биыл наурыз айында АҚШ Bereke Bank-ті санкциялық тізімнен шығарған болатын. Санкцияларды алып тастауға акционердің және банк атауының өзгеруі ықпал етті.
Үшінші орында – Kaspi bank: 6,4 пайызға көбейіп, 4,4 трлн теңгеге жетті (жылдық өсім – 55,1 пайыз). Бұл банк негізінен бөлшек нарықтағы банк, халықтың депозиттері қаржы институтының депозиттік портфелінің бірден 87 пайызын еншілейді. Жеке тұлғалардың депозиті бір айда 3,8 пайызға өсіп, 3,8 трлн теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың депозиттік портфелінің жылдық өсімі 53,5 пайызға жеткен.
«Жалпы, сектор бойынша ай сайынғы динамика бойынша депозиттер көлемінің өсімін 21 екінші деңгейлі банктің 16-сы, ал алғашқы ондықтағы 9 банк көрсетті. Жеке тұлғалардың банк секторындағы депозиттері бір айда 2,6 пайызға өсіп, 17,2 трлн теңгені құрады, ал заңды тұлғалардың депозиттері, керісінше, 3,3 пайызға азайып, 14,2 трлн теңге болды», дейді сарапшылар.
ЕДБ жиынтық депозиттік портфеліндегі жеке тұлғалардың депозиттерінің үлесі бір жыл бұрынғы – 51 пайыз, бес жыл бұрынғы – 49,2 пайыз және он жыл бұрынғы 37,8 пайызбен салыстырғанда рекордтық 54,7 пайыз межесіне жетті.